09 ақп, 2018 сағат 10:46

Назарбаев салық жинауда блокчейн технологиясын енгізудің маңыздылығын айтты

 

Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев блокчейн технологияларын қолдана отырып, қосылған құн салығын жинау ақпараттық жүйесінің маңыздылығын атап өтті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Астана-1» өте маңызды. Жарты сағат уақытты 5 минутқа дейін қысқарту - бұл ЭДЫҰ-дан (Экономикалық даму және ынтымақтастық ұйымы - авт.) да мықты көрсеткіш. Блокчейн технологиясын нақты осы бағытта қолдану керек. Бақылау айқын болуы тиіс. Салықтың жиналуын 15-тен 25 пайызға жақсарту - бұл Қаржы министрлігі үшін өте маңызды», - деді Елбасы Үкіметтің кеңейтілген отырысында.

Қаржы министрі Бақыт Сұлтановтың атап өтуінше, осы жылдың тамыз айында блокчейн технологияларын қолдана отырып, қосылған құн салығын жинау бағытында жаңа ақпараттық жүйенің прототипін таныстыру көзделіп отыр.

«Биыл тамызда блокчейн технологиясымен жұмыс істейтін салық жинаудың жаңа ақпараттық жүйесінің таныстырылымы өтеді. Бұдан бөлек Дүниежүзілік банк пен ЕАЭО елдерімен бірге тауарлардың құны туралы ақпараттық жүйе дайындалды», - деді министр.

Сұлтанов келтірген ақпаратқа сүйенсек, өткен жылы ЖІӨ-ге қатысты салық түсімінің азаю тренді тоқтатылып, көрсеткіш жақсара түскен.