14 там, 2016 сағат 14:41

Моңғолияда ежелгі түркі мүсіндері табылды (фото)

Түркі академиясы халықаралық ұйымының (TWESCO) бастамасымен Моңғолиядағы көне түркілердің «Шивээт улаан»  ғұрыптық кешенінде басталған археологиялық қазба жұмыстары жалғасып жатыр, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" ұйымның ресми сайтына сілтеме жасап.

Алдын ала хабарлағандай, бұл Моңғолия Ұлттық Ғылым академиясы жанындағы Тарих, археология институтымен бірлесіп жүзеге асқан жоба.

Шілде айының басында TWESCO президенті Д.Қыдырәлінің басшылығындағы жоба аясында белгілі моңғол археологы Д.Цэвэндорж бен қазақстандық түркітанушы-ғалым Н.Бәзілханның жетекшілігімен басталған қазба жұмыстары бүгінде Шивээт улаанның негізгі алаңында жүріп жатыр. Мәңгітас тұрған тұғырдың орны мен кешеннің екі босағасының алаңы да қазылды. Археологтардың жұмысы нәтижесіз емес. Атап айтқанда, көне түркілердің мүсіндері табылды. Бұдан бөлек, үйінді тастардан аршылып, кешеннің құрылымы, іргетасы, іргетасының пішіні мен көлемі анықталып отыр.

Осы және өзге де жаңалықтар Академияның ұйымдастыруымен 24 тамыз күні «Шивээт улаан»  ғұрыптық кешенінде өтетін «Ұлы дала көшпелілері: тарихи-мәдени үндестіктер» атты ІІ түркі-моңғол археологтарының дала семинарында кеңірек таныстырылатын болады. Бұл дала семинары Әзербайжан, Қазақстан, Қырғызстан, Моңғолия, Ресей және Түркия ғалымдары мен баспасөз  өкілдерінің қатысуымен  2016 жылғы 20-27 тамызда өтетін «Тәңіртаудан Өтүкенге дейін: Ұлы дала көшпенділерінің тарихи-мәдени  қазыналары» атты халықаралық экспедиция аясында ұйымдастырылады.

Назарларыңызға кешеннің құрылымын анықтау кезінде түсірілген бірнеше суреттерді ұсынамыз. 

Mongolia1.jpg

Mongolia5.jpg

Mongolia2.jpg

Mongolia3.jpg

Mongolia4.jpg

Ұлт порталы