24 қар, 2016 сағат 08:05

Назарбаев өзінің ізбасарлары туралы сұраққа жауап берді

"Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев Bloomberg сайтына сұхбат берді. 23 қарашада жарияланған сұхбатта Назарбаев мұрагерлік туралы айтқан", - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

"Билікті табыстау Қазақстан конституциясында жазылған. Барлығы заң негізінде болады. Балаларымды президенттікке мұрагер ретінде қарастырмаймын. Бұл бізге сай емес", - деді Назарбаев өз сұхбатында.

Бұған қоса, ол 2020 жылға дейін жұмыс істеуге күш қуаты мен энергиясы жететінін де баса айтты.

Сонымен қатар, Назарбаев америкалық жаңа көшбасшы - АҚШ-та президент болып сайланған Дональд Трамп туралы туралы да сөз қозғады. "Ол ең негізгі ойды айтты, америкалық құндылықты әлемге тарата берудің қажеті жоқ. Сосын ол әр мемлекетпен жеке жұмыс істеу қажет екенін айтты. Ең күшті демократия, мысалы, Ресей және барлық елдер Батыспен достық қарым-қатынаста болуы керек", - деді Мемлекет басшысы.

Назарбаев Трамптың өндірісті қайта жандандыру және инфрақұрылым инвестициясын көбейту металлдардың бағасына әсерін тигізеді, бұл дегеніміз Қазақстан экономикасына әсерін береді, дейді. "Сондықтан мен жамандыққа жорымаймын, керісінше келесі жылдан бастап болашақта жақсы боларына сенемін".

Онымен қоса, сұхбат барысында Нұрсұлтан Назарбаев еліміздің саяси және әлеуметтік-экономикалық дамуының басты бағыттарына қатысты сауалдарға жауап беріп, ЕАЭО-ға мүше мемлекеттер ынтымақтастығының перспективалары, жаһандық экономиканың, терроризммен күрестің маңызды аспектілері, сондай-ақ шет елдермен өзара іс-қимылды нығайту жөнінде айтты.

Естеріңізге сала кетейік, 23 қараша Астанада парламенттің біріккен жиынында депутаттар Назарбаевтың Қазақстанды дамытуға қосқан үлесін конституцияда көрсетуді, Астана қаласының атауын Назарбаевтың есімімен байланыстыруды ұсынған.

76 жастағы Назарбаев Қазақстанды 1991 жылдан бері басқарып келеді. 2010 жылы қабылданған "ұлт көшбасшысы" заңына сай Қазақстанның бірінші президенті қызметінен кеткеннен кейін қызмет еткен жылдарда жасаған әкімшілік және қылмыстық істері үшін ұсталмайды, қамалмайды, мүлкі тәркіленбейді және жауапқа тартылмайды.