Нағыз қазақ қазақ емес,
Нағыз қазақ – домбыра
Қадыр Мырза Әли
Домбыра – күмбірлеген дәуір жыры,
Дауысы ұласқандай дауылға ұлы!
Шаттығы қауырсынның жеңілдігі,
Қайғысы қорғасынның ауырлығы!
Өзегін саған берген ақын жұлып,
Орынын саған берген батыр тұрып!
Қап-қалың кітаптардың мазмұн жүгі,
Жұп-жұқа шанағыңда жатыр тұнып!
Қос ішек, тоғыз перне, шешен шанақ,
Кер заман сені де атқан кесел санап!..
Домбыра көкірегі шер – көне мұра,
Көк түрік төріне ілген көсем санат!
Естірткен еңкілдеп күй – ханға қаза,
Домбыра – қарсы теңеу даңғазаға!
Тербейді сендегі сөз жүрек көлін,
Бермейді сендегі саз жанға маза!
Кетбұға – күйдің пірі, шабытты ерден,
Домбыра қалған мұра – анық көмбем!
Жүрегі хан алдында шайлықпаған,
Атыңнан айналайын, халық берген!
Домбыра – қазақ үшін ғұмыр мәні,
Сен төккен күймен рухым жығылмады!
Домбыра – сұңқар еді балдақтағы,
Домбыра – тұлпар еді тұғырдағы!
Шыққанда кең шанақтан гүл өріліп,
Жарқ етер көкжиектен күдер үміт!
Немесе "Қосбасары" буынды алар,
Пернесін күйші басса тым ерініп...
Қос мектеп – Тәттімбет пен Құрманғазы,
Екеуі екі үлгінің дүр маңғазы!
Біреуі төкпе күйдің төрешісі,
Біреуі шертпе күйдің сырбаз мәні!
Бағзыдан жеткен мұра қыз-ұлға аман,
Домбыра – қызыл бөрі, қызыр қаған!
Бетінде қу тақтайдың қызыл арша,
Ішегі таутекенің ызыңдаған!
Қобызды Қорқыт десем қол көсемі,
Домбыра – Доспамбетсің сен кешегі!
Дина мен Аққыздайсың – дариға аққу,
Төгілген Тәттімбетсің төрде шері!
Домбыра – сен Тұрансың қамал берік,
Ордаңа құт дарыған Қаған қонып!
Түмен бап Түркістансың көне астана,
Бастаған басты Ордасың бабам жорық!
Абылай ақ туысың – азат байрақ,
Домбыра асыл пышақ, ғажап қайрақ!
Ешбір жау аттай алмас есігіңнен,
Домбыра барда қылмас қазаққа айбат!
Құрыштан құйылғандай берік бұйым,
Қылыштан өткір сенің жорық күйің!
Мені де илеп өтті зұлмат небір,
Сені де түйреп өтті соғып құйын!
Домбыра – көкей кесіп, кісен ашқан,
Ондайда Жерге айналып түседі Аспан!
Кезекті алған кезде нақысты күй,
Өзекті өрттей қауып ішек осқан!
Домбыра – бағзы мұра Сақтан бері,
Алаштың айбоз даусы, ақтаңгері!
Домбыра – тылсым ағаш нұр сипатты,
Шұғыла шанағынан соққан лебі!
Аумайсың ер Төлеген, өр Жібектен,
Шегіңде шежіресі елдің өткен!
Пернеңді бойлауық күй балқытқанда,
Пердесін жанның аппақ желбіреткен!
Сілейген балбалымдай сал домбыра,
Сүлеймен балдағындай мән домбыра!
Арымның Ай дидарлы, Күн сипатты,
Жарымның жүзін ашқан ән домбыра!
Домбыра – сенде рухы хан Кененің,
Жеткіздің көкке тудың жан кемелін!
Қолыма алсам сені Таласбектей,
Түсімде түмен-түмен қол көремін!..
Махамбет – сен деп берген қайран басын,
Намысың қайдан сосын қайралмасын!..
Шерткенде жан дыбысын қанмен теуіп,
Дерттенген көңілімде ойнар жасын!
Тартқанда үш ішектеп, теріс бұрап,
"Қоңыр қаз" ұшар бетке алыс құлап!..
Домбыра – Арқадағы Ақан сері,
Домбыра – паң Құлагер қамыс құлақ!
Шерткенде шебер саусақ биязы леп,
Көкейге құдіретін құяр ізет!
Домбыра – сен Абайсың сөз патшасы,
Домбыра – сен Адайсың күй әзірет!
Қашаған, Ақтан айтқан сөз мұрағат,
Күй болып Маңғыстауды кездім абат!
Домбыра – Дариядай асау суда,
Нұртуған, Нартай жеке – өзге ұлағат!
Басында Баянтаудың Мәшһүр Жүсіп,
Сөйледі домбырадай тасқын қысып...
Айрылып қалдым сол бір парасаттан,
Көзіне қапияда қастың түсіп...
«Қарқаралы басында жалғыз арша»,
Тиетін әндей кім бар жанға ұзанша!
Алты қыр астындағы сал түскен үй,
Әуені әудем жерден таңға ұзарса!
Домбыра дауысында Алаш үні,
Көзімнің ағы да сол, қарашығы!
Тиегі – тобылғының қатты діңі,
Сүйегі – қызыл қайың, ағаш ірі!
