Шымкентте базар маңында сауда жасағаны үшін полицейлер айыппұл салмақ болған әжей оқиғаға қатысты пікір білдірді. Кейуана шу шығаруға қарсы екенін айтты, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі Otyrar.kz басылымына сілтеме жасап.
Базардағы оқиғаның кейіпкері ПД тәртіптік комиссиясының отырысын түсіруге тыйым салып, шу шығаруға қарсы екенін ашық айтты. Тәртіптік кеңес басталмас бұрын ол журналистерге өзі кінәлі екенін, телефонын алып қоймағанын және барлық шуды куәгерлер қоздырғанын айтты.
"Мұндай шу шығарудың не қажеті бар? Тіпті бір қылмыс жасалған тәрізді. Мен өзім кінәлімін. Адам заңға бағынуы керек. Базар сыртында емес, базарда сауда жасау керек. Мен онда жаңғақ апардым. Бір-екі рет полицей ескертті, бірақ мен нашар естимін. Қайта жаныма келгенде телефонымды беріп, балама хабарласуын сұрадым. Болды. Басқа ештеңе болған жоқ. Сосын кетіп қалдым. Адамдарға дау-жанжал керек, сондықтан бәрі жиналып алды", - деді зейнеткер.