Бүгін Түркі академиясы халықаралық ұйымы (TWESCO) ұйымдастырған «Кентайдан Ұлытауға дейін: тарихи жадының жаңғыруы» атты ІІІ халықаралық экспедиция өз жұмысын бастады.
Академия басшысы Дархан Қыдырәлі бастаған бір топ зерттеушілер мен журналистер Моңғолия астанасы Ұлан-Батыр қаласына аттанды.
Аталған халықаралық экспедицияның басты мақсаты: Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында айрықша назар аударған киелі жерлер мен тарихи сананы жаңғырту. Экспедиция маршруты Моңғолияның Кентай аймағындағы Шыңғыс ханның туған жері Бурхан Халдуннан басталып, Ұлытаудағы Алаша хан, Жошы хан кесенесіне дейін жалғасатын болады.
Экспедиция мүшелері Кентай аймағына аттанбас бұрын Моңғолия астанасында бірқатар кездесулер өткізеді деп жоспарланған.
Айта кетерлігі, бұл экспедиция TWESCO мен Моңғолия Ұлттық музейі арасында 2016 жылдың тамыз айында бекітілген ынтымақтастық меморандумы шеңберінде ұйымдастырылып отыр. Ол құжат Шығыс Моңғолиядағы Кентай аймағынан табылған көне түркі кешендеріне археологиялық экспедиция жасақтап, бірлескен қазба жұмыстарын жүргізуге мүмкіндік береді.