06 сәу, 2021 сағат 12:09

Мұхтар Тілеуберді коронавирусқа қарсы вакцина салдырмақ

ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді таяу күндері коронавирусқа қарсы вакцина салдыратынын айтты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Отандық вакцинаны салдыруды жоспарлаған едім, оның тезірек шығуын күтіп отырмын. Сонымен бірге, халықаралық іс-шаралар кестесі жиілеп барады, әріптестермен келіссөздер мен пікір алмасулар болады. Мемлекет басшысы атап өткендей, мүмкіндігінше вакцина жасау керек болады. Сондықтан таяу күндері вакцина салдырмақпын», - деді Тілеуберді елордада Мажарстан Сыртқы экономикалық байланыстар және сыртқы істер министрі Петер Сийартомен келіссөздерден кейін. 

Өз кезегінде Мажарстан министрі вакцинаның бірінші компонентін алғанын, таяу арада екінші компонентін алуға баратынын айтты. 

«Мажарстанда қараша айында стратегиялық шешім жасалып, шығыстан вакцина сатып алуға қатысты қадамдар болды. Вакциналау арқылы адам өмірін сақтауға мүмкіндік болады деп санаймыз. Бізде вакцинаны Ресей мен Қытайдан сатып алу шешімі қабылданды. Қазіргі кезде вакциналау бойынша Мажарстан жақсы көрсеткішке ие болды, жақын арада 2,5 млн адамға жеткіземіз», - деді П. Сийарто.