06 ақп, 2020 сағат 05:05

«Мен қазақпын» деп өткен Жұбан ақын

Биыл қазақтың көрнекті ақыны, қоғам қайраткері Жұбан Молдағалиевтің туғанына 100 жыл. Осы атаулы датаға орай ақынның туған жері – Батыс Қазақстан облысында кешенді шаралар басталып та кетті.

Батыс Қазақстан облысын­дағы Ақ­жайық ауданы аумағына кіре бе­рісте «Жұбан елі» деген жа­зу көзге бір­ден түседі. Иә, ақ­жайықтықтар өз­дерін «Жұбан еліненбіз» деп атап, мақ­таныш етеді. Оның себебі – ақын сан жырлаған, жыл сайы­н келіп ара­лайтын туған жері – Жы­ланды, Сай­құдық, Тайпақ өңірі дәл осы аудан аумағында жатыр.

Жұбан ақын көзі тірісінде туған жеріне жиі ке­ліп, шаруа­шы­лықтарды аралап, халықпен кездесіп жүретін. 1980 жылы сай­­құдықтықтар асарлатып кітап­хана салған кезде Жұбан Мол­дағалиев өз қаржысына 500 кітап сыйға тартқан екен. Қазақ КСР Жоғарғы Советінің депутаты ретінде туған жерінің – Тай­пақ өңірінің талай түйіткілді мәсе­лелерін депутаттық сауал са­лып жүріп шешкенін аға буын әлі ұмыт­пайды.

Жұбанды жерлестері де ерекше сүйеді. 1990 жылы, ақын­ның 70 жылдығы тұсында ауыл­дас­та­ры қаражат жинап, округ орталығы Қурайлысай ауылында еңселі ескерткіш орнатты. «Жұбанға ескерткіш орнатамыз де­генде бүкіл ауыл қолдады. Қария­лар зейнетақыларын бер­ді. Сөйтіп мүсінге қажетті 40 мың кеңес сомы (рубль) тез жи­нал­ды», дейді сол кездегі аға шопан, мақтаулы малшы бол­ған Нау­рызбай Әбілқайыров ақса­қал. Нау­рызбай аға сол жолы бас­та­ма­ға бір өзі 1 мың сом қосқан екен.

Туған жерден ТҮРКСОЙ-ға дейін

Міне, содан бері ақынның 5-10 жыл сайын келетін мерейтойлары оның туған жерінде жүйелі өтіп келеді. Әдеттегідей биылғы той да ерекше басталды.

Алдымен Жұбан Молда­ға­­­лиев атындағы Батыс Қа­­зақ­стан облыстық ғы­лыми-әм­бе­­­бап кітапханасы, Ал­маты қала­сындағы Ұлттық кі­тапхана, Ғабдол Сланов атын­дағы Атырау облыстық кі­­тапханасы және Ақ­жайық аудан­дық кітапханасы арасында онлайн видеоконфе­ренция ұйым­дастырылды. Бей­не­жиынға Ал­маты қаласынан қо­сылған Мыңбай Рәш, Ақұштап Бақ­тыгереева, Исраил Сапарбай, Темірхан Медетбек, Нұрдәулет Ақыш сынды қаламгерлер Жұбан ақын жайлы естеліктерін ортаға сал­ды. Атырау қаласынан сазгер әрі қаламгер Ілия Жақанов мә­тінін Молдағалиев жазған әйгі­лі «Еділ-Жайық» әнінің шығу та­ри­хын әңгімелеп берді. Ал ақынның жерлестері мәдениет са­ла­сының ардагері Жайсаң Ақ­бай, ақын Айтқали Нәріков Жұ­бан ақынның туған жеріне, Ақжа­йық өңіріне келген ке­зіндегі оқиғаларды ортаға сал­са, ақын, жұбантанушы Үзіл­дік Елеубаева ақынның туған же­рінде биыл атқарылатын мерей­тойлық шаралар туралы айтты.

