Фото: ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі
ҚР Ұлттық академиялық кітапханасында мемлекет қайраткері, философия ғылымдарының докторы, профессор Мырзатай Жолдасбековтің «Күндерімнің куәсі» атты алты томдық кітабының тұсаукесер рәсімі өтті, деп хабарлайды Ult.kz.
Бұл жинақта 1993-2018 жылдар аралығында жазылған күнделік жазбалары топтастырылған. Автордың еңбегінде елдің тарихи дамуы, халықаралық қатынастардың қалыптасуы, маңызды саяси шешімдер қабылдануы, сондай-ақ қазақтың мәдениеті, әдебиеті мен өнерінің өркендеуіне қосқан үлестері кеңінен баяндалған. Сонымен қатар кітапта елдің әлеуметтік-экономикалық ахуалы, ұлтаралық қатынас мәселелері, ұлттық тәрбие мен адамгершілікке қатысты ойлар да көрініс тапқан.
Фото: ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі
Іс-шара барысында Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның құттықтау хаты оқылды. Министр өз хатында:
«Бұл алты томдық еңбек – тәуелсіз еліміздің тарихын танып-білуге, ұлттық құндылықтарымызды дәріптеуге арналған құнды мұра. Кітапта халқымыздың тағдырлы кезеңдері мен маңызды оқиғалары шынайы баяндалып, өскелең ұрпақ үшін тағылымы мол дереккөзі болатынына сенімдімін», – деп атап өтті.
Таныстырылымға белгілі қоғам және мемлекет қайраткерлері, ақын-жазушылар, журналистер, оқырмандар мен БАҚ өкілдері қатысты. Іс-шара автордың шығармашылық жолына құрмет көрсетіп, еліміздің рухани мұрасына қосылған тағы бір маңызды еңбекті дәріптеуге арналды.