15 қар, 2016 сағат 11:58

Міндеттер мінсіз атқарылуы тиіс

Кеше Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен селекторлық режімде кезекті Үкімет отырысы өтті.

Қардан туындаған қарбалас

Үкімет отырысы үнемі сей­сенбіде өтетініне де үй­ре­ніп қал­ғанбыз. Алайда, кей­бір кез­дері күтпеген жерден кес­те өзгеріп, не бір күн әрі не бері жылжитыны бар. Бі­рақ ол да алдын ала хабар­ла­нып, сол күнге дайын бо­ла­мыз. Алайда, ауа райы­ның құбы­лысы ешкімге ескерт­пейді. Мінеки, Астананың ал­ғаш­қы қалың қары да дәл осы дүйсенбіге дөп келіпті.

Қардың салдарынан қала көшелерінде ұзын-сонар кеп­телек болып, барар жерімізге әзер жеттік. Есесіне, елорда әкі­мі Әсет Исекешевтің Үкіметке есеп беруіне тура келді.

Үкімет отырысы белгіленген уақытынан сәл кешігіп бас­талды. Оның басты себебі – әрине, әлгі қалың жауған қар. Үкімет басшысы отырыстың күн тәртібіндегі негізгі мәсе­ле­лерге көшпес бұрын Астана қа­ласының әкімінен көшелердегі жағдайдың мән-жайын сұрады.

«Жұмысымызды бастамас бұрын Әсет Өрентайұлына бір сұрақ, бүгін жұрттың бәрі түнімен жауған қарға байланысты жұмысқа кешігіп келіп жатыр. Біздің де отырысымыз кешігіп өтуде. Қаланың бәрі тұрып қалды.

Ешбір дайындық жоқ сияқты. Жағдай не болып жатыр?» деді Б.Сағынтаев. Ал қала әкімінің айтуынша, дайындық жасалған. Бірақ ауа райының күрт өзгеруі қиындық туғызып отыр.

«Түнгі сағат екіден бастап жұмыс істеп жатырмыз. Жалпы, жолдар таза. Бірақ қардың көп жауғанына байланыс­ты шынымен де үлкен кептелектер пайда болды. Меніңше, жақын арада бәрі реттеледі», деді Ә.Исекешев. Үкімет басшысы жолдардағы қар жинауға қатысты жағдайды айрықша бақылауда ұстауды тапсырды.

 

Ветеринарлық бақылау күшейеді

Үкімет отырысында негізінен елдегі ветеринарлық қауіпсіздік мәселелері, инвес­тиция тарту, сонымен қатар, Универ­сиада-2017-ге дайындық барысы қаралды. Еліміздегі ветеринария саласының жай-күйін Ауыл шаруашылығы бірінші вице-министрі Қайрат Айтуғанов баяндады.

Ветеринария саласының негізгі функциялары әкімдік арқылы жүзеге асы­рылады. Мысалы, вакцинацияны ұйым­дастыру және жүргізу, жануарларды біре­гей­лендіру және санитарлық мал союды ұйым­дастыру, ветеринарлық анықтаманы беру, ішкі сауда объектілеріне, жеке ветери­нар дәрігерлердің жұмысына, емдеу ме­кемелеріне, дәріханалар мен зертха­на­ларға, ветеринарлық-санитарлық сарап­та­маларға бақылау жүргізу және мал қорымдарымен қамтамасыз ету жұ­мыстарының бәрі әкімдікпен жүргізіледі.

