11 қар, 2025 сағат 13:35

Мерзімдер бұзылса, әкімдер жауап береді – премьер-министрдің ескертуі


Фото: Премьер-министрдің баспасөз қызметі

Премьер-министр Олжас Бектенов елдегі тозығы жеткен теміржол вокзалдары туралы айтып, әкімдерді сынға алды, деп хабарлайды Ult.kz.

«Биыл теміржол вокзалдарын жаңғырту  және күрделі жөндеу жұмыстары басталды. Қысқа мерзімде мердігерлер айқындалды. Оларға да,  әкімдіктерге де қолайлы  толығымен жүзеге асырылатын құрылыс туралы  шарттар жасалды. Үкімет  осы міндеттің уақтылы орындалуы үшін қажетті шаралардың барлығын қабылдады. Алайда кейбір әкімдіктердің  құрылыс барысына  бақылауды босаңсытып алғанын көріп отырмыз», ‒ деді О. Бектенов өз сөзінде.
 
Премьер-министрдің сөзінше Ақмола, Жетісу, Ақтөбе, Абай және Ұлытау облыстарында  мерзімдердің бұзылу қаупі жоғары. Ал Маңғыстау облысында бір вокзалда жұмыстар кестеден кешігіп жатыр. 

«Алматы қаласында  «Алматы-1» вокзалын жаңғырту  жұмыстары  тым созылып кетті. Мұны  әкімдіктердің жұмысындағы  олқылық деп санаймын.  Барлық құрылыс жұмыстары  сапа талаптарын сақтай отырып,  белгіленген мерзімде аяқталуға тиіс. Тапсырманың орындалуына  жергілікті атқарушы органдардың бірінші басшылары  тікелей жауапты болады», ‒ деді ол сейсенбіде өткен Үкімет отырсында.

Құзырлы ведомствоның мәліметі бойынша қазіргі уақытта 124 нысанның 121-інде құрылыс-монтаж жұмыстары жүргізілуде. Вокзалдардың шамамен 70%-ы 30 жылдан астам уақыт жөндеуден өтпеген.

ҚР Көлік министрлігінің баяндамасы бойынша Техникалық тексерулер нәтижесінде кейбір тіреуіш бағандар мен конструкцияларда әрі қарай пайдалануға жарамсыз ақаулар анықталған.Осыған байланысты 42 нысан толықтай бұзылды. Бұл өз кезегінде жұмыс көлемін арттыруға және құрылыс-монтаж жұмыстарының басталу мерзімін кешіктірілуіне ықпал етті.