21 нау, 2020 сағат 10:00

Наурызбай қажы Тағанұлы: «Исламдағы бес тазалық күнәдан сақтайды»

Қазіргі таңда әлемді шарлаған қатерлі індеттің Қазақстанға да жетуі еліміз бойынша барлық жұмысты онлайн жүйеге көшуге ықпал етті. Барлық мекемелер онлайн қашықтан жұмыс істесе, оқушы-студенттер қашықтан сабақ оқи бастады. Осы орайда Қазақстан Мұсылмандары Діни Басқармасының Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы да онлайн насихат айтуды бастады.

Бас мүфти алғашқы онлайн насихатын елдегі ахуалға, қатерлі індет пен ҚМДБ-ның пәтуасына арнап, сөз соңында исламдағы бес тазалықты да ерекше атап өтті.

Наурызбай қажы Тағанұлы алдымен елдегі жағдайға байланысты, төтенше жағдай кезінде шығарылған ҚМДБ пәтуасын түсіндіруден бастады.

«Баршамызға белгілі қазіргі жағдайда біздің төтенше жағдай жарияланып, мұсылмандарымыз барынша дұға тілектерін жасап, хатым құрандар жасап жатыр. Осы төтенше жағдайларға байланысты Қазақстан Мұсылмандары Діни Басқармасының Ғұламалар кеңесі Пәтуа бөлімі бірігіп, жариялаған болатын. Қазіргі уақытта Алланың қалауымен әлемде болып жатқан жағдайлар баршаңызға мәлім. Мынау жұқпалы аурудың себептерінен әр елдер өз халқын сақтап қалу үшін әртүрлі шаралар қолданып жатыр. Біздің елде де сол біздің елдің амандығы үшін, халықтың амандығы үшін осы жұқпалы дерт дендеп, тарап кетпеуі үшін барынша әртүрлі шаралар жасап жатыр. Қазақстан Мұсылмандар діни Басқармасы да қасиетті Құранға, Пайғамбар сүннетіне сүйене отырып, өзінің пәтуасын жариялаған болатын. Ол пәтуада біз халқымызды уақытша, осы дерттің таралып кетпеуі үшін, халқымыздың амандығы үшін уақытша жұма намаздарын тоқтатуға пәтуа жасадық. Және де онымен қоса жамағат намаздары, мешіттерде білесіздер, қазіргі кезде үлкен мешіттерде жәй бес уақыт намаздың өзіне 400-ге жуық, 300-ге дейін, 200-ге дейін, 100-ге жуық жамағаттар бес уақыт мешітке намазға келіп, құлшылық қылғаны баршамызға белгілі. Осы уақыттта сол мешіттердегі бес уақыт намазды да уақытша тоқтатып тұруға пәтуа шықты», - деді Бас мүфти.

Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы мұның барлығы қасиетті Құран аяттарына, Пайғамдарымыздың хадистеріне сүйеніп, жасалған пәтуа екенін атап өтті. Сонымен қатар, халқымызды барынша осы дерттен аман алып қалу үшін барлық шараларды жасауға тырысып жатқандарын тілге тиек етті.

«Әрине, Аллаға сенген мұсылман үшін мешітке бару, жамағатпен намаз оқу үлкен бақыт. Барлығымыз бұл жағдайды ойлаған кезде әрине, көңіліміз босап, көзімізге жас келіп жатыр. Осыған дейін мұндай жағдай бізде болған жоқ еді. Намаздың тыйылуы, болмаса жамағатқа бара алмай қалу жағдайлары бізде болған жоқ еді. Өкінішке орай, бұл тек қана біздің елде емес, көптеген елдерде осындай жағдайлар болып жатыр. Осы қазақстан Мұсылмандары Діни Басқармасының пәтуасына түсіністікпен қарап, оны сыйлап, құрметпен қарап жатқандарыңызүшін көқп рахметімізді, алғысымызды айтамыз. ИншАлла бұл күн де өтіп кетеді деген сенімдеміз. Алла Тағала осы бүкіл әлемде жасалып жатқан дұғаларды қабыл етсін. Өздеріңіз көріп жатырсыздар, қасиетті Меккеде имамдар, сол жердегі ғалымдар барлығы Меккеде де дұға жасап жатыр. Бүкіл елдерде мүфтилер, имамдар, ғалымдар, жамағаттар, шәкірттер барлығы әлемде дұғаларын жасап, Алладан жақсы күндерді сұрап жатыр», - деді Н.Тағанұлы.

