14 ақп, 2023 сағат 11:23

Мюнхен конференциясының баяндамасында әлемнің ең басты қауіп-қатері ретінде Ресей көрсетілген

Сурет: frontnews.eu

Ресей мен Украина соғысы әлем саясатындағы бетбұрыс болды, ал Мәскеу мен Пекин дүниежүзінің басты қатеріне айналды. Қауіпсіздік мәселесі бойынша жыл сайын өтетін Мюнхен конференциясына арналған баяндамада осындай қорытынды жасалған. Конференция 17-19 ақпан аралығында өтеді, деп хабарлайды Азаттық радиосы.

Құжат "Re:vision" деп аталады. Оның қорытынды бөлімі – Мюнхен қауіпсіздік индексі. Баяндама құрастырушылар оны дайындар алдында "Жетілік елдері", БРИКС (Бразилия, Қытай, Үндістан және Оңтүстік Африка Республикасы) және Украинаның - әрбірінен мың адамға сұрақ қойған. Респонденттерден 10-ға дейінгі шкала бойынша баға беруді сұраған. Сұрақ Ресей, Солтүстік Корея, Қытай, АҚШ, Иран және Еуропа одағы тарапынан төнетін тікелей қатер мен энергетикалық дағдарыс секілді 32 санат бойынша іріктелген.

Украина, Германия, Жапония, Франция, Канада мен АҚШ өкілдері Ресейді ең үлкен қатер деп бағалаған. БРИКС елдерінің өкілдері энергетикалық және азық-түлік дағдарысын атаған. Қытай өкілдері ең үлкен қауіп коронавирус індеті мен жаңа індеттің пайда болуы, агрессор елдің ядролық қару қолдану мүмкіндігі деп жауап берген.

Зерттеушілер респонденттер қандай мемлекеттерді одақтастар деп санайтынын, қай мемлекеттерді қатер деп қабылдайтынын да бағалаған. Украина одақтас ретінде ең жоғары +22 индексімен бағаланған. Одан кейін Польша, Эстония, АҚШ пен Ұлыбритания тұр. Қытай мен Ресей –6 және –20 рейтингімен 21 елдің ішінде соңғы орындарға түскен.

Баяндаманың жеке бөлімінде Украинадағы сауалнама нәтижелері жарияланған. Украинаның сұрау салынған тұрғындарының 63 пайызы Еуропадағыдай ережемен өмір сүргісі келеді, 22 пайызы АҚШ-тың ережесі дұрыс деп есептейді.

Баяндама Ресей Украинаға шабуыл жасағаннан кейін әлем елдері демократиялық елдер мен автократиялық елдерге бөлінді деп тұжырымдайды. Африканың, Латын Америкасы мен Азияның кейбір елдері Ресейдің Украинаға басқыншылығын айыптамаған.

Құжат авторлары Қытай Шығыс Азияда ықпал аймағын қалыптастырып жатыр деп санайды. Ресей секілді Қытайды да ревизионизммен шұғылданады деп айыптайды, бірақ оны Мәскеуден әлдеқайда қауіпті қатер деп есептейді.

Қауіпсіздік жөніндегі Мюнхен конференциясы 1962 жылдан бері өтіп келеді. Оған ондаған елдің басшылары, министрлер, саясаткерлер мен қоғам қайраткерлері қатысады.

2007 жылы Мюнхен конференциясында Ресей президенті Владимир Путин де сөз сөйлеп, АҚШ пен оның одақтастарын "бір полярлы әлем орнатқысы келеді", "Ресейге қауіп төндіру үшін НАТО-ны ұлғайтуға тырысып отыр" деп айыптаған. Бұл сөзді сарапшылар Ресейдің Батыс елдерімен арақатынасын суытқан сәт деп санайды.

2022 жылы Ресей билігі форумға қатысудан бас тартқан. Кейінгі жылдары конференция инклюзивтік пен объективтікті ысырып қойып, трансатлантикалық форумға айналып барады" деген уәж айтқан.

2023 жылы конференцияға Ресей өкілдері шақырылған жоқ. Оның орнына Ресейдің оппозициядағы саясаткерлері Михаил Ходорковский мен Гарри Каспаровты шақырған. Оған жауап ретінде Ресей сыртқы істер министрлігі "конференция қызығушылық тудырудан қалғанын" мәлімдеген.