– Бүгін Ақжайық ауданының орталығынан шыққан бір топ қаламгер, зиялы қауым өкілдері Жұбан Молдағалиевтің кіндік қа­ны тамған жері – Қурайлысай, Сай­құдық ауылдарына аттанды. Осылайша ақын тойына старт берілді. Жыл соңына қа­рай аудан орталығында Жұбан Мол­дағалиев атындағы әдебиет және өнер орталығы ашылмақ, ол жерде ақын мұражайы, кітапхана жә­не көпшілік шаралар өткізетін арнайы зал болмақ, – дейді Үзілдік Елеубайқызы.

«Жұбан ақынның жүз­жыл­дық мерейтойы аталып өтетін жылдың басында ұйым­дас­ты­рылған онлайн конфе­рен­ция­ға Қазақстанның әр айма­ғын­дағы кітапханалардың қа­ты­суы – қаламгер тойының жал­пы­халықтық сипатын көрсетеді», дейді ақынның көзін көрген әріп­тестері.

Айта кететін жайт, Жұбан тойына халықаралық ТҮРКСОЙ ұйымы да атсалысатыны белгілі болды.

«Республикалық деңгейде тойлануы жоспарланған ме­рей­тойдың ақынның туған өңірі Ақжайық ауданынан бастау алуы да заңды әрі абыройлы іс деп білемін. Ақтаңгер ақын, әрі та­маша аудармашы Жұ­бан Молдағалиевтің мерейто­йы ха­қындағы ақпараттар Ха­лық­аралық ТҮРКСОЙ ұйы­мының 2020 жылғы «Түркі мәдениетінің күнтізбесіне» енгізіліп, ұйымға мүше мемлекеттердің мәдениет саласы министрліктеріне таратылды. Жұбан ақынның мерейтойын түрік елінде де лайықты деңгейде атап өту туралы ше­шім қабылданып, ТҮРКСОЙ іс-ша­ралар жоспарына алынды. Сондай-ақ республикалық және облыстық деңгейдегі ақын мерейтойына қатысты іс-ша­раларға да өз үлесімізді қосуға жә­не бұл бағыттағы кез келген ұсы­нысты қабылдауға дайын екенімізді білдіремін», делінген ТҮРКСОЙ бас хатшысы Дүйсен Қасейіновтің Ақжайық ауданы әкімі Қалияр Айтмұхамбетовке жолдаған жеделхатында.

Жұбан тойының ғибраты

Ақынның тойы төменнен бастау, жоғарыдан қолдау болмаса, өз дәрежесінде өтпес те еді. Бұл ретте Батыс Қазақстан облысының әкімі Ғали Есқалиевті ерекше бөліп айтуға болады. Өңір басшысы ретінде алғашқы іссапарын дәл осы Ақжайық ауданынан бастаған Ғали Нәжімеденұлы сол күннен бастап Жұбанның жүзжылдық тойын ғибраты мол, елге пайдалы етіп өткізуге тапсырма берген.

БҚО әкімі Ғали Есқалиев Жұбан Молдағалиевтің ғасырлық тойының ғибраты қандай деген тақырыпта бізбен де ой бөліскен еді:

- Ақын Жұбан Молдағалиев жалпы қазаққа ортақ болғанымен, әрине, ақын аруағының алдында біздің, жерлестерінің иығындағы парыз да, қарыз да көбірек. Өз заманының заңғар тұлғасын жақынырақ түсіну үшін, жанын тереңірек ұғу үшін мен оның сөйлеген сөздерін қайталап оқып, санамнан тағы бір өткіздім. Әсіресе ақынның 1986 жылғы 31 желтоқсанда Жазушылар Одағына Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы Г.Колбин келгенде айтқан әйгілі сөзін қайта-қайта оқып шықтым. Сонда түсінгенім – ақын сол бір жүрекжарды сөзін Колбинге немесе сол залда отырған әріптестеріне ғана емес, болашақ ұрпаққа бағыштап айтқандай екен. Мұны біз арада 33 жылдан артық уақыт өткенде анық байқағандаймыз.

