30 сәу, 2021 сағат 15:41

Цой денсаулық сақтау саласында жемқорлықпен күрестің қадамдарын айтты


Бүгін халық алдында есеп беру кездесуінде ҚР Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой сыбайлас жемқорлыққа тосқауыл қадамдарын айтты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Соңғы уақытта денсаулық сақтау ұйымдарындағы сыбайлас жемқорлық туралы көп айтылады. Осыған байланысты, біз Денсаулық сақтау министрлігінің, Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының және СҚ-Фармацияның қызметіндегі сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне сыртқы талдауды ұйымдастырдық. ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігімен бірлесіп Денсаулық сақтау саласында сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін болдырмау жөніндегі Жол картасы әзірленді», - деді министр Орталық коммуникациялар қызметінде. 

Осы орайда ол сыбайлас жемқорлықпен күресу үшін денсаулық сақтау жүйесінде «Адалдық алаңы» жобалық офисі құрылғанын еске салды. 

Жобалық офисінің міндеттеріне тұрмыстық сыбайлас жемқорлықты жою және медициналық ұйымдарда қолайлы жағдай жасау, халықты және медициналық ұйымдарды дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету бойынша сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің мониторингі, ашықтық, транспаренттілік және есептілік қағидаттарында азаматтық қоғаммен ынтымақтастықты қамтамасыз ету жатады. 

«Бұдан басқа қазіргі уақытта жобалық офис өңірлік денсаулық сақтау басқармаларымен белсенді жұмыс жүргізуде. Министрлікке барлық байланыс арналары арқылы келіп түскен жеке тұлғалардың 857 мың өтініші қаралды», - деді Цой.