Бүгін Президент Конституцияға сай Қазақстан халқына өз Жолдауын жариялады. Көптен күтілген құжатта мемлекетіміздің дамуына, келешегіне қатысты ең маңызды мәселелер түгелімен дерлік қамтылды. Бұл пікірді Мемлекет басшысының баспасөз хатшысы Руслан Желдібай әлеуметтік желідегі парақшасына жазды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
"Бұған дейін хабарлағанымдай, Жолдауда әлеуметтік-экономикалық салаға ерекше назар аударылды. Ең алдымен, әлеуметтік салада азаматтардың жан-жақты қорғалуы үшін бірнеше бастама көтерілді. Соңғы кезде әйелдердің зейнет жасын өзгерту мәселесі қоғамда жиі көтерілгені жасырын емес. Енді Президент шешімімен әйелдердің зейнет жасы 2028 жылға дейін 61 жас деңгейінде қалады.
Сондай-ақ Жолдауда ана мен бала мәселесіне баса назар аударылды. Нақты айтсақ, бала күтімі үшін төлемақы сәби 1,5 жасқа толғанға дейін төленеді. Яғни, бала күтіп отырған үйдегі ананы қолдау маңызды.
Ал «Ұлттық қор – балаларға» бағдарласы бойынша Ұлттық қордың жыл сайынғы инвестициялық табысының 50 пайызы балалар кәмелет жасқа толғанға дейін олардың арнайы шотына түсіп тұрады. Қаражат шетелдік валютада сақталып, инфляциядан қорғалады. Басқаша айтса, барлығымызға ортақ Ұлттық қор капиталы халық мүддесі үшін, жаңа ұрпақты қаржылай қолдау үшін жұмсалады.
Келесі маңызды бастама - «Самұрық-Қазына» қоры таза пайдасының кемінде 7 пайызын «Қазақстан халқына» қоғамдық қорына аударатын болды. Аталған қор қоғамдағы әлеуметтік әлсіз жандарға қолдау көрсетіп жатқаны белгілі. Енді ұлттық әл-ауқат қорының қаражаты сонда жұмсалып, оның игілігін қатардағы азаматтар да көреді" - дейді Желдібай.
Оның жазуынша, бұл да - әлеуметтік әділдік пен теңдікті орнатудың бір құралы.
"Президент сондай-ақ Үкіметке жастарға арналған жаңа 100 мың жұмыс орнын ашуды, оларға кәсібін ашу үшін 2,5 пайыздық жеңілдетілген несие беруді тапсырды. Яғни, жас өрендер маман, кәсіпкер ретінде қалыптасып, қоғамның толыққанды мүшесіне айналуы тиіс. Бұл - жастарға балық емес, қармақ берудің бір тәсілі.
Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Жолдауда Әділетті Қазақстанның іс жүзінде орнауын басшылыққа алды десем, артық емес. Мысалы, әлі де игерілмей бос жатқан немесе заңсыз берілген жер көлемі 10 миллион гектарға жуықтайды. Оның кемі 5 миллион гектарын биыл мемлекет меншігіне қайтарып, халық игілігіне беру жоспарланып отыр. Себебі референдумда азаматтар «жер иесі - халық» деген бапқа дауыс берді.
Әлеуметтік әділдікті орнату үшін енді жемқорлардың заңсыз тапқан ақшасы мектеп құрылысына жұмсалады.
Қоғамда әділетті орнататын – сот. Міне, сол соттың тәуелсіздігі аса маңызды міндет. Судьялардың тәуелсіздігін қамтамасыз ету үшін Президент Сот төрағасы және Сот алқасының төрағасын сайлауды ұсынды. Тағайындалған судья мен сайланған судьяның айырмашылығы мол екенін шетелдік тәжірибе дәлелдеп келеді" - дейді Президент баспасөз хатшысы.
Оның сөзінше, биыл экономикамыз күрделі кезеңдерді өткерді. Сондықтан Жолдауда экономикалық блок та басты назарда болды.
"Келесі жылы жаңа Салық кодексі әзірленеді. Талай кәсіпкердің ісін дөңгелетуге ықпалын тигізіп отырған мемлекеттік сатып алу саласын одан әрі ашық ету үшін жаңа заң қабылданады. Экономикамызға жаңа инвесторлар тарту үшін 300 мың доллардан көбірек инвестиция құйған шетел азаматтарына 10 жылға виза рәсімделеді. Монополист операторлардың қызметі бақылауға алынады. Яғни, шектен тыс монополиямен күрес жалғаса береді.
Өздеріңіз көріп отырғандай, Президент өзі сайланған мерзімнен бері басшлыққа алған әділеттілік, әлеуметтік теңдік, ашықтық сынды құндылықтарды жүйелі түрде нақты шешімдерге, заңдарға айналдыруды жалғастырып келеді.
Бұл - Әділетті Қазақстанды орнатудың бірден бір алғышарты. Бүгінгі Жолдау соның нақты дәлелі" - деп түйіндеді ол өз жазбасын.