Сен барда байтағым кең, ұлысым бай,
Қайтемін осындайда ұлысынбай!
Саңқ етіп Қазыбектің көмейіндей,
Жарқ етіп Қабанбайдың қылышындай!
Жетісу жеті жарғы мақамысың,
Мақпалды, үкілісің, оқалысың!
Кенендей Алатаудың басын бұлт қып,
Жамбылдай отқа түстің Отан үшін!
Сүгірдің Қаратауда шертісі – өрнек,
Ағады Сырды бойлап, Ертіс өрлеп!
Үстірттің үстіндегі үн түсімде,
Сіңеді шағылдарға дерті шөлдеп...
Алтайдың арғы беті, бергі басы,
Қазақтың қарағайлы домбырасы!
Әміре, Әсеттердің әр әніне –
Алаштың Әлихандай жан куәсі!
Біржансың – Қояндыны әнмен ашқан,
Сәкенсің – тау ішінде сәулелі аспан!
Домбыра – Жүсіпбек пен Жәнібексің,
Қазақты қара өлеңмен әнге қосқан!
Жаралған заман ескі, жұрт көнеде,
Домбыра – төрімдегі құт дөдеге!
«Қоңыры» Әбікеннің – Алаш зары,
Өмірі Әшімтайдың ұлтқа өнеге!
Сайдалы сары Тоқаның сарынында,
Апарар сүрлеу жатыр ары Ғұнға!
Домбыра – Байжігітсің күй қағаны,
Домбыра – Көкбалақсың анығында!
Дайрабай, Қыздарбексің – күй мектебі,
Итаяқ, Сембек, Әбди – түйдектері.
Манарбек, Мағауия – қос домбыра,
Үлгі ұлтқа – үміт шамы, үйреткені!
Екі шек, оғыз перне, тиек кепіл,
Арбаған сиқыр сазы – жібек көкіл!..
«Көрұғлы» көкжиектен көрінгенде,
Сырқырар көрде жатқан сүйек нөпір!
Қандырар жіті құлақ шын құрышын,
Қайраттың көмейінде бір дыбысың!
Домбыра – Ақселеудің «Сарыарқасы»,
Тар екен Сарыарқа да – дүлдүл үшін...
Домбыра – қойнауың құт, қоңыр өлең,
Айдалған Жаяу Мұса сеніменен!..
Атылып Мәди сері қапылыста,
Қалғансың тар қапаста, темір еден...
Жыраудың жыры сенсің – Алпамыстай,
Байшұбар қос ішекте қайтеді ұшпай!..
Домбыра шертілмесе батырына,
Қалады Гүлбаршындай жар табыспай!
Домбыра – Бейбарыссың Мысырға асқан,
Домбыра – Әмір Темір – күшің дастан!
Домбыра – Сүйінбайдың алдаспаны,
Қалшитып Қатағанның мысын басқан!
Айтыстың домбыра алғаш – ақтаңгері,
Шомылған сұлу сөздің мақпал көлі!
Домбыра – бабам қиыр жатқан жері,
Домбыра – қазақ қазық қаққан жері!
Домбыра - қыпша белді, алма мойын,
Хас сұлу таранғандай талғам, ойым!
Домбыра Тұмар әже болмысындай,
Көрсетпес жатқа бетін, жауға бойын!
Домбыра – ән жауыны, күй нөсері,
Бабадан қалған мұра сый кешегі:
Домбыра – қазағымның тақиясы,
Домбыра – қазағымның кимешегі!
Домбыра – Нұрғисасың саз дүлдүлі,
Сүйектен өтеді өткір сөз күмбірі!
Қара шал қағысында қаз қаңқылдап,
Келіншек шалысында жаз бұлбұлы!
Домбыра – «Ақ жауыны» Секен дүрдің,
Өксігі өңешімде өтер күннің!..
Толқыны көңіліңнің көлін шайқар,
Сол мәңгі, қалғаны бос, бекер...құрбым!..
Сауырлы шанақ үні неткен асқақ,
Барады гәкку дыбыс көкке бастап!..
Кім айтты сені ағаш деп саңғырлаған –
Алашқа мәңгі айналып кеткен аспап!
Домбыра – сен жусансың бұрқыраған,
Көзімнің жасын саған іркіп алам!
Сен нарға көп ұқсайсың жүк қалдырмас,
Домбыра сен есенде – жұртым аман!
Серінің сен көзісің – сал күлігім,
Байлығым, бақыт, ырыс, мал-мүлігім.
Домбыра, сенде жатыр бар ғұмырым,
Жүрекке жеткізе бер ән дүбірін!
Домбыра – сен қымызсың түнемелі,
Домбыра – сен шайырдың ұлы өлеңі!
Домбыра – сертті жанның жан серігі,
Домбыра – дертті жанның жүрек емі!
Кетемін, күйің меңдеп, еміреніп,
Кетемін, сазың тербеп, тебіреніп!
Құдайдың бізді сүйген бір куәсі,
Домбыра, бұл қазаққа сені беріп:
Таңдайға Алаш рухын тамызды азат!
Домбыра, сен жайлы айтар аңыз ғажап!
Төрімде тұрғай мәңгі төл аспабым,
Төбеме тұттым сені – Нағыз Қазақ!
Мирас Асан