05 ақп, 2019 сағат 14:22

"Мың өліп, мың тірілген қазақтың" жанайқайы

"Мен қазақпын мың өліп, мың тірілген" деген жолды тамыры тереңге жайылған тарихымызда басымызға түскен қасіреттен аман шыққанымыз үшін айтылған деп түсінуші едім бұған дейін.

Ғасырлар ішінде емес, шіріген режим, шүкіршіл қоғам жағдайында 30 жылда-ақ мың өліп, мың тіріле береді екенсің.

Жаңаөзенде халықты атқанда, бір өлдік, тыртығы қалса да, жараны амалдап жазуға тырыстық.

Ұлан-байтақ жері бар мемлекетте орын таба алмай, шекара асып жатқан бауырларымызға қарап, тағы өлдік, тіршілік қылу керек болған соң, күнде тірілуге мәжбүрміз.

Бұрын-соңды тарихымызда болмағандай, қазақ қандасын діни экстремизм жолында мерт қылғанда да өлдік, жан бағу керек, көз жұмдық, ары қарай жүрдік.

Өз жерінде күнін көре алмай жүрген қазақ, амал нешік, аузыңа қарап отырған балаларың отыр, жанымызды орамалға түйдік те, сүйрелеңдеп келеміз.

Кеше Денис Тенді пышақтағанда жанымызды суырып алғандай болды, жыладық, қайғырдық, бұдан да өттік.

Бұл жолы да ішімізде бірнәрсе үзілді, қабырғамыз қайысты, кешеден бері көзімнен жас кетер емес. Періштелердің өліміне менің де кінәм бар. Үндемедік, қарсы айтпадық, қорықтық. Әлі де қорқып келеміз. Шіріген билік аза тұту күнін жариялауға бара алмай тұр. Бұл жолы да өлдім, ішімде енді үміт тіріле қоймас.

Құдай пәк жандарыңды біздің тозаққа қия алмай алған шығар. Кешіріңдер бізді. Жандарың жанната болсын.

Бақытжан Бұқарбайдың фейсбуктағы жазбасынан