01 сәу, 2019 сағат 13:44

Ми-8 апаты: Экипаж тікұшақтың шаруа қожалығына құлауына жол бермеген

Қызылорда облысында апатқа ұшыраған Ми-8 тікұшағының экипажы әуе кемесін шаруа қожалығының үстінен әрірек алып кеткен, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Мен апат орын болған жерге бірінші жеттім. Алғашқыда көргенім тікұшақ бөліктерінің жан-жаққа шашырап кеткені болды. Куәгер ауыл тұрғынының айтуынша, «тікұшақ тура үстінен ұшып өтіп барып, құлаған». Бұл экипаждың соңына дейін күрескенін дәлелдейді. Шаруа қожалығы зардап шекпес үшін тікұшақты басқа жаққа бұрып әкеткен. Мен 13 жігіт те - батыр деп есептеймін», - деді ҚР Қарулы күштері әскери-әуе күштерінің қолбасшысы Дәурен Қосанов ОКҚ-да өткен баспасөз мәслихатында.

Еске сала кетсек, ҚР ІІМ ТЖК баспасөз қызметі бұған дейін Қызылорда облысының Жалағаш ауданында МИ-8 тікұшағы апатқа ұшырағанын хабарлаған болатын.

Қорғаныс министрлігінің ақпаратына сәйкес, аталған тікұшақ 4 бірдей әскери тікұшақ құрамынан тұратын бөліммен бірге Ақтау қаласынан Шымкентке ұшып бара жатқан. Ұшу сапары арнайы бөлімшелердің «Алтын жебе» кешенді оқу және жаттығу аясында қараңғыда әрі күрделі метеорологиялық жағдайда жүргізілген.

Тікұшақта болған 13 адам қаза тапты.