Бас мүфтидің айтуынша, біздің елде де барлық мешіттерде қатым Құрандар оқылып, зкірілер айтылып, Тахаджуд намазына тұрып, жамағатымыз, еліміз, баршасы дұға жасап жатыр.

«Осы дұғалар қабыл болып, ИншАлла мына індеттен тезірек аман шығып, елімізде жақсы бір мамыражай уақыт орнап,барлығымыз бірге мешітте намаз оқуға Алла нәсіп етсін», - деп дұға етті Бас мүфти.

Сонымен қатар, Наурызбай қажы Тағанұлы мұндай пәтуалар тек қана біздің елде емес, біздің көршілес ел Өзбекстан, Қырғыздан, Тәжікстан, Ресей, Түркия елдерінде де осындай пәтуалар шыққанын атап өтті.

«Бүкіл елдер өзінің халқын аман алып қалу үшін барынша әрекеттерін жасап жатыр. Және осы кезде, осындай сын уақытында біздің көптеген жамағатымыз қайырымдылық шараларын жасап жатыр. Сауап істерін жасап жатыр. Өздеріңіз көріп жатырсыздар, бір кісілер отбасымен үйінде отырып бетперде (маска) тігіп, халыққа тегін таратып жатыр. Мешіттерде де кейбір жамағаттарымыз маскаларды сатып алып, оны тегін таратып, халыққа қайырымдылық жасап жатыр. Азық-түліктен қиналған отбасыларына, көпбалалы отбасыларына, басқа да мұқтаж жандарға шамасы келгенше қайырымдылықтарын жасап, осы күндерде барынша сауап алуға тырысып жатыр. Алла Тағала сол біздің бауырларымыздың жасаған тірліктерін, тілектерін, сауапты істерін қабыл етіп, әжірлі етуге нәсіп етсін деймін» , - деді ол.

Сондай-ақ, Еліміздің Бас мүфтиі қазір халқымызды осындай жағдайлардан аман алып шығу үшін біздің Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың да үлкен-үлкен шараларды жасап, осы еліміздің аман болуы үшін көптеген жұмыстар атқарып жатқанын алға тартты. Президент әкімшілігі, Үкімет, министрліктер, жергілікті әкімдіктер, барлығы күндіз-түні халық үшін қызмет етіп жатқанын тілге тиек етіп, оларға Алладан рахым тілеп, әрбір істеріне жеңілдік беріп, жақсы жемісін, нәтижесін нәсіп етсін деп Аллаға дұға етті.

«Онымен қоса, құрметті жамағат, қазіргі кезде білесіздер, біздің медицина қызметкерлері, біздің дәрігерлер, медбикелер, Алла оларға разы болсын! Өз жандарын тәуекелге салып, халқымызды аман алып қалуы үшін күндіз-түні қызметтерін жасап жатыр. алла Тағала оларға жар болсын деймін. Алла оларды қолдасын, Алла оларға күш-қуат берсін! Алла Тағала жасап жатқан емдері қонып, ауырып жатқан азаматтарымыздың айығып, жақсы болуын нәсіп етсін!», - деді Бас мүфти.

Онлайн насихат айтқан наурызбай қажы тағанұлы жұма күні дұғалар қабыл болатын күн екенін атап өтіп, дәл қазіргі уақытта аянбай еңбек етіп жатқан жандар үшін көбірек дұға жасауды, Алла Тағала оларды қолдап, жеңілдік беріп, артының жақсылығын беріп, халқымыз аман-есен жақсы болып кетуін Алла нәсіп етсін деп дұғада болуға шақырды.

Ислам – тазалықтың діні. Бұл туралы Қазақстан Мұсылмандары Діни Басқармасының Төрағасы Наурызбай қажы Тағанұлы онлайн насихат кезінде айта кетті.

«Бірінші – дененің тазалығы. Білесіздер, біз бес уақыт намаз оқимыз. Қолымыздан келгенше дәретімізді алып, қазір медицина мамандары айтып жатыр, күнделікті қолды жуу, бетті жуу. Соған құлақ асып, қолдан келгенше тазалықты сақтайық. Барынша мұрынды шаю, ауызды шаю, бетті, қолды сабындап жууды қазір жиі қолданайық.

Екінші – киімнің тазалығы. Пайғамбарымыз ақ киім киюді үндегенін білесіздер. Ақ киім киюді жақсы көрген. Себебі ақ киім әрқашан тазалықтың белгісі болып көзге көрінеді. сондықтан киімнің тазалығына біздің дініміз ерекше көңіл бөлген.

