Кеше Нұрсұлтан Назарбаев Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбекті қабылдады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Қазақстан Президентінің Алматыдағы резиденциясында өткен кездесу барысында Бауыржан Байбек Мемлекет басшысына қаланың әлеуметтік-экономикалық дамуы жөнінде атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндады.
Нұрсұлтан Назарбаев Алматы республика экономикасында маңызды рөл атқаратынын атап өтіп, қаланы дамыту мәселелерін ұдайы назарда ұстайтынын айтты. "Егер қала халқы 2 миллион адамнан асса, ол экономикалық тұрғыдан өзін өзі толық қамтамасыз ете алады. Қала жаңа мүмкіндіктер туғызып, шағын және орта бизнестің дамуына жол ашады. Мұндай қалалар шикізатсыз-ақ көркейіп, елімізді өркендетуге үлес қосады", – деді Елбасы.
Қазақстан Президенті Алматыны газбен қамту және оның экологиясын жақсарту мәселелеріне назар аударды. "Бізге электр станциялары мен тұрғын үйлерді газбен қамту, қоғамдық және жеке автокөліктерді газға көшіру бағытындағы жұмыстарды жалғастыру қажет. Келешекте біз Алматы мен Астанада тек электромобильмен жүретін жағдайға жетуіміз керек", – деді Мемлекет басшысы.
Алматы қаласының әкімі Елбасыға қаладағы үлкен айналма автомобиль жолы құрылысының басталғанын айтып, оған 1,5 миллиард АҚШ доллары көлемінде инвестиция тартылғанын мәлімдеді. "Бұл жоба іске асырылған кезде қаладағы көлік ағынын күніне 10 пайызға немесе 40-60 мың автомобильге азайтуға мүмкіндік береді. Ол қаланың экологиялық жағдайын жақсартып, Алматының көлік-логистика желісін "Батыс Еуропа – Батыс Қытай" жүйесіне қосатын болады", – деді Бауыржан Байбек.
Сонымен қатар, кездесу барысында өнеркәсіп кәсіпорындарын қала сыртына көшіру мәселелері талқыланып, азаматтардың әлеуметтік тұрғыдан осал топтарын тұрғын үймен қамтамасыз ету жөнінде Алматы қаласы әкімдігі қабылдап жатқан шаралар қарастырылды. "Биыл 6 мыңға жуық жалдамалы пәтер, оның ішінде Атлеттер қалашығында 1 748 пәтер берілді. Осылайша, кезекте тұрған әрбір үшінші отбасы тұрғын үймен қамтамасыз етілді", – деді қала әкімі.
Кездесу соңында Нұрсұлтан Назарбаев Алматы қаласын одан әрі дамыту жөнінде бірқатар нақты тапсырма берді.