08 сәу, 2021 сағат 12:30

Мұхтар Тілеуберді: Ресеймен ынтымақтастық сыртқы саясатымыздың басым бағыттарының бірі болып қала береді

Сергей Лавровтың сапары Қазақстан мен Ресей арасындағы қатынастарды нығайтуға және кеңейтуге деген ортақ ниетімізді растайды. Бүгінгі екіжақты келіссөздерді қорытындылаған Сыртқы Істер министрі Мұхтар Тілеуберді осындай пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Ресеймен ынтымақтастық Қазақстан сыртқы саясатының басым бағыттарының бірі болды және солай қала береді. Осы жылдар ішінде Қазақстан достас серіктестік қатынастарға беріктігін көрсетті.

Жақын күндері «Байқоңыр» ғарыш айлағынан адамның тұңғыш рет ғарышқа ұшқанына 60 жыл толатыны да символдық мәнге ие. Бүгінде Байқоңыр – Қазақстан мен Ресей арасындағы стратегиялық серіктестік пен ынтымақтастықтың символы. Ғарыш айлағын дамыту, «Бәйтерек» ғарыштық зымыран кешенін құру, Жерді қашықтықтан зондтау саласындағы өзара әрекеттесу, сондай-ақ «Гагарин старты» жобасын жаңғырту бойынша жұмыстар жалғасуда», - деді ведомство басшысы.

Министр келіссөз кезінде халықаралық күн тәртібіндегі түрлі мәселелер бойынша екі тараптың ұстанымдары талқыланғанын атап өтті. 

«Біз ТМД, ҰҚШҰ, БҰҰ, ЕҚЫҰ, ШЫҰ және АӨСШК сияқты халықаралық ұйымдардың алаңдарындағы бірлескен жұмысқа үлкен мән береміз. Халықаралық күн тәртібіндегі түрлі мәселелер бойынша ұстанымдардың ортақтығын растап, қауіпсіздік негіздерін аймақтық әрі жаһандық деңгейде де нығайту бойынша бірлескен қадамдарды жалғастыруға келістік.

Көріп отырғандарыңыздай, COVID-19 пандемиясына қарамастан, биыл елдеріміз арасындағы қатынастардың жоғары серпіні сақталып отыр, бұл ынтымақтастығымызды үнемі бақылауға мүмкіндік береді. Бізге мемлекет басшыларымыз қойған қазіргі және ұзақ мерзімді міндеттерді шешуге сындарлы тәсілдер қажет.

Лавров мырзаның сапары Қазақстан мен Ресей арасындағы сан қырлы және кешенді қатынастарды нығайтуға және кеңейтуге деген ортақ ниетімізді растайды.

Бүгінгі кездесудің нәтижелері ынтымақтастықты одан әрі дамытудың кепілі болатынына және халқымыздың мүдделері негізінде тату көршілік пен серіктестікке тың серпін беретініне сенімдімін», - деді Мұхтар Тілеуберді.