15 нау, 2020 сағат 09:40

Мешіттерде намаз оқуға неге тыйым салынды?

Елдегі жағдай

Қазіргі таңда COVID-19 жұқпалы ауруы тек Қытай еліне ғана емес, бүкіл әлемге таралып, оның ішінде Қазақстанды да айналып өтпеді. Елімізде де біршама адамнан аталған аурудың белгілері пайда болып, Қазақстан билігі 16 наурыздан 15 сәуірге дейін елде коронавирусқа байланысты төтенше жағдай жариялап, Алматы мен Нұр-Сұлтан қалаларында карантин жариялауға мәжбүр болды.

Осы бір ай уақыт төтенше жағдай кезінде барлық сауда орындары жабылып, той, ас беру, спорттық жарыстар мен мектеп, колледж, жоғары оқу орындарында білім беру, түрлі шаралар мен концерттік бағдарламалар және т.б адамдар көп жиналатын кез келген жиынға тоқтау айтылып, тыйым салынды.

Қасиетті Құранда Алла Тағала адамзат баласына: وَلَا تُلْقُوا بِأَيْدِيكُمْ إِلَى التَّهْلُكَةِ  «Өз-өздеріңді қауіп-қатерге тікпеңдер», – деп ескерту жасаған («Бақара» сүресі, 195-аят). Сонымен қатар, шариғатта «Өзіне де, өзгеге де зиян келтіруге болмайды» делінген. Яғни Ислам діні кейбір ғаибадаттар мен құлшылықтарды қауіпті жағдайларда уақытша тоқтата тұруға рұқсат береді.

Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) жұқпалы ауруға байланысты: «Науқас кісі дені сау адамға жақындамауы тиіс», – деген (Бухари, Муслим) деген екен.

Мұның бәрін неге айтып отырмыз? Бүгінгі жағдайда кейбір діни ғибадаттарда жамағатпен атқарылуына тыйым салынғаны абзал. Өйткені ислам діні адамның адамның өміріне, денсаулығына, мал-мүлкіне, бала-шағасы мен отбасы мүшелеріне әлдебір залал келгенін мақұл көрмейді. Сондықтан мұндай жағдайларда мешітке келіп, бес уақыт намазды, сонымен қатар жұма намазын жамағатпен оқуға міндеттемейді.

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының пәтуасы

Осындай жағдайларға байланысты Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы төтенше жағдайда мешітте жұма және бес уақыт намаз оқуға қатысты пәтуа шығарды.

Жоғарыда аталған індеттің таралу қаупі жоғары болуына және елдегі төтенше жағдайдың жариялануына байланысты, Қазақстандағы барлық мешіттерде жұма намазы уақытша оқылмайды. Құлшылық етуші әр адам жұма намазының орнына өз үйінде бесін намазын өтейді. Өйткені бұл мешіттерде көп жамағаттың жиылып, көпшілік ортада қауіпті вирустың алдын алуға көмектесетін бірден бір жағдай болып отыр.

Дегенмен ескере кететін бір жайт, жамағатпен намаз оқымау деген сөз мешіттер жабылады деген мағынаны білдірмейді. Мешіттер жабылмайды, әдеттегідей бес уақыт намазға азан шақырылады. Тек барлық намаз жамағатпен оқылмайтынын түсіндіре кеткенімізді жөн көріп отырмыз.

Сонымен қатар, мешіт жанындағы асханаларда өтетін құдайы ас, садақалар (жетісі, қырқы, жылы, т.б. дәстүрлі кәделер) уақытша тоқтатылады. Бұл мешіттердің жанындағы асханаларға ғана қатысты емес. Еліміздегі барлық тойхана, ресторан, кафе, асханалар уақытша қызмет етуін тоқтатады. Өйткені өзінің және жақындарының денсаулығын ойлаған әрбір адам көпшілік ортада болудан уақытша шектеле тұрады. Яғни нәпсінін тыю арқылы өзін шектейді.

Ал егер адам қайтыс болған жағдайда, жаназа намазы марқұмның жақындарымен ғана, өте шағын топпен өтелгені құпталып отыр. 