Қ.Айтуғанов бұдан әрі вакцина сатып алу жүйесін жетілдіру шараларына тоқталды. «Сапасыз вакцинаны өндірудің бірден-бір себебі, вакцинаны қысқа мерзімде жеткізу болып табылады. Осыған байланысты, жыл сайынғы мемлекеттік сатып алу конкурсын 15 желтоқсанға дейін хабарлау сияқты конкурстық құжаттарға бірнеше өзгерістер енгізілді», деді вице-министр. Сондай-ақ, ветеринария саласын жаңғыртуға бағытталған алдағы жоспарланған шараларға тоқталды. Мәселен, ветпрепараттарды өндірушілер мен жеткізушілер үшін талаптарды күшейту көзделіп отыр. Талаптар орындалмаған жағдайда заңға сәйкес, лицензияларынан айырылып қалулары да мүмкін. Қ.Айтуғанов жаз мезгіліндегі қауіпті аурулардың таралу себептерін талдау жұмыстары орталық пен өңірлер арасындағы үйлестірудің болмауынан екенін анықтағанын айтты. Соған орай министрлік бірқатар шаралар қабылдаған.

Ауыл шаруашылығы вице-министрі Қ.Айтуғанов, сондай-ақ, бұған дейін елді дүрліктірген Сібір жарасына қарсы вакцинаға сынақ жүргізгеннен кейін құқық қорғау органдарына тиісті материалдар жіберілгенін мәлімдеді.

Вице-министрдің айтуынша, бүгінде заң бойынша вакциналар саудасымен айналысатын кәсіпорындардың куәлігін қайтару тетігі қарастырылмаған. Себебі, ондай құжаттар шексіз мерзімге беріледі. Ендігі кезекте заңға өзгеріс енгізіп, вакцинаны өндіретін және сататын компанияларға қатысты талаптар күшейтілетін болады. Алдағы уақытта бюджет ақшасына сатып алынатын вакциналарды кәсіби шетелдік зертxаналар тексереді. Ал аталған тауарларды сатып алу конкурстары жылдың соңында өткізіледі.

 

Нақты шаралар қолға алынуы керек

Осы ретте Үкімет басшысы Ауыл ша­руа­шылығы министрлігіне ветери­нарлық қауіп­сіздік бойынша құр ескерту жасай бермей, нақты шараларды қолға алу қажеттігін айтты.

«Вакцина туралы айтып жатырсыздар. Көп проблема содан шығып отыр ғой. Негізінен, оны xалықаралық талаптарға сәйкестендіру керек», деді Үкімет басшысы. Осы орайда Премьер-Министр көрші елдердің Қазақстанның етіне қатысты ветеринарлық тексерісті күшейтіп жатқанын тағы бір мәрте еске салып, келесі жылы да келеңсіз жағ­дай­лар қайталанбауы қажеттігін тап­сырды. Б.Сағынтаев ветеринарлық қауіп­сіздікті қамтамасыз ету бойынша жұ­мыс жүргізіліп жатқанын, алайда жос­парланған іс-шаралардың барлығы бірдей орындалмағанын да атап өтті. Өзінің орынбасары – Ауыл шаруашылығы министрі Асқар Мырзахметовке ветеринарлық қызметтердің жұмысына бақылауды күшейтуді және мал қорымдары мен Сібір жарасымен ауырған малдардың қорымдарын Мемлекеттік жер кадас­трының ақпараттық жүйесіне енгізуді қамтамасыз етуді тапсырды. Сондай-ақ, Премьер-Министр жоспарланған мерзімге дейін Қазақстанның 5 облысының вакциналаумен аусылдан азат аймақ мәртебесін алуы үшін жұмыс жүргізуді тапсырды. Ал бүгінгі таңда республикамыздың қалған 9 облысының аумағы ресми түрде вакциналаусыз аусылдан азат аймақ болып танылды.

 

