10 қар, 2017 сағат 09:27

Назарбаев: Алаш идеясы - ата-бабаның дербес ел болу жолындағы аманатымен ұштасып жатыр

Астанадағы ЭКСПО Конгреc орталығында Алаш партиясының құрылғанына 100 жыл толуына орай «Рухани жаңғыру: Алаш және Азаттық идеясының сабақтастығы» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция басталды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат».

Халықаралық деңгейдегі жиынға еліміздегі белді алаштанушылар, ҚР Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіқалықова, Парламент Мәжілісінің депутаттары, Түркия, Ресей, Әзербайжан елдерінен ғалымдар қатысуда. Жиын барысында Гүлшара Әбдіқалықова қатысушыларға ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың құттықтау сөзін оқып берді.

«Баршаңызды конферениця жұмысының басталуымен шын жүректен құттықтаймын! Алаш қозғалысының 20 ғасырдың басындағы қазақ қауымының саяси-әлеуметтік құқықтарын қорғау, ұлттық бірегейлігін сақтап қалу жолындағы күресі елге қызмет етудің жарқын көріністерінің бірі. Алаш қозғалысының пассионарлық идеялары біздің ата-бабаларымыздың азаттық алып, дербес мемлекет құру жолындағы сан ғасырлық аманатымен ұштасып жатыр. Сол кездегі ұлт зиялылары арман еткен мемлекет тәуелсіздігі мен ұлт бостандығына бүгінгі ұрпақ қол жеткізді. Еліміз егемендік алып, әлемнің алдыңғы қатарлы мемлекеттерімен терезесін теңестіріп отыр. Мен «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» атты мақаламда тағылымы мол тарихымызды зерделеуге, төлтума мәдениетімізді қолдауға қатысты нақты міндеттерді атап көрсеттім. Біздің қоғамдық сананы қазіргі заманның талабына сай жаңғырту арқылы еліміздің тұрақты дамуын қамтамасыз етуді мақсат етіп отырмыз. Мемлекетіміздің экономикалық әлеуеті арқылы халқымыздың бай тарихи әрі рухани мұрасын дәріптеуге де зор мүмкіндік жасала бермек. Бүгінгі келелі жиында тарихымыздың тәуелсіз ел өмірімен сабақтастығын ашып көрсететін дәйекті пікірлер, ғылыми ізденістердің нәтижелері жария етіледі деп кәміл сенемін. Конференцияның жұмысына табыс тілеймін», - деп Гүлшара Әбдіқалықова Елбасының құттықтау хатын аяқтады.

Конференцияның Пленарлық мәжілісі ХХ ғасыр басындағы әлемді сілкіндірген оқиғалар аясындағы Алаш қозғалысының қызметін ашып көрсеткен секциялық басқосуларға ұласпақ. Жиын соңында ғылыми-тәжірибелік конференцияға қатысушылар Алаш арыстарын ұлықтау, олардың мұраларын зерттеуді жүйелеп, жас ұрпақты патриоттық рухқа тәрбиелеу ісін Алаш мұраттарымен сабақтастыру мәселелері көрініс тапқан қарар қабылдау жоспарланып отыр.