28 қыр, 2016 сағат 10:05

Менің Оралханым

«Менің Оралханым!». Иә, тек қана менің Оралхан ағам! Білем, бұл пікіріммен өзгелер секілді Сіз де келіспейсіз! Бірақ, Бөкеев шығармаларымен танысып, оралхандық ордалы ойдың орманына бойлап, әсемдікпен әдіптеліп, сұлулықпен сырланған сұңғыла сырдың тереңіне сүңгіп, суреткердің сезімтал, сүйіспеншілік пен махаббатқа толы әлеміне сапар шеккен әр оқырманның жүрегінде титтей де болсын өз Оралханы болады. Демек, менің де жүрегімде өз Оралханымның болуы заңдылық. Егер ортамызда жүрсе қыркүйектің 28-інде 68 жасқа келеді екен. Елуіне үлгермей кеткен қаламгердің мәңгілік мекеніне оралғанына да он сегіз жылдан асты. Алғашқы өмірі тым қысқа болғанымен, екінші өмірінің ғұмыры ұзақ. Себебі, өзі кеткенімен, есімін мәңгі өшірмейтін отты туындылары – мәңгілік!

Ең алғаш «Апамның астауы» арқылы қол бұлғаған балаң армандар есейе келе Қар қызы болып шақырды. «Ауыл хикаяларының» ішіне таңырқай кіріп, сол Зарқұмар ата, Иғаң, Биғаң мен Нина апайлар сынды ауылдың сан алуан мінезді аңғал да  ақжарқын адамдары­ның боямасыз өмірлерін өзім де кешіп жүр­ген­дей әсерленіп, кітаптың соңғы бетін ерекше те­бі­реніспен жапқаным есімде. Кей сәттері қаланың бірсарынды қытымыр тірлігінен жалығып, ауылымды аңсап, ата-әжемді сағынған кезде де көкірегіме тұнған сары сағынышты Оралхан ағама, Ор-ағаңның «Ауыл хикаяларына» оралу арқылы басатынмын. Міне, осылай, суреткердің әр туындысын қолыма алып, өзім де сол шығарма кейіп­керлерімен бірге өмір кешіп, бірге қуанып, бірге мұңайғанмын. Шығарма­ла­ры­ның шы­найылы­ғынан болар, Шығыстың талғампаз табиғаты, кербез Алтайы мен маңғаз Мұзтауы өмірбақи сол аймақта ғұмыр кешкендей таныс болып алғаны. Шырайлы Шың­­ғыстай жерін көзіммен көрмесем де, қасиет­ті топырағына табаным тимесе де, сұлу­­лы­ғына тамсанып, әсемдігіне бас иер екінші туған жеріме айналып үлгергені қашан. 

Бізге, жалпы, біздің буынға Ор-ағаңдай оғлан­мен бір рет те кездесу бақыты бұйырма­ған­дық­тан, мен өз Оралханымды іздеуден бір сәт те тынған емеспін. Марат Қабанбай аға­мыз айтатын қасқа құлынын жетектеп, қар жамылған Мұзтаудың ұшар биігінде күнге қасқая қарап, Кер­бұғыдай қарысып, сол жерде мәңгілікке тұрып қалған Мұзбалақтың бізден, қарапайым адамдардан әлдеқайда жоғарыға өрлеп кеткен бейнесін сол ұшар биіктен ұшыратқым келді. ...Әлдеқайдан, тым алыстан...қар шағылдардың арасынан сыңси салған қыздың мұңлы әніне құлақ түргім келді. Мүмкін ол тіпті де Қар қызының емес, Кербұғы қаламгердің бүгінгі ұрпағына ән қылып айтар жан сыры болар, мұң қылып шерткен мұң-назы болар... Сол сұлу да наз­ды әуенмен сырласуға, мұңдасуға аңсарым ауды. Тағанның аузымен айтылатын «Неге біз осы?» деген жалғыз сауалды оқырманына қою арқылы, жанын жай таптырмай, санасын сан саққа сандалтып, ойын мың мазалаған қалам­гер­дің алаңы мен уайымына өзімше жауап тап­қым келді, соған талпындым. Тіпті болмағанда, «Албания, шалбариясын» аузынан үнемі тастамайтын «күжілдек» Құмардың Бұқтырмаға батып бара жатып неге қол бұлғағанының сырына үңілгім келді. Ор-ағаңды тудырған әулие Шыңғыстайдың киелі топырағына тәу етіп, бізге аса таныс сан ха­рак­терлі ауылдың ақадал адамдарымен танысып қайтуға құмарттым. Күркіреп, дамыл таппас Күркіременің балдай шәрбатына қанып, арнасынан асып, арқырап жатар арынды Бұқтырманың асау ағысына ілескім келді. Бәл­кім, дәл сол кезде «сүйікті сурет­керім­мен қауы­шар­мын» деген тәтті үміт жетеле­ді алға. Сол сенімнің жетегіне еріп, өзі­ме-өзім «тәуекел!» дедім де, бірнеше жылдан бері жүрексініп жүрген Алматы – Шыңғыстай бағытындағы ұлы сапарға аттанып кеттім.

Арманға барар жолда...

...Қасымда тек құрбым бар. Таныс та бейтаныс Шығыс жеріне кетіп барамыз. Көңілде, кеудеде толқу мен қорқыныш сезімдері толассыз арпалысады. Толқитынымыз – Ор-ағаңның туған жеріне түскелі тұрған тұңғыш сапары­мызға көз сенгенімен, көңіл сенбей өрекпитін­дігі. Барған соң біздің алдымызда қандай тосын жайлардың күтіп тұрғанды­ғынан мүлдем бейхабармыз. Бір-бірімізге іштегі бірінен-бірі айнымайтын сол қорқыны­шымызды  ашып айтпа­ға­ны­мызбен, екеуміз де үрей мен үміттің ара­сын­да арпалысып келе­міз. Жанымызды жалғыз-ақ: «Ор-ағаңның шығармаларын оқыдық қой. Демек, Шығыс жері бізге жат болмауы керек» деген алдамшы үмітпен алдаусыратып, жұбатып қоямыз. Отарба жүйткіп келеді. Жүйрік-ақ. Бірақ қанша жүйткігенімен де біздің қиялымыздың қасында тым шабан. Пойыз межеленген шекараға жету үшін жанталасса, біздің арман ол шекарадан әлдеқайда бұрын асып өтіп, көкке, бірнеше есе биікке  көтеріліп кеткен. Әдемі қиялдың жетегінде келеміз... Отар­ба­ның жеткізген жерінен түсіп, ары қарайғы жолды көлікпен жалғадық. Сағат тілі таңғы 11:00-ді көрсетіп тұр. Біз мінген «Жигули» автокөлігі үлкен тас жолға шығып алып, зымырай жүйткіп келеді. Қаладан екі сағаттай ұзаған соң, қарағайлы-самырсынды ну орман басталды. Сол қалың орманның ортасына са­лын­ған жолмен тауға қарай өрледік. Екі жағымыздан қоршай, тереземіз­ден төне телмірген тау мен самырсынды орман мәңгі жас, жап-жасыл қалпында көздің жауын ала жай­қалады. Дәл Сіз, Сіздің ешқа­шан ескірмес мәңгі жасыл шығармаларыңыз сияқты... 

Әне, Алтай тауы! Алыстан мұнартады. Сіз сыр ғып шертіп, жыр ғып айтар асқақ Алтай. Шексіз созылып жатыр. Өзіңіз жырлайтындай, сол баяғы асқақ күйінде, еш өзгермепті. Тек, Сіз ғана жоқсыз, Аға... Бір асудан бір асуға өтіп, бір таудан асып, бір тауды артқа ысырып, басып өткен сайын әсемдікке тамсанып, өзімше жаңа­лық ашып келе жатқан­дай­мын. Сіздің қай кітабыңызды бастап оқы­майын, қай-қайсысы да бірі екіншісіне мүл­дем ұқсамайтын ғажайып әсерге бөлей­тін. Содан соң мына көліктің білдіртпей тау басына апаратыны сияқты, мен де әр шығар­маңыз­ды оқыған сайын рухани биікке қалай көтеріліп кеткенімді өзім де аңғармай қалатынмын...

«Жол мұраты – жету» десе де, осындай сұлу­лықты көрген сайын бойымды әсемдікке деген бір қанағатсыздық билеп, бұл сапарым­ның, ұлы мақсатқа бастаған ұлы жолдың таусылмауын, дәл осы жерде уақыттың бірер сәтке тоқтап қалуын тіледім іштей...

Кеме арқылы асау Ертісті басып өтіп, қайта­дан тас жолға түстік. Үлкен Нарын, Қа­тон­­­қарағай елді-мекендерінің үстімен кеш­құ­рым тағатсыз­дана күткен Шыңғыс­тай­дың қасиетті топырағы­на да табанымыз тиді. 

Шыңғыстайды шарлағанда...

...Қандай таза саф ауа! Құшырлана жұта­мыз. Өскеменнен шығарда Азамат Қасым есімді әріп­тес ағамыз бағыттағандай, О.Бө­кей мұражай-үйінің меңгерушісі Аманжан Нұқсарин атаның үйін ауыл тұрғын­дарынан сұрай жүріп тауып алдық. Келсек, Аманжан ата қалада болып шықты. Бізді қарсы алған осы үйдің бәйбішесі Бахтина апайға бар мән-жайды баяндап, өзіміз­дің құдайы қонақ екенімізді айттық. Апай бізді құрақ ұша қарсы алды.

 ...Бұл жақтың адамдары Ор-ағаңның өзі айтпақшы, шығар күнді бірінші болып көретін­діктен, өз несібелерін құр жібермес үшін де тым ерте тұрады екен. Жаз мезгілінде сағат таңғы 3.30-4.00 – ауыл тұрғындарының ұйқыдан оянып, шаруаларына құлшына кірісетін дер шағы. Қалалық әдетімізге басып, түске дейін тұяқ серіппей жатып алуды ыңғайсыз көріп, біз де ауыл адамдарымен бірге құлқын сәріден тұр­дық. Күн енді шы­ғып келе жатыр екен. Жұрт мал-жандарымен әуре. Ал, менің көзімді аша сала бірінші ізде­генім – Оралхан-аға шығар­малары арқылы жаттап өскен атақты Бұқтырма. Біз түскен үй ауылдың дәл Бұқтырма жақ қапталында болып шықты. Қақпадан шыққаннан кейінгі таяқ тастам жерде Бұқтырма баяу ғана жылжи ағып жатыр екен, жарықтық. Қаламгер «Қанды су» атайтын Бұқтырмаңыз менің көзіме баяғы асау арынынан ажыраған, тым жуас кө­рінді. Ол да өз жыршысын аласұра іздеп, күте-күте, ақыры аяғында күдері үзі­ліп, енді қайтып оралмайтынына әбден көн­дік­кендей, жалынсыз, аса сабырлы қалпында еріне жылжиды...

Таңғы шайымызды іше салып, Ор-ағаңның ту­ған шаңырағына баруға асықтық. Кезінде Бөкей ақсақалдың үйі өзеннің жағасында бол­ғанымен, кейін көктемде Бұқтырма тасып, үйле­рін су басу қаупі туған соң, қонысты ауыл­дың тау жақ беткейіне ауыстырған екен. Жанында әпкесі Шолпан мен «Апамның астауында» айтатын Әутәліп жездесінің үйі бар. Қазір ол отау­дың отын өшірмей маздатып отырған Шолпан апайдың кенжесі – Талғат аға. Астанадан ата-бабасының рухына құран бағыштауға арнайы келген Ғалия апай осы үйге тоқтапты. Көптен бері орайы келмей жүрген кездесудің сәті Шың­ғыс­тай жерінде түскеніне қатты қуандым. Ғалия апаймен бірге қасиетті қарашаңыраққа беттедік. Есіктің алдында жапырағын жая, төгіле жайқалған аппақ қайың әдеппен иіліп сәлем беріп, қарсы алып тұрғандай жанға жа­ғым­ды-ақ. Одан әрі ауланың ішіне қарай өрледік. Алдымыздан «Оралхан Бөкей» деген жазуы бар алып қара тас-ескерткіш кезік­ті. Бет-әлпеті қаламгерге қатты ұқсай қоймапты. Тек иыққа төгілген шаш пен мүсін­нің төменгі жа­ғын­дағы «Оралхан» деген жазу ғана бұл бейненің Ор-ағаңа тиесілі екенін айқындап тұр. Егер ескерткіш осы екі белгісінен айырылса, бұл мүсін­нің Оралхан-аға екенін тани қоюыңыз екі талай. Одан әрі үйді айнала жүріп өттік. Ғалия апай балалық шақтың тәтті елестерімен, Ор-ағаң­мен бірге өткен кездерінің қызықты ес­те­лік­терімен бөлісті. Кезінде абыр-дабыр, төрінен бір сәт  те қо­нақ арылмайтын бұл үйге жылына бір рет Ғалия апайдың келіп тұратыны болмаса, қазір ешкім тұрмайды. Есігінде үлкен қара құлып. Келген қонақтарға мұражай ретінде көр­сетуге ашылмаса, қалған уақытта жабулы. Бір кездегі Бөкей ата мен Күлия апайдың бала-шағасымен бірге, мәре-сәре болып жатар шаңы­ра­ғы қазір өлі тыныштық күйінде. Үйдің арт жағын­дағы қол ұстасқан қос қайың Ор-ағаңның өз қолымен отырғыз­ған ағашы. Уақыт алға жылжыған сайын тамырын тереңге жайып, жайқалуда. Есіктің дәл алдына өскен самырсын ағашының саясында тұрған алып қара тас Ор-ағаңның үсті­не отырып алып өткен-кеткен адам­дардың әрекетіне көз салып, шығармала­рына жаңа характер іздейтін, қарсы беттегі асқар-асқар тауларға көз салып, қиялға бері­летін ойлану орны екен. Қаламгердің басып өткен, табаны тиген әр жерге тағзым етіп, бас идік. Одан кейін үйдің ішіне де ендік. Кіруін кірсек те, сүйікті қаламгерім жайындағы мол деректік мәліметтерге қанығам деп келген үлкен үмітім, құлшынысым су сепкендей басылды. Себебі, біз бұл мұражай үйден тұрмыстық заттардан өзге, Оралхан-ағаның өзіне тиесілі жұмыс үстелі, фотоаппараты, қолсағаты және «Найзағай» мен «Бейтаныс ару» картиналарынан басқа затты кездестіре алмадық. Тек қабырғада ілінген естелік суреттермен көңіл жұбатуға тура келді. Тіпті, кітап жи­нал­ған сө­ре­де де өзге кітаптардың барлығы болғанымен, Ор-ағаңның аты жазылған «Ұйқым келмей­дісі­мен» мен «Ардақ» аталатын кішкентай кітап­ша­дан өзгесін ұшырата алмадық. Ғалия апайдың айтуынша, мұндағы дүние-мүліктің көбісі кезіндегі қиын-қыстау кезеңде қолды болып кеткен екен. Есіктің құлпы орнында тұрғанымен, баукеспелер артқы тау жақ терезе арқылы қа­сиет­тен, қалам­гердің киесінен қорықпастан бағалы дүние-мүліктің барлығына «жиендік» етіпті. Соның салдарынан да мұражай-үйдің көп мүлкінің орны басқа заттармен алмастырылса, және біраз бөлігі қаламгердің мерейтойына келген сыйлықтармен толтырылыпты. Ор-ағаңның өзінің жеке мұрасына, кезіндегі аса қызығушылықпен жинайтын сан алуан мүштік­тері мен қамшыларының, күнделік, қолжаз­бала­ры­ның барлығы жары Ардақ апайда қал­ған­дықтан, қазіргі жай-күйінен  Ғалия  Бө­­кей­қызы  да,  шыңғыс­тайлық­­­тар да хабарсыз. Ал енді Ардақ жең­геміз­дің ағаның аманатына қаншалықты адал екені бізге тағы беймәлім. Өткенде осы сауалға жауап алу үшін Жамбыл көшесінің бойындағы Алматыға келгеннен өмі­рі­нің соңына дейін тұрған, қаламгердің қара­шаңы­рағына барғанымызда, ол үйдің әлдеқашан, Ор-ағаң қайтқаннан кейінгі бірнеше жылдан соң-ақ сатылып кеткенін біліп, көңіліміз құла­зып қайтты. Қолымыздан келгені – «Бұл үйде 1977-1993 жылдары Мемлекеттік сыйлықтың иегері, белгілі жазушы Оралхан Бөкей тұрған» деген жазуға телміре қарай беру болды. Одан кейін де Ардақ апаймен кездесудің жолын қанша іздегенімізбен, бүгінге дейін сәтсіз болып келеді.

Қаламгер мен кейіпкер

Ор-ағаңның өзге жазушылардан басты ерек­шелігі – шығармаларына кейіпкер болар бейнені алыстан арбалатып әбігерге түсіп, болмаса көктен іздеп, сан қиялға беріліп, ойдан шығарып машақаттанбайтындығы. Барлығы да өзінің жанындағы, үнемі көзі көріп өскен ауыл­дың қарапайым адамдары. Сондықтан болар, мұражайдан шыға сала іздегеніміз - Оралхан оқырмандарының жанына аса таныс, көзжақсы жақындарына айналып үлгерген шы­ғар­ма кейіпкерлері - шыңғыстайлық тұрғын­дар болды. Өткен күнде белгі жоқ демей ме?! Уақыт алға жылжыған сайын сол Ор-ағаң кітаптарына арқау болған бейнелердің қатары да сирей бастапты. Кезіндегі жалықпай сан мәрте оқитын жұмысына жан-тәнімен адал беріліп, тіпті бес тиыннан мүлт кетуді ар санайтын «Бес тиындағы» Зәкең, Зарқұмар ата да, «ғұмырында ренжімей­тін, дүние өртеніп бара жатса саспайтын, дүние­нің қайғысы мен қуанышын бөліп-жармайтын, мең-зең, ұйқылы-ояу» Биғаң да, ол кісінің ауыл­дағы жалғыз адам болып орыстан алған келін­шегі – Нина апай да, «бүкіл ауыл тіршілік қамы­мен қора-қопсысын түзеп, бақшасына картоп салып, арпалысып, қысқа дайындық жасап жанталасса... ысқырып қойып, теріс қарап дүңкиіп ұйықтап жатар» бейқам Иғаң да – бәрі-бәрі қазір ортамызда жоқ, тек тұрған үйлері, жасап кеткен жарқын істері мен жүрген іздері Шың­ғыс­тайдың сан тарам сара жолында сайрап жатыр. Көзі тірі кейіпкер­лер­ден тек Нұрлан мен Орынбай аталар қалыпты. «Қар қызындағы» Нұржан, «Мынау аппақ дүниедегі» неміс қызына ғашық болып, ынтығатын  арманшыл Нұрлан бейнеле­рі­нің прототипі Нұрлан атаны арнайы іздеп барып, бала күнінен бірге өскен досы жайында естелік сұрағанымызда: «Қайран, Ораш!» деп, үнсіз ұзақ ойланып қалды. Үні­нен айнымас адал досы, бала күнгі серігіне деген шексіз сағыныш сезіледі. Біріне «Қиқар», біріне  «Шойын­құлақ» деп ат қойып, тай-құлындай тебі­сіп өткен құрдас­тардың достығы ешқашан үзілген емес. Бала күнінде «Қиқар»  деп қағытар қаламгер досының Айман жеңгемізге қосылған ең бақытты күнінде де қасынан табылып, жігіт­жолдас әрі шын тілеулес жанашыры болып, үлкен өмірдің айдынына аттандырған да осы Нұрлан атамыз екен. Сағынышқа толы құшағынан әлі де шы­ға алмай отырған атаны сәл де болсын сейілткіміз келіп, «Мынау аппақ дүниеде» Орал­хан-аға жазатындай өзіңізден бірнеше жас үлкен неміс қызы Луизаға ғашық болғаныңыз рас па? – дегенімізде, балалық шақтың тәтті елестері жанына қайта орал­ған­дай, бізді қарсы алғандағы жүзіндегі әуелгі мейірімге толы аса шуақты күлкісі езуіне қайта үйірілді. «Рас, аспаннан түскен періштедей болып сол немістің қызы ауылы­мыз­ға келгеннен-ақ оның сұлулы­ғына сүйсін­беген жан жоқ еді. Солардың ішінде Ораш екеуміз де бармыз. Әрине, он бес жасар баланың ғашықтығының сыры мәлім ғой. Бірақ шығармада менің атым пайдаланыл­ғаны­мен, негізгі сезім, махаб­баттың барлығы Ораш­тың өзінің сезінгені. Соны кейін, өзіне қанша айтқаныммен, «Сені жаздым» деп Луизаға деген балаң махаббатын ақыры мойындамай кетті», – деп ата кеңкілдеп күліп алды. Әдемі әңгімеміз одан әрі Шыңғыстайдың Шекеме деп аталатын бөлігінде тұратын Орынбай ақсақалдың үйінде жалғасты. Есіңізде болса, суреткердің анасы Гүлия мен әкесі Бөкей  атаға арнап жазған «Бәрі де майдан» повесіндегі пошташы Ақан шалдың Жеңіс күні қарсаңында шағыр қасқа биесіне міне салып, Көбен тауындағы қыстаққа барып, таң атқанша сырласатын жас қойшысы – осы Орынбай ата болса,  Гүлия апамыздың әдебиеттегі көркем бейнесі Алманың мұңына ортақтасар жас келіншек Күміс – Орынбай ақсақал ошағы­ның отанасы. Сол Орынбай атамыз бен Күміс апамыздың алғашқы сезім хикаяларын Ор-ағаң кейін «Коммунизм туы» газетінде жарияланған «Өзі сүйген» әңгі­месін­де Алтай мен Күмісайым бейнелері арқылы төгілте суреттейді.

ТYЙІН:

...Қызық, бұған дейін бұл жөнінде мүлдем ойланып көрмеппін. Алтайдың ақиық жыршысының замандас достарымен кездескен сәттен бастап-ақ «аталап» сөйлестім. Осы кісілермен құрдас болса да, Оралхан ағамды ешқашан «ата» деп атамақ тұрмақ, тіпті ата ретінде көз алдыма елестете алмайды екенмін. Бәлкім, бұл – « Ұлылық – жалған дүниені майға шылқыған жалпақ табанымен жалпағынан басу емес, артыңа өшпес із қалдырып, арғымаққа мінгендей асығыс зулап өте шығу. Яғни өз өміріңізді оқыс әрі әдемі аяқтау» деп айтып және сол сөзін өзі де мүлтіксіз орындаған қаламгердің өзгелерден оқшауланып тұрар даралығы шығар... Менің Ор-ағам!

Жұмабай Назерке, "Қазақ әдебиеті", 2011 жыл