08 ақп, 2017 сағат 16:56

Назарбаев Қазақстан құрамасын Универсиадада сәтті өнер көрсетуімен құттықтады

Мемлекет басшысы Алматыдағы 28-ші Дүниежүзілік қысқы универсиадада жоғары нәтиже көрсеткен ұлттық құраманың мүшелерін құттықтады, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Ақордаға сілтеме жасап.

«Сіздердің қайсарлықтарыңыздың арқасында Қазақстанның жалпы командалық екінші орынға қол жеткізуі – елдің биік беделінің, бұқаралық спорттың дамығандығының айқын көрсеткіші.

Қазақстанның спорт мектебінің даңқын тағы бір мәрте асқақтатып, жоғары дайындықтарыңызды, жеңіске деген ұмтылыс пен ерік-жігерлеріңізді көрсеттіңіздер.

2017 жылғы универсиада барлық қазақстандықтар үшін нағыз мерекеге айналды.

Спортшыларымыздың жеңісі қысқы спорт түрлерін одан әрі дамытуға серпін беріп, келер ұрпаққа үлгі болуға тиіс.

Универсиаданың ұйымдастыру комитетіне жарысты жоғары деңгейде өткізіп, жауапкершілік танытқаны үшін алғыс айтамын.

Барлық спортшыларға мықты денсаулық және жаңа белестерді бағындыру жолында табыс тілеймін!», – делінген құттықтауда.