11 мам, 2021 сағат 18:20

Назарбаев Қазақ хандығына арналған мемориалдың ашылу рәсіміне қатысты



Түркістан қаласына сапары барысында Нұрсұлтан Назарбаев Қазақ хандығына арналған мемориалдың ашылу рәсіміне қатысты, сондай-ақ «Тұңғыш Президент саябағын» одан әрі абаттандыру жоспарымен танысты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Elbasy.kz сайтына сілтеме жасап.

Мемориалдың ашылу рәсімі аясында Нұрсұлтан Назарбаев «Ұлы Дала бірлігі» капсуласын салды. Капсулаға Қазақстанның барлық өңірлеріндегі киелі жерлердің топырағы жиналған.











Айта кетейік, «Қазақ хандығына арналған мемориалдық кешен» қазақ хандығының негізін қалаушылардың құрметіне тұрғызылған. Кешенде иілген 21 қанатты көруге болады. Бұл Түркістанда жерленген 21 ханды білдіреді. Есім ханнан Әликен ханға дейінгі бабаларымыздың есімдері мен басқарған жылдары да жазылған.

Мемориалдың архитектуралық шешімі – биіктігі 7 метрлік сатылы 21 пилоннан тұратын, диаметрі 35 метрге тең киіз үй бейнелі композиция.

Сәулет кешенінің орталық бөлігіндегі гранит тұғырда хандар ұстайтын асатаяқ пішіндес, биіктігі 12 метрге тең стела орнатылған. Оның түбінде төрт таутеке мүсіні бар. Орталық композицияны ішкі жағынан ұзындығы 28 метрлік «Қазақ хандығының тарихы» барельефі қоршап тұр.



Жобалау құны 1,9 млрд теңге болатын мемориалдық кешеннің жалпы ауданы 0,85 га құрайды. Жаңа нысанның баральефінде қазақ билерінің, қазақ даналарының көркемсөздері қашалған. Шеңбер тәріздес салынған пилондардағы граниттік тақтайшаларға қазақ даласын басқарған 21 ханның есімдерімен қатар олардың билік жүргізген жылдары да жазылған.

«Түркістанның ұлтарақтай жері ат басындай алтынға татиды деген рас екен. Біз қала бұндай жылдам дамиды деп ойламадық. Түркі әлемінің рухани астанасына айналған Түркістанның осыншама жылдам дамуы Елбасының арқасы. Түлеген Түркістанның қазіргі келбеті - Елбасының туындысы. Ел ағылып келіп жатыр. Бұрын ыстықтан күндіз жүре алмайтынбыз. Қазір барлық жерде субұрқақ, саябақ салынды, талдар егілді. Айнала көк майса. Көз тоймас ғимараттар ашылып жатыр. Осының бәрі Елбасының еңбегі. Істеймін деген адамға қазір Түркістанда жұмыс көп. Қасиетті қаламыздың әліде адам танымастай өзгере беретіне сенеміз. Түркістан әлемдегі көптеген халықтардың рухани орталығына айналып отыр. Бұнда келген адамдардың жүзінен мейірім көрінеді. Түркістан жүрекке иман үйіреді. Қала көңілге тыныштық, жайлылық сыйлайды», - дейді Қожа Ахмет Ясауи атындағы Қазақ-Түрік халықаралық университетінің доценті Гүлсара Тоқылова.