12 қар, 2016 сағат 12:55

Мұнайлы түбектің мүмкіндігі мол

Көк теңіз жағасындағы алтын құмды аймақ, байтақ даласы табиғаттың сұлу көріністері мен тарихи-мәдени ескерткіштердің небір жәдігерлеріне сыңсыған Маңғыстау өңірі туризмді дамытуға қолайлы мекен саналады. Туризмді дамыту арқылы экономиканы көтеру және өзге елдерге танылу басымдыққа ие болғалы өңірдің туризміне қатысты сан алуан пікірлер айтылып келеді. Осы орайда Маңғыстау облыстық туризм басқармасы атқарып отырған жұмыстарға үңілген едік.

– Маңғыстау өңірінің тамаша табиғатына зор қызығушылық танытып, түбектің тылсым түкпіріне саяхаттауға қызы­ғу­шылық танытушылар жыл­дан жылға артып келеді, – дей­ді облыстық туризм басқармасының бастығы Гүлжан Байжауынова. – Салыстырмалы түрде айтар болсақ, мұнайлы түбекке туристік мақсатпен келу­шілер саны былтырмен салыс­тырғанда, биыл екі есеге көбейді. Бұған ең басты себеп ретінде Қазақстанның 19 ел үшін визасыз режім енгізуін және жыл басында қабылданған бағ­дарламаны айтар едім. 2016 жылы туризм басқармасы «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ-пен ынтымақтастық жөніндегі меморандумға қол қойды. Меморандум аясында облыс әкімдігі тарапынан жергілікті бюджет қаражаты есебінен 300 млн теңге, «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ-тан 600 млн теңге қаржы бөлініп, ол кәсіпкерлерді қаржылай қол­дауға бағытталды.

Бүгінгі күнге дейін аймақ координациялық кеңесінде 35 жоба қаралып, жалпы құны 417 млн теңге тұратын 5 жоба мақұл­данған. Олардың арасында теңіз жағалауындағы сауықтыру-көңіл көтеру аквапарк кешенінің құрылысы, теңізге экскурсия-серуен туры, серуен катерін жалға беру және қазақ ұлттық асүйі құрылыстары бар. Бұл жобалар іске қосылғанда, 93 жаңа жұмыс орны ашылады екен. Сондай-ақ, тағы 5 жоба екінші деңгейлі банк­тер қарауында жатыр. Банктер қаржыландырған жағ­дайда сауықтыру лагерінде демалатын балалар саны 214-тен 450-ге дейін өспекші. 2016 жылы «Aktau City & Mangystau Tours» жобасының тұсауы кесіліп, Ақтау қаласы мен Маң­ғыстау өңірінің көрікті және тарихи орындарына туристерді автобус­пен жүйелі түрде апару жүзеге асырыла бастады. Ал Көгез же­ріндегі этноауыл жобасына При­балтика, Қытай, Италия, Жапо­ния, Германия, Ресей елде­рінен 90 шамалы турис тартылған.

– Өңірде қолға алынған меди­циналық туризмінің бағыты жаман емес. «Софи Мед Групп» көп салалы клиникасында елдің сан түкпірінен әрі шетелдік науқастар ем алуға ынталы, – дейді Гүлжан Маңғыстауқызы. – Сапалы меди­циналық қыз­меттің оң имид­жін қалып­тастыру, турис­тер талғамы мен таңдауына, сұ­ранысына сай жоғары дең­гейлі қызмет көрсету ішкі туризмнің тұрақты дамуы­на серпін береді. Соған орай, алда Ақтау қаласының теңіз жағалауында бес жұлдызды емдік-диагностикалық және сауықтыру кешені құрылысы қолға алынады. Өңірлік туризм өрісі кеңеюі үшін туристік қызмет құны қолжетімді болуы шарт. Дәмханалар мен хос­телдер, яғни арзан әрі шағын қонақүйлердегі қызмет көрсету құны көпшіліктің қалтасы көтере алатындай болғаны жөн. Биыл Ақтауда екі хостелдің құрылысы аяқ­талып, пайдалануға берілді. Ішкі туризмді дамытуда жолау­шыларды әуе көлігімен тасымалдау құнын азайту мәселесі бар. Басқарма тарапынан минис­трлікке «Шымкент-Ақ­тау» мен «Көкшетау-Ақтау» және «Қы­зылорда-Ақтау» бағы­ты бойын­ша әуе тасымалы тариф­терін субсидияландыру ұсынысы жолданды. Ұсыныс мақұлданған жағдайда, 2017 жылға арналған өңір бюджетіне өзгерістер енгізіледі.

Маңғыстауға биыл Швей­цариядан туристік чартерлік пойыз келіп, туризмді дамыту аясында автожолдарды күрделі жөндеу әрі салу жұмыстары жүргізіле бастады. Осының аясында экскурсовод-гид қыз­меткерлерін даярлау жобасы қолға алынды.

Гүлайым ШЫНТЕМІРҚЫЗЫ,

«Егемен Қазақстан»

Маңғыстау облысы