05 қаз, 2020 сағат 06:40

"Мен қазақпын, мың өліп, мың тірілген" - Жұбан Молдағалиевтің туғанына 100 жыл

Бүгін - қазақтың ақиық ақыны, Қазақстанның халық жазушысы, КСРО және Қазақстан Мемлекеттік сыйлықтарының лауреаты Жұбан Молдағалиевтің (1920-1988) туған күні, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Биыл ақынның туғанына тура 100 жыл толып отыр. 

Жұбан Молдағалиев Батыс Қазақстан облысы бұрынғы Тайпақ (қазіргі Ақжайық) ауданының Жыланды деген жерінде өмір есігін ашқан.

1940 жылы Орал ауыл шаруашылығы техникумын бітіргеннен кейін 1947 жылға дейін әскер қатарында болып, Ұлы Отан соғысына қатысты.

1948-1952 жылдары республикалық «Лениншіл жас» (қазіргі «Жас Алаш») газетінде бөлім меңгерушісі, жауапты хатшы, бас редактордың орынбасары, 1955-1956 жылдары «Қазақ әдебиеті» газеті бас редакторының орынбасары, ал 1958-1963 жылдары «Жұлдыз» журналының бас редакторы қызметін атқарды.

1953-1954 және 1963-1971 жылдары Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының екінші хатшысы, 1979-1983 жылдары бірінші хатшысы болды. Ол сондай-ақ КСРО Жазушылар одағы басқармасының, КСРО Министрлер Кеңесі жанындағы әдебиет, көркемөнер және архитектура саласындағы Лениндік және Мемлекеттік сыйлықтар жөніндегі комитетінің, «Новый мир» журналы мен «Библиотека поэта» басылымы редакциялық алқасының мүшесі қызметін атқарып, КСРО және Қазақстан Жоғары Кеңестерінің депутаты болып сайланды.

Атақты ақынның тырнақалды туындылары Орал қаласында жарық көрді. Атап айтқанда, оның алғашқы өлеңі 1939 жылы облыстық «Комсомол ұрпағы» газетінде басылған. Сол жылы облыстық «Екпінді құрылыс» газетінде (қазіргі «Орал өңірі») «Менің антым», «Кел, жолдастар, жырлайық» өлеңдері баспа жүзін көрді. Тұңғыш жинағы «Жеңіс жырлары» деген атпен 1949 жылы басылды. Содан кейінгі жылдары ақынның алпыстан астам кітабы жарық көріп, атағы жалпақ әлемге жайылды. Әсіресе, 1964 жылы «Мен - қазақпын» атты поэмасын шығаруы әдебиет әлемін дүр сілкіндірді. Сол кездің өзінде-ақ «Мен - қазақпын!» деп айдай әлемге жар салып, туған халқының өткен өмірі мен қилы тағдыры туралы тебірене жырлауы ақынның даңқын көкке көтерді.

Оның қаламынан «Жесір тағдыры», «Қыран дала», «Сел», «Байқоңыр баспалдақтары» сынды поэмалар туды.

Ал «Кісен ашқан» поэмасы үшін 1970 жылы Қазақстан Мемлекеттік сыйлығы берілді. Арада сегіз жыл өткенде КСРО Мемлекеттік сыйлығын иеленді. Өлеңдері мен дастандары көптеген шетел тілдеріне аударылып, өз бағасын алды. КСРО Қорғаныс министрлігі сыйлығының лауреаты және А.Фадеев атындағы алтын медальдің иегері. Ол Ленин, екі мәртеден Еңбек Қызыл Ту және екінші дәрежелі Отан соғысы, сондай-ақ «Құрмет Белгісі» ордендерімен марапатталған. 1985 жылы «Қазақстанның халық жазушысы» атағы берілді.

«Мен - қазақпын!» деп жырлап қана қоймай, Жұбан қысылтаяң сәтте халқын қорғай білген ұлы тұлға еді. Бұған 1986 жылы 31 желтоқсанда Қазақстан Жазушылар одағына кездесуге келген Қазақстан Компартиясы орталық комитетінің сол кездегі бірінші хатшысы Г.Колбинге қаймықпай айтқан атақты сөзі дәлел. Аяусыз соққы жеп, итке таланған қазақ жастарына араша түскен ақынның бұл хас ерлігі еді.