22 қар, 2017 сағат 00:01

Мугабе ресми түрде отставкаға кеткенін мәлімдеді

Reuters ақпарат агенттігі Зимбабве президенті Роберт Мугабенің отставкаға кеткенін хабарлады. 

Агенттіктің хабарлауынша, Зимбабве парламентінің спикері Джейкоб Муденда сейсенбіде президент Роберт Мугабенің хатын оқып берген. 93 жастағы автократ билеуші өз хатында "ерікті түрде билікті тапсырып бергенін", "биліктің бейбіт түрде ауысуын қалағанын" мәлімдеген.

«Мен, Роберт Габриэль Мугабе, Зимбабве президенті лауазымынан отставкаға кететінімді ресми түрде мәлімдеймін. Бұл шешім дереу іске асады», - деп жазады Reuters агенттігі Мугабенің мәлімдемесін келтіре отырып.

Зимбабве депутаттары мәлімдемені естігенде шаттанып, қуанған. Сол шақта ел астанасы Харареде халық көшеге шығып, айтулы оқиғаны тойлай бастаған.

15 қарашада Зимбабведе әскерилер төңкеріс жасап, билікті басып алған. Ал 19 қарашада "Зимбабвенің африкалық ұлттық одағы – Патриоттық майдан" партиясы Мугабені партия басшылығынан алып, биліктен кетпесе импичмент жариялайтынын мәлімдеген. Осы күні Мугабе елдегі CNN арнасының эфирінде сөйлеген сөзінде "биліктен кетпейтінін" айтқан еді.

Естеріңізге сала кетейік, 93 жастағы Роберт Мугабе Зимбабве Ұлыбританиядан тәуелсіздік алған 1980 жылдан бері билікте отырған.