20 ақп, 2026 сағат 11:59

"Менің кінәм жоқ": Яна Легкодимованың өліміне қатысты апелляциялық сот отырысы өтеді


Фото: Немолкчиkz 

24 ақпанда Атырауда Яна Легкодимованың өліміне қатысты апелляциялық сот отырысы өтеді. Дәл осы соттан кейін ғана өмір бойына бас бостандығынан айыру туралы үкімнің заңды күшіне енген-енбегені белгілі болады.Бұл туралы Немолкчиkz қоры хабарлады, деп жазады Ult.kz.

Сотталушылар — Ризуан Қайыржанов пен Алтынбек Катимов — үкімді жеңілдету қажет деп санайтын себептерін көрсетіп, апелляциялық шағым түсірген.

Қысқаша айтқанда, Алтынбектің уәжі бойынша:

— адам жалдау (ҚР ҚК 99-бабы 2-бөлігінің 7, 8-тармақтары) болмаған;
— телефонды қасақана жою (ҚР ҚК 202-бабы 2-бөлігінің 6-тармағы) болмаған.

Алтынбектің айтуынша, жалдау фактісі тек әлеуметтік желілердегі хат-хабарларға ғана негізделген және оның ақша алғанын дәлелдейтін айғақ жоқ.

Телефонды жою дерегі бойынша ол оқиға кезінде өзі ауылда болғанын және телефондың жойылғаны туралы ештеңе білмейтінін мәлімдеген.

Еске салайық, 2024 жылғы 18 қазан күні Атыраулық Яна Легкодимова үйден шығып, із-түссіз жоғалған. Сол кезде өңірлік полиция департаменті адам ұрлау және өлтіру баптары бойынша қылмыстық іс тіркеліп, кешенді тергеу басталғанын хабарлаған.

24 және 25 жастағы екі күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына орналастырылды.

Янаның анасы Галина қызы күнделік жүргізген, және оның жоғалғаннан кейінгі күнделігінде күдіктінің кім болуы мүмкін екені туралы кейбір мәліметтер анықталған.

Қыздың денесі тек 2025 жылдың маусым айында табылды. Тамызда іс Атырау облысының қылмыстық істер бойынша мамандандырылған ауданаралық сотында қарала бастады.

Тергеу мәліметтері бойынша, Яна Легкодимованы Атырауда өлтіріп, денесін Еділ өзеніне тастаған. Бұл қылмысқа оның жігіті мен серігі күдіктелген. Іс материалдарына сәйкес, қаза тапқан қыз бір айыпталушының адалдығына күмәнданып, қарым-қатынасты тоқтатуды жоспарлаған.

Сот барысында қылмыстың адам шошырлық деректері жарияланды.


Оқи отырыңыз: Қатігездікке шек жоқ: Янаның өліміне қатысты чат мазмұны ашылды


Прокурор айыпталушыларға өмір бойына бас бостандығынан айырылуды сұрады.

Қараша айында Атырау қаласының соты 2001 жылы туған Яна Легкодимованы өлтірді деп айыпталған күдіктілер Ризуан Қайыржанов пен Алтынбек Катимовқа өмір бойына бас бостандығынан айыру туралы үкім шығарды. 

Сонымен қатар, сот қаза тапқан жас қыздың анасының азаматтық талап арызын қанағаттандырды: әр айыпталушыдан 15 миллион теңге моральдық шығын және 1 миллион 700 мың теңге материалдық залал өтеуге міндеттелді.

Сот шешіміне сотталушылар тарапынан аппеляциялық сотқа арыз-шағым берілген.