28 сәу, 2018 сағат 18:41

Назарбаев өз денсаулығына қалай қарайтынын айтып берді

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев медицинаның соңғы жаңалықтарын жіті бақылауға кеңес берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Медицинада күн сайын бір жаңалықтар шығып жатады. Әйтпесе, жарнаманы тыңдап көрсең, не жейтініңді білмей қаласың. Бүгін кофені ішуге болады дейді. Ертесінде зиянды деп жазып жатады. Күні кеше мен қызыл етке қатысты бір материал оқыдым. Оны да денсаулыққа пайдасы жоқ деп келді. Ал малдың майы ең пайдалы дейді. Осыны адамның өзі ғана анықтай алады. Сенің денең, ағзаң оны қабылдай ма, жоқ па, өз белгі береді», - деді Н.Назарбаев Қазақстан халқы Ассамблеясының XXVІ сессиясында.

Осы орайда Президент дәрігер мамандарды даярлау жұмысына баса назар аудару қажеттігіне тоқталды. Осы жұмысқа адам өз қалауымен келуі тиіс.

Айта кетейік, Қазақстан халқы Ассамблеясының XXVІ сессиясында ҚР Ұлттық банк төрағасы Данияр Ақышев Президентке «7-20-25» бағдарламасы туралы айтып берді. Мемлекет басшысы аталған бастама аясында арзан ипотеканы алдымен жас отбасыларға беруді ұсынды.  Сондай-ақ, Президент Шымкенттегі тойларды сынға алды.