"Қырандар, қош болыңдар!" атты поэманың жазылуы жайлы хикая
17-июнь 1972-жыл.
Талды жайлауы. Кеген ауданы.
Таңертең ауырып тұрдым. Көкте жаттым. Сиыршы Жұмабектің үйі. Ертеңгі астан кейін көңілсіздік. Гүлді кешіп, қаңғырып жүріп кеттім. Айтса да, ертеңгісін бұлт үйірілді де, бәріміз жаңбыр болады деп қорықтық Ұлым Айбар: "Мен білсем, жаңбыр жаумайды", – деді. Шынында да, міне түс болып қалды, аспан ашық Алба-жұлба ақ бұлттар Алматы жақтан, сірә, толассыз, Қытайға жер ауып барады. Олардың зияны мүлде жоқ қайта үздіксіз самал беріп кетіп жатыр (Айбар: "Мен айттым ғой", – деп мақтанып қояды. Айбар! Айбар!!!). Айбар кеше бір сөзінде: "Шытырмын ғой, папа, шытырмын!!!" – дейді. Түсінбеймін?! Айбар! Айбар!!!
Ақиық (шындығында, көзіммен көрдім, Ақиық!) қыран бастаған төрт қыран төбемнен? Ертеден бері айналып ғайып болды. Қайда кеткені белгісіз... Көңілсіздік...
Әңгімені басынан айтайыншы. Иә, бір болмашы нәрсеге бүлк ете қап, үйден шығып жүріп кеттім де, бір оңтайлау, құрғақтау қырға плащымды төсеп, әрнені ойлап отыр едім, Айбарым қасыма келді. Екеуміз сырластық Кеше біреу Айбарыма ат берем дегесін, малшы баласын соған жібергем, екеуіміз анау ауылдан соны қарауылдап отырмыз. Бере ме, бермей ме деп қоямыз. Айбарка атқа құмар-ақ.. Кеше бір жаққа кетіп келмей қалған үй иесінің келгенін көріп, Айбарым соған жүгіріп барды да, қайтып келді. Ол баласын алдына алып, Айбарым жеткенше, малына кетіп қалды. Айбарым қайта келді қасыма. Ренжуді де, ренжу дегенді білмейді де.
Айбар! Айбар!!!
Тіпті, таяқпен түртер биіктікте бізді айналып төрт құс ұшып жүр. Айбар ол қандай құс деп сұрағасын, мен кезқұйрық екенін айттым. Оның қасиетін сұрағасын, онша емес екенін түсіндіріп отырғанымда, сол кезқұйрық жүрген биіктіктен тағы бір-екі құс көрінді. Қарасам, бүркіт (әрине, тау бүркіті) екен. Мен: "Бүркіт", – деп едім, Айбарым: "Атаңның басы, ол бүркіт емес", – деді (сөзінің жаны бар еді...). Сол сәтте сәл биікке қарасам, және бір-екі қыран ұшып жүр, Айбарыма айтып едім, ол да бүркіт екендігін растады. Олар биікте еді. Біреуі Ақиық екен, мен бұрын сән салып қарамадым ба, шынында ақбауыр Ақиық қыранды көргенім тұңғыш рет...
Осы сәтте әлгі бала Айбарға берген атқа мініп, өзінің атын анау қырдағы ауылдан бері қарай айдап келеді екен. Екеуміз үйге келдік. Әлгі қу бала Айбарға берген атты "мынау асау" деп өзі мінгісі келеді. Айбарым оны біле қойды. Ақ көңіл ұланым-ай, әлгі атты түрткілеп көріп, сәл пысықтау ат екен, қиғысы да жоқ бірақ мен зекіп тастағасын, келісті де, әлгі жүгермектің шабанына мініп-ақ батыс жақтағы қарсы жотаға екеуі рауғаш теруге кетті.
Дүрбімен қарап отырмын, екеуі жотаға шығып барады. Айбар алда, анау артта... Беттен қайта түсіп келеді, қарап отырмын. Тағы да Айбарым алда. Сайға түсіп кетті. Төменде ысқырып өлең айтып, қара атқа мінген жылқылы ауылдың қызы келе жатыр екен. 15-16-ларда. Шақырып алып, оқисың ба деген сұрағыма:
– Екі-үш кластан кейін оқи алмадым, – деп әзер айтты. Атқа отырысы, мал қайырысы – бәрі еркек даусы да. Үйіне қарай шауып ала жөнелді.
