Семейдің зиялы қауым өкілдері Қарағайлы ықшам ауданындағы атаусыз көшеге Нұрсұлтан Назарбаевтың есімін беру және осындағы мәдени-спорт кешенін «Елбасы Арена» деп атауды ұсынды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Семей қалалық мәслихатында зиялы қауым өкілдері, атақты спортшылар, еңбек сіңірген қайраткерлер, ардагерлер, ҮЕҰ, БАҚ өкілдері, еріктілер қозғалысының белсенділері, жастар мен ірі кәсіпорындар жетекшілерінен құралған бастамашыл топтың хаты қаралды. Ол хатта Қарағайлы ықшам ауданындағы атаусыз көшеге Нұрсұлтан Назарбаевтың есімін беру және осындағы мәдени-спорт кешенін «Елбасы Арена» деп атау ұсынылған.
Аталмыш бастама "Елбасының мемлекетті қалыптастырудағы айрықша рөліне және ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай" көтеріліп отыр. Мәселе қалалық мәслихаттың тұрақты комиссиясының қарауына шығарылып, оған 10 мыңнан астам адам онлайн форматта қатысты.
Қатысушылар пікірлерін назарға ала отырып, депутаттар осы мәселені қалалық мәслихат сессиясына шығаруды ұсынды.
Бұған дейін БАҚ беттерінде бұл бастаманы балуан әрі қалалық мәслихат депутаты Айбек Нұғымаров көтергені айтылған еді. Ол басылымдарға берген сұхбатында "хатқа қаладағы барлық белсенді қол қойды" деді.
«Абай-Арена» спорт кешеніне Назарбаев есімін беру туралы ұсыныс БАҚ пен желіде қызу талқыға түсуде. Көпшілік бұл ұсынысқа өз наразылықтарын білдіріп жатыр. Жұрт ішінде "жағымпаздық пен бассыздықтың шеті мен шегі жоқ па?" дейтіндер де бар.
Ал бүгін Нұрсұлтан Назарбаевтың баспасөз хатшысы Айдос Үкібай Тwitter-де: «Әлеуметтік желілер мен БАҚ-та ШҚО белсенділерінің «Абай арена» стадионының атауын өзгерту туралы ұсынысы талқылануда. Елбасы әрдайым өзіне қатысты мұндай «құрмет-қошеметке» қарсы. Н.Назарбаевтың пікірінше, стадион қазақтың ұлы ақыны әрі философының атында қалуға тиіс», - деп жазды.
БАҚ: «Дей тұрғанмен, Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі қызметтік карьерасының алғашқы жылдары жеке тұлғаны ерекше ұлықтау дейтін алашапқын, белсенділікті сынайтын», - деп жазады.
Мысалы, 2017 жылы Президенттің БАҚ өкілдерімен кездесуі барысында журналист Гүлнәр Бажкенова: «Соңғы уақытта сіздің құрметіңізге өлеңдер жазылып, кино түсіріліп, ескерткіштер қойылып жатыр, депутаттар да түрлі ұсыныстар жолдап жатыр. Конституцияның 91-бабын өзгерту арқылы тұңғыш президенттің мәртебесін бекітіп те қойды. Менің сауалым қарапайым ғана: Сіз бұған қалай қарайсыз? Сізге бұл керек пе? Әлде мұның бәрі соларды жасап жатқан адамдарға қажет пе?», - деп сұраған.
«Бір сөзбен ғана айта аламын: Маған мұндай нәрселер керек емес. Мен бұл туралы үнемі ашық айтып жүрмін», - деген Назарбаев Марк Аврелийдің «Ескерткіш соғу арқылы, келер ұрпақ сені есіне алады деп ойлама», деген сөзін мысал еткен.
«Кезінде Лениннің, Сталиннің ескерткішін шуылдап қолдағандар қазір не болды?.. Сол қолдаған адамдар әлгі тұлғаларды өздері құлатып тастады. Кейін президенттіктен кеткен кезде, мен келер ұрпақтың шешіміне әсер ете алмайтын боламын», - деген.
Қазақстанды отыз жылдай басқарған Назарбаев екі жыл бұрын президенттіктен кеткен. Бірақ ол Қауіпсіздік кеңесінің және биліктегі "Нұр Отан" партиясының төрағасы ретінде билікке ықпалын сақтап қалды.
Айта кетейік, қазірдің өзінде Алматы, Ақтау, Қарағанды, Орал, Өскемен, Шымкент, Қостанай, Көкшетау, Павлодар қалаларында Нұрсұлтан Назарбаев атындағы көшелер бар. Ал Президент Тоқаев ел тізгінін ұстаған сәтте-ақ, ант қабылдап болысымен, Мемлекет астанасына Нұрсұлтан Назарбаевтың есімін беру керек деген ұсыныс айтқан еді. Кейін Астана қаласы едел-жедел Нұр-Сұлтан қаласы болып өзгерген.
Сондай-ақ, елімізде бірнеше нысан бірінші президенттің есімімен аталады. Халықаралық әуежай, саябақтар мен мектептер т.б. Нұрсұлтан Назарбаев көшелері мен ескерткіштері елімізден тыс, шет мемлекеттерде де бар.