Ақынды толғандырған не еді?! Жұбан аға сол мінберде тұрып не айтқысы келді? Арада 33 жыл өткенде не өзгерді? Ақынның ескертулерінің қайсысы орындалды? Қайсысы әлі де өзекті? Міне, ақын тойын атап өткелі отырған осы кезеңде біз ең алдымен ақын аманатын сараптап, қаламгерді толғандырған мәселелерді екшеп алғанымыз дұрыс екен.

Жұбан ағамыз сол сөзінде қазақ халқының алдындағы бірнеше мәселені төтесінен қояды: олардың ең бастысы – әлеуметтік әділетсіздік, тың игерудің ұранымен Қазақстанға неше түрлі адамдардың, соның ішінде «қылмыскерлер ме алаяқтардың» келгені, олардың «байырғы халықтың ұлттық намысына тиетін әрекеттер жасағаны», «көп жерде қазақ мектебінің саны күрт кеміп кетуін», «ал балалар бақшасының мәселесі бұдан да өткір» екендігін, кейбір облыс басшылары «қазақтар бәрібір атажұртынан ешқайда кетпейді, сондықтан ең алдымен жағдайды келімсектерге жасау керек» деген ұстанымда болғанын алғаш рет билік алдында ашық айтты. «Республиканың жоғары оқу орындарында қазақ жастары орыс студенттерінен көп екен деген» кінәлауға: «Олар Қазақстанда көп болмағанда, қайда болмақ?!» деген риторикалық сұрақпен жауап берген. Міне, арада өткен отыз үш жылдың биігінен қарасақ, ақын жанын мазалаған көп мәселеге қол жеткенін көреміз.

Бұл әрине, Тәуелсіздіктің арқасы! Қазір Қазақстанда демографиялық ахуал мүлдем өзгерді. Қай саланы алсақ та байырғы ұлт санының басымдығы айқын. Мемлекет тарапынан соңғы кездері қолға алынған бастамалар, көп балалы отбасыларын қолдау бағдарламалары бұл ахуалды одан әрі бекіте түсері анық. Алысқа бармай-ақ Орал қаласындағы жағдайды алсақ: Кеңес өкіметі жылдарында облыс орталығында қазақ тілінде сабақ беретін екі-ақ мектеп болатын. Онда негізінен шалғай ауылдардан келген малшы-шопан балалары оқитын. Ал бүгінде Орал қаласында жалпы саны 50 мыңға жуық оқушы оқитын 51 мектеп жұмыс істейді. Олардың 24-і – толықтай мемлекеттік тілде білім беретін, ал 13-і – аралас мектеп.

«Жоғары оқу орындарында қазақтар көбейіп кетті» деген айыптаудың барып тұрған абсурд екенін бүгінгі күн тұрғысынан анық көреміз. Қазір Қазақстан жастарына білім алуда еш кедергі жоқ. Елбасының бастамасымен қолға алынған мемлекеттік «Болашақ» бағдарламасының арқасында әлемнің кез келген жеріндегі элиталық университеттерінде білім алып жүрген қазақ жастары мыңдап саналады.

Жұбан ағамыз өз сөзінде Қазақстанда тұратын түрлі ұлт өкілдерінің өз тілі мен мәдениетін сақтау мәселесін көтерген еді. Тәуелсіз Қазақстанда Тұңғыш Президентіміз, Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың бастамасымен Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылып, бұл мәселе де шешімін тапты. Қазір кез келген аз ұлт өкілі ҚХА жанынан өзінің орталығын құрып, мәдениеті мен тілін үйретіп, насихаттай алады.

Жұбан Молдағалиевтің әр сөзінен салмақты тұжырым, сөз бен істің бірлігін байқауға болады. «Әңгіме риясыз, мейілінше ашық, жүрекжарды болуы керек. Адам бірнәрседен қателесіп кетем, біреуге жақпай қалам деп қорықпауы тиіс. Алайда бізде көбінесе үндемей қалған немесе көлгірсіген, ыққа жығылғыш, істен гөрі ұрандағыш адамдар алға шығып кетіп жатады» дегені бүгінгі күннің де сипатын дәл беретіндей. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мерейтойларды атап өту той тойлау үшін емес, ой-өрісімізді кеңейтіп, рухани тұрғыдан дамуымыз үшін өткізілетінін ескертіп, даңғаза ұрандарды, тиімсіз шараларды азайтып, нақты іспен айналысу қажеттігін тапсырған болатын, дейді өңір басшысы.

