14 қыр, 2017 сағат 10:09

Мұхамедиұлы: Талқылауға ұсынылған латын әліпбиі соңғы нұсқа емес

Таяуда ғана қоғамдық талқылауға ұсынылған латын графикасына негізделген жаңа қазақ әліпбиі "соңғы нұсқа" емес. Бұл туралы бүгін мемлекеттік тілдің латын графикасындағы әліпбиінің бірыңғай стандартын енгізу мәселелеріне арналған дөңгелек үстел отырысында еліміздің Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Бүгін біз Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасының аясында көрсетілген ең бірінші міндет, яғни  латын әліпбиіне көшу жұмыстарын бастау жөніндегі тапсырмасына байланысты жиналып отырмыз. Сонау Тәуелсіздік таңынан бастап, біз бұл мәселеге ерекше дайындалдық. Енді міне, сындарлы шақ туғанда халқымыз үшін, оның ең асыл қазынасы тіліміз үшін аса өзекті жұмысты жұмыла атқарудың бастауында тұрмыз. Жаңа әліпби көпшілік, зиялы қауым, сарапшылар айтып жатқандай жаңғырудың ең маңызды алғышарттарының бірі. Дәуір сұраныстарынан, замана қажеттілігінен және келешегіміздің қамына орай әлем халқының жартысынан астамы қолданатын, қазіргі кезеңде шын мәніндегі халықаралық әліпбиге айналған латынға көшу Елбасы айтқандай, терең  логикасы бар маңызды қадам. Бұл тарапта Мәдениет және спорт министрлігі бірқатар шара атқарды. Бұл мәселе Тілдерді қолдану және дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған бағдарламасында қазақ жазуын одан ары жетілдіру деп көрсетілгендігін де жақсы білесіздер», - деді министр.

Осы ретте ол 11 қыркүйекте Парламентте мемлекеттік тілдің латын графикасындағы әліпбиінің бірыңғай стандартын енгізу мәселелеріне арналған бірінші парламенттік тыңдау өткендігін, аталған шараға қатысушылар оны бірауыздан қолдағандығын атап өтті.

«Қазіргі уақытта латын әліпбиіндегі қазақ тілінің нұсқасы ұсынылды. Бұл талқылауға арналған, түбегейлі нұсқа емес. Оны қазір бекітіп жатқанымыз жоқ. Әрине, 18 млн адамның 18 млн пікірі бар. Сондықтан жан-жақты, тыңғылықты талқылайық», - деді Арыстанбек Мұхамедиұлы.