Ауғанстанда бірқатар шетелдік базаны эвакуациялау басталды. Бұл жайында БАҚ өкілдеріне Ауғанстандағы НАТО және АҚШ әскерлерінің қолбасшысы Скотт Миллер мәлім етті, деп хабарлайды Анадолы агенттігі.
Оның айтуынша, шетелдік державалар өздерінің барлық базасын ауған күштеріне беретін болады. Сонымен қатар Миллер ауған күштерінің қауіпсіздігіне қолдау көрсету шетелдік әскерлер шығарылғаннан кейін де жалғасатындығын айтты. Мұнан бөлек ол бүкіл елде тәлібтер тарапынан зорлық-зомбылық оқиғаларының жиілеп кеткендігін және бұл бейбіт процесске әсер етуі мүмкін екендігін атап өтті.
«Егер шетелдік әскерлер шығарылғаннан кейін зорлық-зомбылық арта түссе, онда бұл бүкіл өңірге қатер төндіретін болады», - деді Миллер.
Айта кетейік, 14 сәуір күні АҚШ Президенті Джо Байден 11 қыркүйекке дейін Ауғанстандағы әскерін толықтай шығаратындығын мәлімдеген еді.