Елдің ерге құрметі

Ақын Қайрат Жұмағалиев Жұбан Молдағалиевтің өз өмі­рінде кемінде үш мәрте ерлік жа­са­ғанын айтатын. Мұның бірін­шісі – 1941-1945 жылғы қанды қырғында қарумен де, қаламмен де соғысып, аман келуі болса, екінші ерлігі 1964 жылы кеңестік идеология күшіне мініп, «түрі ұлттық, мазмұны социалистік» жаңа кеңес халқын қалыптастыру саясаты дәурендеп тұрған кезінде ұлттық идентификацияны оятып, «Мен – қазақпын» деп саңқ ете қалған поэмасы. Ал үшінші ерлігі – 1986 жылғы Желтоқсан оқи­ғасынан кейін Колбинге қас­қайып тұрып өз халқының намысын қорғап айтқан сөзі еді. Ақын­ның көзін көрген, әріптес болған бір топ ақсақалдың Жұ­бан Молдағалиевке «Халық қаһар­маны» атағын беру туралы ұсы­нысы да осыдан шықса керек.

Жоғарыда айттық, «Елім» деген Ерге елдің де құрметі ерекше. Биыл жүзжылдық мерейтой аясын­да Батыс Қазақстан облысында жыл соңына дейін ірілі-ұсақты 817 шара өткізу жоспар­ланған екен.

– Күзге таман аудан ор­та­­лығында Жұбан орта­лы­ғы­ның ашылуы болады. Бұл ор­талықтың іргетасын құю рәсіміне ақын Ақұштап Бақтыгереева апа­мыз қатысып, батасын беріп кеткен еді. Мұнда ақынға ар­налған музей, ақынның кітап­ханасы орналасады. Және аудан орталығындағы барлық мәдени-рухани шара өтетін арнайы залы болмақ, – дейді Ақжайық ауда­нының әкімі Қалияр Айтмұ­хамбетов.

Мерейтойға байланысты ша­ра­лардың бір парасын Ж.Мол­дағалиев атын­да­ғы облыстық ғылыми әмбе­бап кітапхана қол­ға алған. Мұнда ақынның өмі­рі мен шығармашылығын на­сихаттауға арналған әдіс­те­мелік-библиографиялық құ­рал жасақталса, AQJAYIQ те­ле­арнасы «Мен қазақпын!» ат­ты тележобаның тұсауын ке­сіп, ақынның өмірі мен шы­ғармашылығына арналған бейнефильм даярламақ. Одан бөлек кіріспесі үш тілде дайындалатын «Жұбан энциклопедиясы» жарық көреді. Ақын тойында есте қалатын шаралардың бірі – Орал қаласында қаламгердің кеудемүсіні тұрған жерге енді ақынның тұтас бейнесі сомдалған үлкен ескерткіш орнатылады.

– Орал қаласында Жұбанның есі­мімен байланысты ғимарат­тарға ескерткіш тақта ілеміз. Жұ­­бан ақынның жазған өлең­деріне жазылған патриоттық ән­дер байқауы, жазба ақындар мүшәйрасы, ақындар айтысы жоспарланған. Бұл шаралар «Жұбанның жыры – ғасырлар үні» атты республикалық ғы­лыми-тәжірибелік конференциямен қорытындыланатын болады, – дейді Батыс Қазақстан облыстық мәдениет басқармасы басшысының міндетін атқарушы Сайран Дүйсентегі.

«Мен – қазақпын. Өз хал­қым­ды мақтан етемін. Маған оның көп қатпарлы тарихы қым­бат, ал оның бүгінгі күні одан да қымбат» деп өткен Жұбан Молдағалиевтің ға­сырлық тойы басталды. Енді оның елге, әсіресе жас ұрпаққа берер ғибраты молынан болғай.

Қазыбек Құттымұратұлы,

"Егемен Қазақстан" газеті