Біз әрқашан бала тәрбиесіне аса көңіл бөлген ұлағатты ұстаздардың қоғамда алатын орны жөнінде, әлеуметтік ахуалын жақсарту жайында қуатты ойларға ниет қосамыз. Мектептердің салынуы, жаңа технологиялармен жабдықталуы, көптеген жас мамандардың ауылдық жерлерге келіп қызмет атқаруы – осы ниетіміздің айғағы іспеттес.
Осы орайда, мұғалімдер жалақысының жыл сайынғы өсіміне ынта қойылып, мемлекет тарапынан қолдауға ие болғаны қуантады. Десек те, "білім беру саласында, саналы ұрпақ тәрбиелеу жолында жасаған ерен еңбектері лайықты бағасын алып жатыр ма?" деген сауал кімді де болсын алаңдатады. Халық қалаулыларының жиынында мұғалімдердің еңбекақысының аздығы, әлеуметтік жағдайы жөнінде айтылып, Үкіметке депутаттық сауалдар жолданды. Жетіспеушілік нәтижесінен емдеу-сауықтыру орындарына мұғалімдер көп бармағандықтан, денсаулығына аса мән берілмейді. Бұл салада туындаған мәселелер, кедергі мен келеңсіздіктер мұғалімдер мәртебесінің заңмен бекітілмеуінен деп ойлаймын. Мемлекетіміз де мұғалімдерге қатысты мәселелердің шешімін табуы үшін аянып жатқан жоқ.
Елбасының бастамасын тілге тиек ете келе, қоғамның мұғалім мәртебесін шынайылықпен қабылдауы үшін заң тұрғысында қолдау керек екені уақыт талабы. Сонда ғана қоғамда мұғалімнің мәртебесі мен беделінің артуы толыққанды жолға қойылатынына заңның өз ықпалын тигізері хақ.
Соған орай Елбасының «Педагог мәртебесі туралы» заңды бекітуді ұсынуы – ұстаздардың қоғамның құрметті мүшесіне айналуына жол ашты. Осы мезетте мұғалімнің әлеуметтік жағдайының жан-жақты шешімінің табылуына серпін беріліп, қолдау күшейіп, мұғалімдердің жетіспеушілігі де азайып, бұл мамандыққа келушілердің қатары көбейіп, ықылас танытқандарды бұдан әрі ынталандырар еді. «Педагог мәртебесі туралы» заң аясында жүктемелердің азайып, жөнсіз тексерістер мен қызметтен тыс міндеттерден ажыратуға негіз болуға тиіс екені айтылды. Білім беру саласының әрбір қазақстандық отбасына қатыстылығын меңзеуі мұғалімдік мамандықтың маңызын аша түсті.
Сондай-ақ, орта білім беру жүйесінде айқындалған негізгі мәселеге назар аудара келіп, Назарбаев зияткерлік мектептерінің оқыту жүйесі, оның әдістемесі мемлекеттік мектептер үшін бірыңғай стандарт болуға, білім сапасын бағалау жүйесі халықаралық стандарттарға негізделуге тиіс екені айтылды. Орта мектептерде оқушыларды сұранысқа ие мамандықтарға бейімдеудің, кәсіби диагностика жүргізудің маңыздылығы айтылды. Жас ұрпақтың өркениетті елімізге көзқарасы, жарқын болашаққа деген талабы мен талпынысы, тәрбие мен білімінің жетілуі – білім ордасында қалыптасатыны белгілі. Бұл үшін ұлағатты ұстаздардың берер білімі, терең тәлім-тәрбиесі қажет-ақ.
Дана ТӨЛЕУТАЙҚЫЗЫ,
О. Жәутіков атындағы №1 қазақ орта мектебі директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары.