14 жел, 2017 сағат 15:24

Мереке күндері Қазақстан полициясы күшейтілген режимде жұмыс істейді

ҚР Тәуелсіздік мерекесі күндері Қазақстанның көліктегі ішкі істер департаменті күшейтілген жұмыс режиміне ауысады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«15-18 желтоқсан аралығында ҚР ІІМ көліктегі ІІД жеке құрамы мереке күндеріндегі қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында күшейтілген жұмыс режимінде жұмыс істейді», - деп жазылған ҚР ІІМ Көліктегі ішкі істер департаментінің хабарламасында.

Аталмыш іс-шараға ведомствоның барлық күш-құралы жұмылдырылған.

Департамент басшысының орынбасары Талғат Өтетілеуовтың айтуынша, мереке күндері көліктегі полицейлер әуе және темір жол қызметін пайдаланатын жолаушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз етеді. 800-дей тәртіп сақшысы әуежайлар мен теміржолдардағы  қоғамдық тыныштықты күзететін болады. Сонымен бірге, қылмыстың алдын алу, ұрлық, алаяқтық істердің ізін суытпай ашу жұмыстары жедел жүзеге асырылады.

Қосымша жедел-тергеу топтары қылмыс орын алған жерлерге жылдам жетіп, аталған жұмыстарға кинологиялық орталықтардың қызметтік иттерін де пайдаланады.

Өтетілеуовтың айтуынша, қазір Астана-1 және Астана «Нұрлы жол» вокзалдарының іші-сыртында  600-ден астам бақылау камерасы жұмыс істеп тұр.