21 сәу, 2021 сағат 14:17

Мүмкіндігі шектеулі балаларға қандай жағдай жасалады?



Бүгін Мәжілістің жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне инклюзивті білім беру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы мақұлданды. Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматуллин ерекше білім беруді қажет ететін балаларға тиісті жағдайлар жасалатынын айтты. Оның айтуынша, мақұлданған заң жобасы мүмкіндігі шектеулі балаларға басқалармен бірдей сапалы білім алуға жол ашады, - деп хабарлайды «Ұлт ақпарат».

 

Яғни Мәжіліс төрағасы білімді дамыту, адам қандай да бір ерекшелігіне қарамастан білім алуға құқылы екенін ескертті.

 

«Білімді дамыту, білімді ұрпақты тәрбиелеу жолында ешқандай кедергі болмауы керек. Себебі, ол біздің ұлтымыздың, еліміздің болашағы. Сондықтан Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жалпы білім, соның ішінде ерекше білім беру талаптарын жетілдіру мәселелеріне қатысты арнайы тасырма берген болатын», - деп атап өтті Нұрлан Нығматуллин.

 

Инклюзивті білім беру мекемесінің ұстазы Динара Жарқымбек ерекше балаларға білім беру туралы ойымен бөлісе отырып, мәселелердің де жоқ емес екенін атап өтті. Оның айтуынша, ерекше балаларға ең алдымен толыққанды білім беру мәселесі өзекті.

 

«Мен сөйлеу және есту қабілеттері төмен немесе мүлде жоқ балаларға білім беріп жүргеніме жиырма жылдан асты. Осы жылдар аралығындағы тәжірибеме сүйене отырып айтсам, мұндай балаларға білім беру оңай емес. Әсіресе бала санын азайта отырып білім беру керек. Өйткені балалардың қабылдауы әртүрлі. Сонымен қатар, мұндай балаларға арналған мектеп олқулықтары да жоқтың қасы. Біз өзіміз оқу жоспарын жасай отырып, әдістемелік жұмыстар арқылы оқулықтар әзірлеуге мәжбүрміз. Дегенмен, қазіргі таңда бәрі де оңалып келе жатыр. Көңіл соған қуанады, ең бастысы», - деді ұстаз Динара Жарқымбек.

 

Осы орайда ол әзірленіп, бүгін мақұлданған заң жобасында бірқатар маңызды сұрақтар қамтылып отырғанын айтты.

 

«Енді инклюзивті білім беруге заманға сай стандарттар енгізіледі. Бұл жолда ерекше білім беруді қажет ететін балалардың тұрғылықты жері ескерілген. Сонымен бірге, аталған балалардың мәртебесі заң деңгейінде толықтай және нақты реттеліп отыр. Сондықтан бұл заң жобасы мүмкіндігі шектеулі балаларға басқалармен бірдей сапалы білім алуға, осы саланы білікті мамандармен қамтамасыз етуге, инклюзивті білімді жоғары деңгейде ұйымдастыруға жол ашатын болады», - деді Мәжіліс төрағасы.

 

Ал төрт баласының екеуі мүмкіндігі шектеулі ана Қымбат Алтаева ерекше балаларға білім берумен қатар, тәрбиелеу, көңілдерін табу, қоғамға бейімдеу де оңай емес екенін айтады. Өйткені мұндай балалар әрдайым ерекше көңіл бөлгенді талап ететін көрінеді.

 

«Алланың қалауымен үш қыз, бір ұлды өмірге әкелдім. Соның ішінде ұлым мен бір қызымның тілі шықпады. Алғашқыда еркелік шығар деп мән бермегенбіз. Кейіннен солай ерекше туған балалар екенін білдік. Алматыда білім алсын деп, арнайы көшіп келіп, пәтер жағалап жүрміз. Өйткені балаларым сөйлей алмайды екен деп, қоғамнан шеттеп қалғанын қаламаймын. Оларға әрдайым ерекше көңіл бөлу керек. Бір сәт бұрынғыдай болмай қалсаң, көңілдеріне алып қалады. Мені жақсы көрмей қалды деп ойлап қалады. Сондықтан үнемі назардан тыс қалдырмаймын. Ал білім беретін ұстаздарына тіпті оңай емес екенін түсінемін», - дейді Қымбат апай.

 

Естеріңізге сала кетейік, бүгін Мәжілістің жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне инклюзивті білім беру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы мақұлданды. Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматуллин ерекше білім беруді қажет ететін балаларға тиісті жағдайлар жасалатынын айтты. Оның айтуынша, мақұлданған заң жобасы мүмкіндігі шектеулі балаларға басқалармен бірдей сапалы білім алуға жол ашады.