Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Семейдегі "Абай арена" стадионын "Елбасы арена" деп атауға қарсы.
Бұл туралы Елбасының баспасөз хатшысы Айдос Үкібай хабарлады.
"Әлеуметтік желілер мен БАҚ-та ШҚО белсенділерінің "Абай арена" стадионының атауын өзгерту туралы ұсынысы талқылануда. Елбасы әрдайым өзіне қатысты мұндай "құрмет-қошеметке" қарсы. Нұрсұлтан Назарбаевтың пікірінше, стадион қазақтың ұлы ақыны әрі философының атында қалуға тиіс", - деп жазды Үкібай Twitter-де.
Бұған дейін Семейдегі мәдени-спорт кешеніне Қазақстанның тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың есімі берілуі мүмкін екені хабарланды.
Белсенділер мәдени-спорт кешенін ел тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай және тәуелсіз Қазақстанның қалыптасуындағы Назарбаевтың рөлін ескеріп, "Елбасы Арена" деп атауды ұсынған.
Сондай-ақ, Қарағайлы жаңа тұрғын ауданындағы көшеге Нұрсұлтан Назарбаев есімін беру туралы сөз болды.
Мәселе қалалық мәслихат комиссиясында қаралды. Оған онлайн және офлайн форматта 10 мыңнан астам адам қатысты. Нәтижесінде депутаттар бірауыздан дауыс беріп, бұл мәселені қалалық мәслихат сессиясында талқылауды ұсынды.