Ерігіп отырып, аулақта ұшып жүрген құсқа және дүрбі салдым. Бүркіт екен. Манағы Ақиық есіме түсіп, көкті тінтіп ем, тауып алдым. Сұмдық биіктікте рахатта жүр екен. Қасында және бір алып қыран бар, ол – қоңырлау. Екеуі сәл аулақта, төмендеп ұшып жүр. Ақиықтан көз алмаймын. О, керемет! О, Бостандық– Еркіндік! О, Құдірет!!! Ойыма Ғабиттің қыраны түсті... Қай-қайдағыны ойлаймын... Айбарлар келді, рауғаштары жоқ Айбарға айтып ем, ол да дүрбіні алып қарады, қарады да, манағы Ақиықты тани кетті. Мәз болды. "Ойпырмай, бұлардың ұясы қай маңда болды екен?! Біз отырған таудың бәрі қарағай, аласа, көгал, құздар көрінбейді". Осы ойымды ашып айтып ем, әлгі түлей бала "Қарағайда" дегені. Айбарым жұлып алғандай:
– Атаңның басы, қыран ұясып қарағайға салмайды, биік құлама-құзға салады, – деді.
– Бұлар қайдан келді екен, ә? – деп дал болып едім, Айбарым:
– Папа, бұлар анау Алатаудан, – деп оңтүстікте құдіреттеніп жатқан Тянь-Шаннің сілемі – қырғыз Алатауын көрсетті. Сенбеске шарам жоқ Айбарыма. Осымен отырғанымда, қырандардан адасып қалдым, қазір жоқ. Мүмкін, енді көрмеспін де...
Қош, қырандар! Қош, Ақиық!!! Айбарым! Айбарым!!! Айтсаңдаршы, құдірет деген не?! Әрі қарай жаза алмаймын. Үйге тез жетуім керек.
18 июнь 1972-жыл.
Талды жайлауы. Кеген ауданы.
Қазір ертеңгі сағат 9.00. Қыс. Жер аппақ. Қызыл-жасыл гүлдерді қар басып қалды. Кәдімгі қыс. Жапалақтап қар жауып жатыр, жауып жатыр. Артынан, сөз жоқ, суық болады деген сөз.
Сорлы гүлдердің күні не болар екен?! Әлде оларға бұл жай үйреншікті де болар.
Киіз үйдің есігі ашық. Түңлік түсірулі, самауыр қайнап тұр, дастарқан жаюлы. Жеңгей менің қас-қабағымды бағуда, ағай жантайды, жастық, алып бердім.
Айбарым мен әлгі бала (Болат) шелек алып қымызға кетті. Алда – түннен қалған суық ет, жегем жоқ Арақтар жүктің астында, беріп еді, ішкенім жоқ себебі келгелі бері отказ бергем, ішкем де жоқ Жеңгей – жақсы қатын. Қазақтың жақсы қатындарының бірі. Сірә, маған ішсе екен деп ойлайды, айналайын, ішпеймін, шыдаймын.
Ұйқы түнде де дұрысталмады. Өз-өзіммен арпалысып шықтым, ауру дейтін ауру да емеспін.
Түнде сұмдық найзағай шартылдады, әлдеқайда жай түсіп, жер солқ ете қалды. Жылқы үрікті. Әлдеқайда малшылар мылтық атты. Барлығына амандық тілеп, таң атқанда ғана көз ілдім, ерте тұрдым. Сібірлеп жаңбыр жауып тұрды да, арты әлгіндей – қар құйып тұр. Ойнап көр таудың табиғатымен.
О, сұмдық! Өзімнің жазылған жырымдағы жайларды құдірет бұлжытпай, дәл сол қалпында көзіме көрсетіп, алдыма тартып отыр. О, құдірет! Не айта алам? Бұл не қылған арпалыс?! Құдірет кім?! Төрт қыран! "Қош, қырандар!".
