Қостанай облысы Наурызым ауданында табиғат инспекторлары адасып ауылға кірген бұланның бұзауын құтқарды. Бұл туралы "Ұлт ақпарат" Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетіне сілтеме жасап хабарлайды.
«Бүгін, яғни ақпан айының 5-ші жұлдызында Қостанай облысы Наурызым ауданы Қараменді ауылына бұланның бұзауы адасып кіріп кетті. Бұл туралы жергілікті тұрғындар хабарлаған. Хабар түскеннен соң қорық инспекторлары адасқан бұзауды орманға қайта кіргізген. Қорық қызметкерлерінің дерегіне сүйенсек бұлан бұзауы қар аралас жаңбырдан соң адасып қалса керек», - деп жазады комитеттің баспасөз хатшысы Аян Мейраш желідегі парақшасында.
Оның айтуынша, Наурызым қорығында жануардың 45 түрі мекендейді. Соның бірі ірі сүтқоректі жануар — бұлан. Қорық аумағында санақ бойынша бұланның 87 басы бар (Қазақстанда - 6 046). Оның 24-аталық, 46-аналық, 17-бұзау.
Негізгі жиі мекен ететін жері Бетағаш орманшылығы мен Соснов орманшылығы. Шөптер мен көктеректердің қабығын қорек етеді.
