Нұрсұлтан Назарбаев Қазан қаласындағы қайғылы оқиғаға байланысты көңіл айтты. Бұл туралы elbasy.kz сайты хабарлады.
Қазақстанның Тұңғыш Президенті Татарстан астанасындағы мектепке қарулы шабуыл жасалып, адамдардың қаза табуына байланысты Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путинге көңіл айту жеделхатын жолдады.
«Қазан қаласының №175 мектебінде болған трагедия салдарынан балалар мен ересек адамдардың опат болғаны туралы қайғылы хабарды күйзеліспен қабылдадым.
Қаза тапқандардың туыстары мен жақындарының қайғысына ортақтасып, көңіл айтамын. Зардап шеккендердің тезірек сауығып, отбасыларына оралуына тілектеспін», – делінген жеделхатта.
Айта кетейік, бүгін Қазанда екі адам Джаудат Файзи көшесінде орналасқан №175 мектепте оқ жаудырды. Соңғы деректер бойынша, атыс салдарынан 9 адам қаза тапқан.
Күдіктінің біреуі қолға түсті. Ал екіншісін арнайы операция кезінде атып тастады. Қазіргі кезде қылмыстық іс қозғалды. Қазан қаласында контртеррористік операция режимі енгізілді.
Қайғылы жағдайға байланысты Татарстан Президенті Рустам Минниханов 12 мамырды республикада аза тұту күні деп жариялады.