Қымызын көтеріп Айбарым келді. Қан жайлау мен бұрқасын қыстың қымызын ішеміз енді. Жатарда Айбар: "Бүгін жаңбыр жауады", – деген еді, түнде жауа бастаған-ды. Ұйқыда жатқан Айбарым басын көтеріп алып: "Папа, мен айттым ғой, жаңбыр жауады деп", – дегенде, жүрегім су ете түсті. Қорқамын Айбардан. Оның үйде тұрғысы жоқ далада жүр қар менен гүл кешіп. Міне, енді қымыз ішеміз.
Қазір жеңгейге ағай "қымыз ішпеймін" деді, мен ішем. Әкеліңіз, құйыңыз, құя беріңіз!
Қазір сағат 1.00. Тауда тал түс кезі. Мынау сұмдық! Қар аттың тізесінен түсті, толастамай әлі жауып тұр. Сұмдық! Түнімен жауса қайтеді бұлар?! Ыңғайсыздық, масқара ыңғайсыздық.. Құтты қонақ бола алмадым білем, бірақ біз бұл тауға күншуақты ала келген сияқты едік. Екі күн нағыз жайлау еді, бірақ өзіммен өзім арпалысын, ешнәрсеге зауқым соқпап еді. Енді оңайлайып дегенімде мына қырсықты қара.
Малшылар дүрліге, үрейлене бастады. Менің қожайыным сұмдық байсалды адам, саспайды. Неге сенеді?! Малы қайда?!
Жантайған болдым, ұйықтай алмадым. Түнде де ұйықтағам жоқ. Ұйқым қайда?!
Құлақтың дабылы үдеп барады... Шоқаймен далаға дәрет сындыруға да шыға алмай отырмын, бұл үйде басы артық киім де жоқ.
Үйде бір малшы кәрия отыр, әңгімешіл-ақ Құзар таудың басына балық қайдан келген?! О, Құдірет! Кеше баласы тау өзенінен балық ұстап әкеліпті.
Жеңгей керемет адам! Біраз мызғып тұрды да: "Бүгін өртеніп өлген адамның арманы жоқ", – деп, сыртқа аққарға шықты да, бұтақ бұтап әкеліп, пешті қайтадан дүрілдетіп жіберді.
Кешегі көрші қырғыз малшыларының слетін (тойын) әңгімелеп, әзілдеп отыр. Мені әзілдеп бір қойды. Бұрышта жазып отырмын.
Не деген керемет жандарсындар, жандарым! Кім біледі сендерді? Кім түсінеді?! Құдірет деген кім?..
Мыналардың көзінше жазу да оңай емес. Жалпы, біреумен сөйлесіп отырып қолыма қалам ұстап көрмеген адам едім, амал қанша, амалым жоқ
Сұмдық үрей бар менде. Ұйқы жоқ бірақ сергекпін. Мені пеш түбіне шақырады, барғым жоқ тіптен мұздар емеспін, тершіп отырмын.
Ақпан. Нағыз ақпан. Гүл кешіп, күні кеше кешке дейін сайрандаған қайран күн қайта оралуына сену қиын. Гүл қайда, самал қайда, күн қайда?! Ыңғайсыздық! Сұмдық ыңғайсыздық!
Менің шұқшиып отырғанымды көре отырып қожайын ыңғайыздана бастады. Дала аппақ көз қаратпайды. Мына жеңгейдің аты кім еді?!
Қызық болды.
Амалым құрып, қышап баратқасын, сыртқа шығайын деп ем, жеңгей де, отырған малшы кәрия да киіп жатқан шоқайымды көреді ғой, әрине.
Қарт: "Балам-ай, шоқайың да бүгін емес екен-ау, шұрық тесік. Тым құрыса, бүтін бәтіңке киіп келмедің бе?"
Мен: "Ештеңе емес, кәрия", – деген боп қызарақтап, қысылып, сыртқа шығып кеттім. Қанша дегенмен жаздың аты жаз ғой, сары майдай шыланып жатқан көбік қар шоқайыма жұқпады. Үйге ендім.
– Жыртық үйдің құдайы бар деген, кәрия. Міне, қар құйылған жоқ – деп шоқайымды көрсеттім.
Жеңгей: "Расында да құйылмапты, соған қарағанда, онша алысқа бармағансыз-ау, сірә", – деді.
