Мемлекет басшысы Мысыр Араб Республикасының Президенті Әбдел Фаттах Ас-Сисиге көңіл айту жеделхатын жолдады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Қазақстан Президенті Бир әл-Абд қаласының мешітіндегі террорлық акт салдарынан көптеген адамның қаза болып, зардап шеккені туралы хабарды зор күйзеліспен қабылдады.
«Қазақстан халқы және жеке өзімнің атымнан Сізге, сондай-ақ қаза болғандардың отбасылары мен жақындарына көңіл айтып, орны толмас қайғыға ортақтастығымды білдіремін. Қайғылы оқиға кезінде зардап шеккендердің тезірек сауығып кетуіне тілектеспін.
Біз бейбітшілік пен қауіпсіздікке қарсы бағытталған экстремизм мен халықаралық терроризмнің кез келген түрін қатаң айыптаймыз.
Елдеріміздің бейбіт өмірі мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін қазіргі заманғы қауіп-қатерлерге қарсы күресте Қазақстан Мысырмен ынтымақтастықты жалғастыруға әрқашан дайын», - делінген жеделхатта.