Жақсылықты жадында сақтай білген елдің рухы қашанда биік. Бұл туралы бүгін ҚР Парламенті палаталарының бірлескен отырысында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Бұл Наурыз айының еліміздің Тәуелсіздік күнтізбесінде ерекше орны бар екенін білеміз. Көктемнің алғашқы күнінде біз Алғыс айту күнін атап өтеміз. Сонымен бірге Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылған күні. Ұлыстың ұлы күні - Наурыз мейрамы шуақты көктем айының еншісінде. Қымбатты әйелдеріміздің де мерекесін наурыз айында атап өтеміз. Осы ізгі оқиғалардың бәрі Қазақстан халқын біріктіре түседі. Рухани жаңғыру бағдарламасы да осыған бағытталған. Біз елдің бірлігі мен мемлекеттің сындарлы саясатының арқасында барлық сынықтардан сіздермен бірге өтіп келе жатырмыз. Ел иесі қазақ халқының маңында ұйысқан барша этностар мұны жоғары бағалайды. Өздеріңіз білесіздер бүгінде Алматы, Батыс Қазақстан, Жамбыл және Оңтүстік Қазақстан облыстарында «Қазақ еліне мың алғыс» атты монументтер бой көтерді. Осынау ізгі бастамалар халқымыздың кең пейілі мен дарқан көңілін көрсетеді», - деді Елбасы.
ҚР Президентінің айтуынша, жақсылықты жадында сақтай білген елдің рухы қашанда биік болады.
«Бұл айтуға оңай сияқты көрінеді. Ал бұл біздің буын басынан кешкен оқиға. Тауар вагондарымен лек-легімен Солтүстік Кавказдан, Шығыстан, Волгадан алып келген босқындарды айдалаға тастап, әр үйге бала-шағаларымен тықпалап, біз қабылдағанбыз. Соның бірі менің әкемнің отбасы болатын. Сондықтан осылай өздері келген жұрт, этностар көңілін бөліп, ризашылығын білдіріп жатқаны қазіргі ұрпаққа ата-аналарының берген өсиеті деп санаймын. Ол үшін баршаларына рақмет айтқанымыз жөн», - деді Нұрсұлтан Назарбаев.