Айта кетейік, осы ретте Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Ғұламалар кеңесі елімізде жарияланған төтенше жағдайды ескере келе, мұсылман қауымын сабыр сақтауға, орынсыз үрейленбеуге, халықты дүрліктірмеуге және Алла Тағалаға дұға етуге шақырып отыр. Естеріңізге сала кетейік, осы жағдайға байланысты ҚМДБ Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы арнайы үндеу жариялаған болатын.

Орта Азия мемлекеттеріндегі жағдай

Еліміздегі төтенше жағдайға байланысты жамағатпен намаз оқуға тыйым салу біздің Қазақстанның ғана тәжірибесінде болып жатқан жоқ. COVID-19 коронавирус дертінің өршуіне байланысты Араб елдері мен Орта Азия мемлекеттері де дәл осыған ұқсас пәтуа шығарған.

Атап айтқанда, Өзбекстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы Усмонхон Алимов коронавирустен сақтану мақсатында жұма намаздың уақытша оқылмайтынын хабарлады. Өзбек елінде де дәл Қазақстандағыдай, жұма намазының орнына әркім өз үйінде бесін намазын оқиды.

Дәл осындай үндеуді  Қырғызстан мұсылмандары діни басқармасының бас мүфтиі Мақсат қажы Тоқтамысов та жолдады. Ол өз үндеуінде коронавирус індетінен сақтану мақсатында мұсылман елдері жариялаған пәтуаларды негізге алғанын атап өткен болатын.

Сонымен қатар, жұма намазын уақытша тоқтату туралы  Тәжікстан Ислам орталығының Ғұламалар кеңесі де пәтуа шығарған. «Мұсылман басқа мұсылманға зиян тигізбеуі қажет. Сондықтан жамағаттан топтасып, жиылмауын сұраймыз. Дене қызуы көтерілген жағдайда дереу дәрігерге көрінуін кеңес етеміз» деген болатын Ислам орталығының Ғұламалар кеңесінің мүшесі Джамолиддин Хомуши.

Дәл сол сияқты Түркия билігі де мешіттерде жамағатпен намаз оқуға уақытша тыйым салуға мәжбүр болды. Бұл туралы түрік басылымдары арқылы Түркия Дін істері басқармасы төрағасы, профессор Али Ербаш мәлімдеген болатын.

Араб елдеріндегі жағдай

Сауд Арабиясы коронавирус індетінің өршуіне байланысты мешіттерде жұма және басқа да намаздарды оқуды уақытша тоқтатты. Жағдайды түсіндіру мақсатында Дүниежүзілік Ислам лигасының бас хатшысы Мұхаммед әл-Исса пандемия асқан сақтықты қажет ететінін, сондықтан жамағаттың жиналуына жол беруге болмайтынын атап өтті.

Сонымен қатар, Кувейт елі де дәл осындай пәтуа шығарып, мәлімдеме жасады. Коронавирус дертінің жайылып жатқанына байланысты, Уақып және дін істері министрлігі халыққа «әркім намазын үйінде оқысын» деп үндеу жасады.

Сол сияқты, бірқатар елдерде, атап айтқанда, Иран, Мысыр, Иордания, Палестина, Марокко, Малайзия, Ресей мемлкеттерінде жұма намазы уақытша оқылмайды. Барлық елдердің үндеуінде айтылғандай, бұл елдердің де мұсылмандары жұма намазын үйінде бесін намазы етіп өтеуге міндеттеліп отыр.

Міне, осылайша бірқатар мемлекеттерде мешіттерде жамағатпен намаз оқуға тыйым салынып жатыр. Бірақ мұның бәрі адамзаттың денсаулығы үшін уақытша жасалып жатқан игі шаралар екенін ескертеміз. Мына аты жаман дерттің беті қайтса, барлық мұсылманның бес уақыт намазы әдеттегідей жамағатпен орындалып, мұсылмандар мешіттерде бас қосады деп кәміл сенеміз.

Ақбота МҰСАБЕК