Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрайымы Дариға Назарбаеваның жетекшілігімен Ш.Уәлиханов атындағы кадет корпусында Қазақстандағы әскери-патриоттық қозғалыс мәселелері бойынша қоғамдық тыңдау болып өтті. Аталған шара бір жұмаға созылған республикалық әскери-патриоттық «Жігер» лагерінің тәжірибелік талдамаларын қорытындылауды мақсат етеді. Дін істері және азаматтық қоғам министрі Нұрлан Ермекбаев модераторы болған қоғамдық тыңдауға Парламент депутаттары, Қазақстан халқы Ассамблеясының, Қорғаныс министрлігінің өкілдері, педагогтар, жастар ұйымдарының белсенділері, кадеттер мен журналистер қатысты.
Дариға Назарбаева өз сөзінде еліміздің 25 жылдық кезеңдегі бейбітшілік саясатына кеңінен тоқтала келіп, бүгінгі әлемдегі күрделі әскери-саяси жағдайға, жетекші мемлекеттер арасындағы қарым-қатынастарға, қарулану үдерістеріне, терроризм мен діни экстремизмге қатысты толғақты пікірлерін ортаға салды. Елбасының халықаралық беделі, бейбітшіл сыртқы саясатымыз осы жылдар аралығында қауіп-қатерлерге тосқауыл қоя білді. Бірақ, қазіргі әлем дамуына нақты баға беру қиын. Сақтық пен қырағылық талап етілетін уақыт үстемдігіндеміз. Сондықтан әскери саладағы реформаны жалғастырумен қатар, біздің балаларымыз бен немерелерімізді әскери-патриоттық рухта тәрбиелеуге барынша назар аударуымыз керек. Қазақстандық патриотизмсіз реформалар мен оқулар, қаржыландыруды арттыру мүмкін емес. Отанның қадір-қасиетін бойына сіңіріп өскен ұрпақ әрдайым жеңімпаз болатынын әскери тарих барынша дәлелдеген. Өйткені, шынайы рух қуатын жеңу мүмкін емес, деді комитет төрайымы.
– Елбасы, Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің Бас қолбасшысы Н.Ә.Назарбаев айтқандай, қазақстандық патриотизмді қалыптастыруда әскери-патриоттық тәрбие мемлекеттік саясаттың басым бағыты болып қала береді, – деді министр Н.Ермекбаев.
– Бүгінгі күні барлық өңірдегі білім беру ұйымдарында 2200-ден астам клубтар, үйірмелер және секциялар жұмыс істейді. Мұндай құрылымдар Ресейде 5,5 мың, ал Америкадағы скауттық қозғалыстар 4,1 миллион ұл мен 2,6 миллион қызды қамтиды. Мұның барлығы өз Отанын келеңсіз жағдайлардан қорғауға дайын болуды мақсат етеді. Біздің еліміз де сергектікке селкеу түсірмейтіні анық.
Қазақстан Қарулы Күштері Бас штабы бастығының орынбасары, генерал-майор Мұхамеджан Таласов Мемлекет Басшысының қатысуымен 2015 жылғы 1 желтоқсанда ашылған Астанадағы Ұлттық әске-
ри-патриоттық орталық қызметінің, жыл сайын өткізілетін жастардың республикалық «Айбын» әскери-патриоттық жиыны, «Жас ұлан» әскери әндер фестивалі мен «Ерлік сабақтарының» тәрбиелік маңызын атап көрсетті. Білім берудің аймақтық ұйымдары мен жергілікті әкімдіктер қолдауымен әскери-патриоттық акциялар, конкурстар, викториналар, әскери-дала ойындары, спорттық шаралар ұйымдастырылуда. Әйткенмен, мемлекеттік органдар бұл орайдағы тұрақты қаржыландыру, тиісті құқықтық және материалдық базаның жоқтығынан қиындықтарға тап болып жатады. Бастапқы әскери дайындық жүйесін қуаттандыруда да өзекті мәселелер бар, дей келе генерал бірқатар ұсыныстар, соның ішінде ДОСААФ ұйымдарын жаңғырту қажеттігін ортаға салды. Тиімділігі көрініп тұрған пікірлер сенатор, Халық ҚаҺарманы, армия генералы Мұхтар Алтынбаев пен Мәжіліс депутаты, республикалық әскери-патриоттық клубтар федерациясының төрағасы Бақытбек Смағұл тарапынан қолдау тапты.
Қоғамдық тыңдаудың еркін микрофоны үнемі жұмыс істеп тұрды. Көкшетау педагогикалық колледжінің студенті Ермек Мұқатаев, кадет Виктор Шадецкий, Жамбыл облысындағы әскери-патриоттық клубтың жетекшісі Ольга Сағындықова, Қазақстан жастары конгресінің атқарушы директоры Айтын Сәбитов және басқалар бүгінгі шараның маңыздылығын атап өтті.
– Мұндай шараның ауқымы кеңіп, жылына екі рет өткізіліп тұруы қажет,– деді қорытынды сөзінде Парламент Сенаты комитетінің төрайымы Дариға Назарбаева.
– Және оны еліміздің әртүрлі аймақтарында ұйымдастырған тиімді. Жастарға тәжірибе алмасып, пікірлер жинақтауына, белсенді жұмыс атқаруына мүмкіндік жасауымыз керек.
Бақберген АМАЛБЕК,
«Егемен Қазақстан»
Ақмола облысы