Инвестициялар еселенді

Үкімет отырысының күн тәртібінде қаралған келесі мәселе – елімізге инвестициялар тарту жайында Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек баяндады. Министрдің мәлімдеуінше, әлемдік экономикадағы жағдайларға байланысты 2013 жылдан бері Қазақстанға тартылған тікелей шетелдік инвестициялар көлемінің тұрақты төмендеуінен кейін ағымдағы жылы едәуір өсім байқалған. Биылғы жылдың бірінші жартыжылдығының қорытындысы бойынша жалпы тікелей шетелдік инвестициялардың көлемі 25,8 пайызға өсіп, 9,3 млрд долларды құрады. Бұл инвестициялардың 60 пайызға жуығы – кен өндіру өнеркәсібі, 15 пайызы – өңдеу өнеркәсібі, 9 пайызы – сау­да және 5 пайызы құрылыс салаларына тиесілі, ал 12 пайызы басқа салалардың үлесінде. Ж.Қасымбек, сондай-ақ, биыл ЭЫДҰ-ның Инвестициялар жөніндегі комитеті ЭЫДҰ Кеңесіне Қазақстанды өздерінің қатысушысы ретінде шақыруға ұсыну туралы шешім қабылдағанын жеткізді. Министрдің айтуынша, бұл Қазақстанға деген зор сенімнің белгісі және Қазақстанның инвестициялық ахуалы халықаралық стандарттарға, іскерлік ортаның жоғарғы деңгейіне, бәсекелестік пен инвесторлардың құқығын қорғау салаларына сәйкестігінің көрсеткіші.

Шетелдік инвестициялар туралы әңгімені Сыртқы істер министрі Ер­лан Ыдырысов жалғастырды. Ол инвес­тициялық ахуалды жақсарту бойынша бірқатар ұсыныс айтты. Министр Қазақстанда 2017 жылғы 1 қаңтардан бастап ЭЫДҰ, Еуропалық одақ елдері, Малайзия, Монако, БАӘ және Сингапур үшін 30 күнге дейінгі визасыз режім іске қосылатынын хабарлады. Осыған орай СІМ визасыз кіруге құқығы бар, «инвесторлық» визалары бар азаматтарды кідіріссіз тіркеу жүйесін енгізуді ұсынады. Бұл Қазақстанның инвестициялық ахуалын айтарлықтай жақсартуға мүмкіндік бермек. Бұдан өзге, Қазақстанның ДСҰ-ға мүше болып, ЕАЭО-ның белсен­ді қатысушысы және Еуропалық одақ­пен ынтымақтастықта болуына орай, барлық тиісті ведомстволардың қатысуы­мен Ұлттық сауда саясатының тұжырым­дамасын әзірлеудің уақыты келіп жетті, бұл да әкімшілік кедергілерді азайтып, инвесторларды тартуға септігін тигізеді.

Осы ретте Премьер-Министр Б.Са­ғын­­таев инвестиция тарту елшiлердiң де бiрiн­шi кезектегi мiндетi екенiн айтып өтті.

«Мемлекет басшысының сапарлары кезiнде бизнес-форумдар өтiп, көптеген меморандумдар мен келiсiмдерге қол қойылады. Ал әрi қарай мониторинг қалай жүргiзiледi? Бұл жұмысты қағаз түрiнде қалдырмай, соңына дейiн жеткiзуiмiз керек. Сондықтан ревизия қажет. Бұл жұмысты Инвестициялар және даму министрлiгi мен Сыртқы iстер министрлiгi жыл соңына дейiн аяқтауы тиiс», деп нақтылады Б.Сағынтаев.

 

Дайындық пысықталды

Отырыста, сондай-ақ, Универсиада-2017-ге дайындық барысы қаралды. Бұл жөнінде Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы баяндады. Бұл ретте Премьер-Министр Б.Сағынтаев бірқатар тапсырма берді. Универсиада жоғары ұйымдастырушылық деңгейде өтуі керектігін, себебі, мұндай жарыс­тар спортсүйер қауымды көптеп тартатынын атап өтті. Премьер-Министр Алматы әкімдігіне, Мәдениет және спорт министрлігіне барлық ұйымдас­ты­рушылық кезеңдер бойынша және еліміздің құрама командасын дайындау бойынша тиісті жұмыс жүргізуді тапсырды. Сондай-ақ, Премьер-Министр облыстар, Астана және Алматы әкімдеріне Дүниежүзілік Универсиада алауы эста­фе­тасының өңірлік кезеңдерін өткізуді айрықша бақылауға алуды тапсырды.

Динара БІТІКОВА,

«Егемен Қазақстан»