Бүгін Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында есірткімен күрес шараларын күшейтуге арналған заң жобасын талқылау барысында ҚР Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов синтетикалық есірткілер қай елдерден жеткізілетінін мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Бізге синтетикалық есірткілер Ресей, Қытай және Еуропа елдерінен келеді. Бүгінде олардың көбісі поштамен жеткізіледі. Бұрындары оларды шекарадан өткен кезде ұстауға мүмкін болса, қазіргі кезде поштамен келеді. Содан кейін есірткі құнын киви әмиян арқылы төлейді. Бұл тұрғыда тек оны сатып алған адамдарды ғана ұстай аламыз. Биыл 125 істі қозғадық, оның ішінде 89 қылмысты қысқартуға мәжбүрміз, себебі бұл есірткілер біздің тізімде жоқ. Яғни олар жаңадан пайда болған есірткілер. Олар өздерінің іс-қимылдарының тәсілдерін өзгертіп жатыр», - деді Қ. Қасымов.
Сонымен қатар министр бұл бағытта күрес шаралары тиімді болуы үшін интернет-ресурстар жабылып жатқанын атап өтті.
«2017 жылы 522 ресурсты жаптық, ал биыл аталған заттарды таратумен айналысқан 3 200 сайттың жұмысын тоқтаттық. Екіншіден, біз Ұлттық банк пен Қаржы министрлігіне тиісті ұсыныс жасадық. Бүгінде төлемдер туралы заңнамаға сәйкес, 100 АЕК-ке (240 мың теңге) дейін соманы аты-жөнін көрсетпей төлеуге болады. Осы орайда біз қаржы аударымдарының қозғалысын көру үшін осындай тәртіпті алып тастауды ұсындық. Қазіргі кезде бұл мәселе қарастырылып жатыр», - деді министр.
Өз кезегінде Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин ҚР Ішкі істер министрлігінің бұл бағыттағы қадамдарына қолдау білдірді.
«Өкінішке орай, интернет ашық болғаннан кейін осы мәселеде ешқандай шекара жоқ. Сондықтан бұл жұмыстар дұрыс», - деді Мәжіліс спикері.
Талқылаудан кейін палата депутаттары «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне есірткі, психотроптық заттар, сол тектестер мен прекурсорлар айналымын бақылау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады.
Заң жобасының мақсаты - есірткі бизнесінің және трансұлттық ұйымдасқан есірткі қылмысының жаңа тегеурінді талаптары мен қауіптеріне қарсы тұру. Осы орайда мемлекет қабылдап жатқан шаралардың барлығын қамтамасыз ету үшін қазіргі заңнамалық есірткіге қарсы жүйені жаңғырту ескерілген.