Үшінші – қоршаған ортаның тазалығы. Үйімізді таза ұстау, үй ауласын таза ұстау. Бұл дініміздің бұйырған амалдарының бірі.

Төртінші – тамақ ішудегі тазалық. Пайғамбарымыз хадисінде айтады, тамақтың берекеті тамақ ішердің алдында және тамақ ішіп болғаннан кейін қол жуу дейді. Тамақтың берекесі. Білесіздер, қазақта тамақтың алдына қол жуамыз, тамақтан кейін де қол жуамыз. Бұл да, мінекей, Пайғамбарымыздың (с.а.а) сүннеті екен. Құрметті момын мұсылмандар, мінекей осы сүннеттерді әрқашан есімізде тұтып,  тамақ жегенде, тамақ жегеннен кейін қол жууды да ұмытпайық.

Бесінші тазалық – күнәдан таза болу. Құрметті момындар, адам баласы екі тазалықта болады. Бірі тән тазалығы, екіншісі жан тазалығы дейміз. Күнадан таза болу деген жан тазалығы. Адамның өзін, жанын күнәдан таза ұстау. Қолымыздан келгенше Алладан кешірім сұрайық», -  деді Бас мүфти.

Әрине, адам баласы болғаннан кейін, адам қателеседі, күнәні білмей жасап қояды, кейде біліп жасап қоятынын атап өтті. Ол үшін қолымыздан келгенше Алла Тағаладан кешірім сұрап, сабыр етіп, намаз оқып, Аллаға дұға еткенде ғана тығырықтан шыға аламыз.

Осындай насихат айтқан Бас мүфти Алла Тағала сіз бен біздің күнәмізді кешіретінін, күнә кешірілсе, адамның дұғасы қабыл болатынын айтты. Дұға қабыл болғаннан кейін, біздің барлығымыздың жағдайымыз жақсы болатыны

«Жаратушы Жаппар иеміз сіз бен біздің жасап жатқан дұғаларымызды қабыл етсін деймін, құрметті ағайын. Алла Тағала бүгінгі күннің болып жатқан сынақұтың аяғын жақсылықпен аяқталуына баршамызға нәсіп етсін», - деді ол.

Оның айтуынша, қазіргі жағдайда, әрине, әртүрлі пікірлер айтатын, әртүрлі уағыздар айтатын кісілер болады. Әртүрлі сұрақтарға әртүрлі жауап беретін кісілер болады. Ал Қазақстан Мұсылмандары Діни басқармасы жалпы осы ислам төңірегінде пәтуа береді және уағыз айтып, халыққа насихаттарын жеткізеді. Сондықтан әрқашан қазақстан Мұсылмандары Діни Басқармасының уағызын тыңдап, соған еріп, бірлігімізді әрқашан сақтауға шақырды.

«Біздің шариғатымызда пәтуалар бар.  Әр елдің өзінің ғалымдары болады. Өзінің ізінен еретін, ұйыйтын имамдары болады. Қазақстан елінде ол – Қазақстан Мұсылмандары Діни Басқармасы. Ал жергілікті жерлерде сол жердің имамдары. Аллаға шүкір, қазір көптеген уағыздар айтылып жатыр. Біз Муфтият тарапынан имамдарымызға ұсыныс жасап, өтініш жасап жатырмыз. Әр жерлерде уағыз-насихаттар айтылуы, қайырымдылық жасауы, дұға жасауы, жамағаттарға онлайн режимінде уағыз-насихаттар жүргізу, дұға жасау, таһажут намаздарында дұға жасау, дұғаның қабыл болатын қасиеттері күндерінде дұға жасау», - Н.Тағанұлы.

Сонымен қатар, Бас мүфти біз ережеп айында екенімізді айтып, одан кейін шағбан айы, сосын рамазан айы келе жатқанын ескертті.

«Құрметті мұсылмандар, бір-бірімізге әрқашан мейірімді болайық.  Қайырымдылықты көбірек жасайық, түсіністікпен қарайық, әрбір іске сабыр етейік. Алла Тағала қасиетті Құранда айтады «Мен сабыр қылушылармен біргемін» дейді. Әрбір жағдай Алланың әмірімен болады», - деді Бас мүфти.

Сондай-ақ, онлайн насихат соңында Қазақстан Мұсылмандары Діни Басқармасының Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы ҚМДБ пәтуа шығарғаннан кейін, ол пәтуасы үшін Алланың алдында жауап беретінін айтып, қазақстандық мұсылмандарды  осы пәутаға еріп, бірлігімізді сақтап, дұғада, сабырда болуға шақырды.

Дайындаған Ақбота МҰСАБЕК