01 қар, 2016 сағат 11:41

Нақты жобалардан нәтиже күтіледі

Кеше Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасының кітапханасында «Еуразия геоэкономикасы: түйісуден ынтымақтастыққа дейін» тақырыбында халықаралық конференция өтті.

ҚХР Мемлекеттік кеңесінің төрағасы Ли Кэцянның еліміз­ге таяу арада жоспарланып отыр­ған ресми сапарының қарсаң­ында ұйымдастырылған, қазақ­стандық және қытайлық сарапшы­лар қатысқан бұл шараны Қазақ­стан Республикасының Тұңғыш Пре­зиденті – Елбасының кітапханасы ди­ректорының орынбасары Тимур Шай­мергенов ашып, кіріспе сөз сөйледі. Ол жиын барысында қарашаның басында Қазақстан Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев пен ҚХР Мемлекеттік кеңесінің төрағасы Ли Кэцян кездесетінін айта келіп, бүгінгі жиынның қазақстандық дипломаттарға пайдасы зор екенін жеткізді.

Бұдан кейін ҚХР Қоғамдық ғылымдар академиясы Ресей, Шығыс Еуропа және Орталық Азияны зерттеу институты (ҚҚҒА) директорының орынбасары Сун Ли «Жібек жолы экономикалық белдеуі және Еуразиялық экономикалық одағының Орталық Азия өңіріндегі түйісуінің басты бағыттары» тақырыбында баяндама жасады. Сун Ли өз сөзінде Жібек жолы экономикалық белдеуі аясында ынтымақтастықты дамытудың басты бағыты ретінде инфрақұрылым мен энергетика саласының маңыздылығына тоқ­талды. Сондай-ақ, ол Қытай жа­ғы­ның іскерлік серіктес ретінде Қазақстанға қызығушылығы артып отырғанына назар аударды.

«Қытай – Еуразиялық эконо­микалық одақтың ең үлкен сауда-экономика саласындағы серіктесі. Өткен жылы екі жақтың тауар айналымының көлемі 78 миллиард доллардан астам болды», – деді ол.

Өз кезегінде Қазақстанның «Жібек жолы» халықаралық логистика және бизнес институты Қамқоршылар кеңесінің мүшесі Ерхат Есқалиев «Бір белдеу – бір жол» бастамасы экономикалық өсудің жаһандық тренд ретінде. Қазақстанның рөлі» тақырыбында хабарлама жасап, еліміз бен Қытайдың қарым-қатынасы тұрғысында сөз қозғады. Оның айтуынша, Қазақстан «Жібек жолы» транзиттік жобасы бойынша барынша сапалы сервис жасағаны абзал.

«Қазіргі таңда Қазақстан мен Қытайдың өзара қарым-қатынастары қарқынды дамып келеді. Нақты жобалар бар. Бұл жобалар тараптардың сауда-экономикалық байланыстарына тікелей байланысты.

Қазақстан Еуропа, Ресей және Қытай мемлекеттерінің экономикалық қатынастарында маңызды рөл атқарады. Біздің еліміздің транзиттік әлеуеті зор. Бұл Қазақстан аумағы арқылы өткізілетін тауарлардың көлемін еселеп арттыруға мүмкіндік береді», – деді Е. Есқалиев.

Одан әрі ол «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында атқарылып отырған көптеген шаралар Қазақстанның сауда-экономика саласындағы әлеуетін өсіре түскенін сөз етті. Оның айтуынша, Қазақстан өзінің экономикалық күш-қуатын арттыра түсу үшін инфрақұрылым сапасына, кеден бекеттерін ұйымдастыруға, көлік-логистика саласының қызметін жетілдіре түсуге баса назар аударуын күн тәртібінен түсірмеуі тиіс.

Жиында Қытай Қоғамдық ғылымдар академиясы «Бір белдеу – бір жол» орталығы басшысының орынбасары Чжан Нин Қытай мен Еуразиялық экономикалық одақ арасындағы экономикалық аймақ құрудың мүмкіндіктері жөнінде сөз етті. Оның айтуынша, екіжақты қарым-қатынастардың тең дәрежеде жүруіне жіті көңіл бөлу тараптардың өзара ынтымақ­тастығын дамыта түседі.

Ал Қытай Қоғамдық ғылымдар академиясы Ресей саясаты және ҚҚҒА қоғамы бөлімінің басшысы Пан Дапэн Еуразиялық экономикалық одақ пен Жібек жолы экономикалық белдеуі арасындағы ынтымақтастықтың өрістеуі көптеген мүмкіндіктерге жол ашатынын жеткізді.

Сонымен бірге, конференция барысында қатысушылар қарас­тырылған тақырып төңірегінде пікір алмасты. Олардың сөздеріне қарағанда, Қазақстан мен Қытай арас­ындағы сауда-экономикалық бай­ланыстар екі елдің өзара ынты­мақ­тастығын одан әрі нығайта түседі.

Жолдыбай БАЗАР,

«Егемен Қазақстан»