Үндемей күле бердім, бәріміз күлістік. Үнсіздік. Қойшы енді, тоқтатайын, ыңғайсыз. Ағай қар күреп жүр. Дәретке апарар жол ашып жатыр, қызық..
Қаншама бір-біріміздің қабағымызды баққанымызбен, мына күн еңсе көтертер болмады.
Мана түсте сәл ашылып, қар ерігендей болып еді, қайта бұлттанып, енді таудың ақ жауыны басталды. Төпеп тұр. Үй иесі сай-сайдан малып іздеп кетті. Көңілсіз.
Кешқұрым. Кешкі асқа кеспе іштік. Ел с удовольствием. Үйде болса, үш кесе ішер ем. Еңді ұйқы болса... Ертең атпен болса да төмен түспек ойым бар. Болмайды екен, ыңғайсыз ғой...
Ертерек үйіме – Алматыма – жетпесем болмайды екен...
19-июнь. Талды жайлауы.
Түнде, жатар алдында Айбар екеуміздің арамызда конфликт болды. Айбарды түсінбеймін. Иттің ғана күшігі-ай, өзі туралы керемет ойларымның бір сәтте-ақ быт-шытын шығарды...
Қар – жаңбыр, жаңбыр – қар, боран. Ауыр оймен жаттым. Алайда керемет ұйықтаппын.
Атқа мініп, жайлаудан жүріп кеттім. ...Әбекең (қайнаға) жеңгеміз екеуі шәй ішіп отыр екен, көңілді. Жайдары, күліп қарсы алды. Осылай болу керек қой. Алматының жаңалығын айтты.
Тездетіп Алматыға кеткім келді де, артынша шешемді (Нақамды), Қарасазды көргім келіп кетті. Жеңгеме айттым. Ағам (Әбекең) ауылға алып жүрді. Энгельске соқпай, Шибутқа (Қазіргі Киров колхозы) тарпық. Oho, Әбекең (Әбдімтәліп) сезімнің адамы екен! Бәрін де біледі, бәрін де түсінеді... Шибуттағы қайын жұрт бізді жақсы қарсы алды.
Атам мен апамның қабіріне барып, мен құран оқыдым. Әбекеңнің маған деген көзқарасы мүлде өзгеріп кетті. Байқаймын, мен ол кісінің өзіме деген махаббатын бағындырып алдым. Бұл – хақ!
"Қошқар" барып, Қоңырбайдың үйінен дәм татып аттандық
"Кировқа" келіп, Сара мен Әбдүйсіптің де шайын ішіп, "Энгельске" келдік. Әбекең Нақама сәлемдесті. Әбекең қатты толқыды... Көзінен жас көріп қалдым. Тоқтарбай қозы соям деп еді, Әбекең қарамады. Қарауға да болмайтын сәтсіз жағдай еді... Ол кісі кетті. Айбарымыз екеуміз қалдық Байқаймыз, Әбекең бізді мына тұрмысқа әзер қиып кетті. Қатты толқып кетті, толқып кетті. Аман болса екен, ауырмаса екен жақсы Азамат!
20-июнь 1972-жыл.
Ұйықтамай шықтым.
Сірә, енді ауылым, ауылым дегеннен аулағырақ болармын. Алайда мен ес кіргелі туған ауыл туралы еміреніп жазып көрген емеспін. Нанбасаң, оқып көр менің өлеңдерімді...
Елім жоқ жерім жатыр орнында. Сөз жоқ біреулерді іштей жоқтап жатыр...
Күнішайға (нағашы қарындас, күйеуі авариядан қайтыс болған) көңіл айттым да қайттым. Оныншы бітіргелі 15 жылдан бері көргенім осы. Міне, саған қыздың тағдыры, адамның ғұмыры...
Құрысыншы!!!
22-июль 1972-жыл.
Бүтін төртінші күн. Аурухана. Аурухана емес, түрме.
24-июль.
Күн әлі шыққан жоқ. Алатау шыңдары қан қызыл, тіпті батысқа қарасаң, ол да қып-қызыл. Бұл не сұмдық!? Күн шықпай тұрып та осылай болушы ма еді?! Сұмдық! Бірінші рет көруім. Тек жақсылыққа бағышталсын! "Қырандар, қош болыңдар!".
Мұқағали Мақатаев күнделігінен