13 қаң, 2017 сағат 08:35

Министрлік бірінші сыныптарға арналған оқулықтардағы "күрделі" жаттығуларды түсіндіріп берді

Оқу бағдарламаларын әзірлеуші мұғалімдер бірінші сыныптарға арналған оқулықтардағы "күрделі" жаттығуларды түсіндірді, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" ҚР Білім және ғылым министрлігінің өкілдеріне сілтеме жасап. Мұның алдында Алматы тұрғыны бастауыш сыныптарына арналған оқулықтардың мазмұнына шағымданып, ведомствоға видеожолдау жасаған еді.


Мнистрліктің ресми парақшасындағы жазбаны қаз-қалпында ұсынамыз:

Баласы 1-сыныпта оқитын Салтанат Тажиева (Saltanat Tazhieva) бейнежазба арқылы (https://www.facebook.com/saltanat.tazhieva/videos/vb.100003100715937/1151829978263682/?type=2&theater) даярлық тобына арналған «Қоршаған ортамен таныстыру, экология негіздері» оқулығы мен 1-сынып оқушыларына арналған «Жаратылыстану» оқу құралының мазмұнына қатысты сын-ескертпелерін жолдаған екен. Осыған орай оқулық авторлары Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиевтің тапсыруымен ресми жауап дайындады.

Ең алдымен, мектеп оқушысы мен бастауыш сыныптардың оқу бағдарламасына барынша мұқият қараған Салтанат ханымға алғысымызды білдіргіміз келеді. Ал бейнежазбадағы сауалдарға бастауыш сынып мұғалімі және оқу бағдарламасын жасаушы Байтенова Қаламқас Қадырбекқызы жауап береді.

Қаламқас Қадырбекқызының айтуынша, бүгінгі таңда балаларды оқу мен жазуға ғана емес, сонымен қатар мектепте алған теориялық білімін іс жүзінде пайдалана білуге де үйрету аса маңызды. Жаңа оқулықтардың көздеген мақсаты да осы. Мәселен, «Жаратылыстану» пәнінде химия, физика, биология сияқты күрделі пәндердің материалдары беріледі. Жаратылыстану бағытындағы жаңа оқулықта осы материалдардың барлығы балаларға түсінікті және қарапайым тілмен баяндалған. Ол үшін оқулықты даярлау ісіне бастауыш сыныптарға сабақ беріп жүрген тәжірибелі мұғалімдер қатыстырылған.

Мәселен, Қаламқас Қадырбекқызының айтуынша, Салтанат Тәжиеваның бейнежазбасындағы «траектория» ұғымының мағынасын кішкентай балаларға түсіндірудің түк те қиындығы жоқ. Мұғалім сабақты бастамай тұрып балалардан «траектория» дегеннің не екенін сұрайды. Содан кейін педагог балалармен бірге эксперимент жасайды: іші толтырылған (ұн немесе құрғақ құрылыс қоспасы салынған) табақшаға ұқсайтын тақтадан ермексаздан жасалған дөңгелек пен ойыншық көлік қатар жібереді. Осыдан кейін балалардан тақтада не қалғанын сұрайды. Балалар, әлбетте, жазықтықта көліктің де, дөңгелектің де ізі қалғанын айтады. Балаларға осы іздердің заттың қозғалысы кезіндегі траектория екенін түсіндіру – мұғалімнің міндеті. Сондай-ақ, эксперимент арқылы балалармен бірге көлбеу жазықтықта екі көліктің қайсысы ұзаққа баратынын білуге болады (Қаламқас Қадырбекқызы мұны оқулықтың көмегімен көрсетеді). Сонымен бірге, оның неге байланысты екенін де түсіндіреді (көліктің салмағы, көлемі, тағы басқа ерекшеліктері). 

Осылайша, бастауыш сыныптың балалары күрделі де қызықты түсініктермен таныс болып, жоғарғы сыныптарға дайынпен жетеді. Бұл балалардың кішкентай кезінен аса маңызды ғылымдардың терминдерін және ерекшеліктерін білуіне де жол ашады. 

Салтанат ханым балалардың портфолиосы да мұғалімдердің көп уақытын алады деген пікірде. Алайда, портфолио керек және оның болуы бала үшін маңызды. Оларды парақтай отырып, ата-ана балаларының жаңа оқу бағдарламасын қаншалықты игеріп жатқанын, жетістіктерін қадағалап отырады.

Барлық оқулықтар мен жұмыс дәптерлерінің салмағы жеңіл және бүгінгі техникалық, гигиеналық талаптарға толығымен сай келеді. Сондықтан да аптасына 5 күндік сабақтарына апаратын оқулықтардың өзі де балаға ешқандай ауырлық та, қиындық та тудырмайды. 

Қаламқас Қадырбекқызы барша бастауыш сынып мұғалімдері мен білім беру саласының қызметкерлері атынан оқу процесіне бей-жай қарамайтын, жіті қадағалап отыратын ата-аналарға алғыс білдіреді. Оқушылардың заманына сай сапалы білім алып, ХХІ ғасырдың талаптарына сай келуі үшін бала, ата-ана және ұстаз өзара бірлікте әрекет етуі керек. Сонда ғана ойдағыдай нәтижеге жетуге болады.