21 мам, 2021 сағат 17:01

Мемлекеттік хатшы Олжас Сүлейменовтің 85 жылдық мерейтойына қатысты


Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Қырымбек Көшербаев Қазақстанның Еңбек Ері, халық жазушысы Олжас Сүлейменовтің 85 жылдық мерейтойына орай өткен салтанатты құттықтау рәсіміне қатысты.

Мемлекеттік хатшы мерейтой иесіне ҚР Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың және Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтау хаттарын табыстады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Ақорданың ресми сайтына сілтеме жасап. 

Мемлекеттік хатшы салтанатты жиынның ашылуында Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығы аясында атақты жазушының мерейтойы ерекше мәнге ие болғандығын жеткізді, Олжас Сүлейменовтің әдебиетші, парламентарий, дипломат және қоғам қайраткері ретінде еліміздің өркендеуіне қосқан зор үлесі мен халықаралық абырой-беделін атап өтті.

Қырымбек Көшербаев атап өткендей, Олжас Сүлейменов – мәдениеттің асыл жауһарларын сақтап қалып, заманауи жаһандану сын-қатерлеріне төтеп бере алатын, сондай-ақ адамзаттың өркендеуіне мүмкіндік беретін ғаламшарлық сананың ақыны. Бұл, әсіресе, қазіргі уақытта рухани жаңару мен халық санасын жаңғырту жолындағы біздің халқымыз үшін аса өзекті.

Салтанатты жиында Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова, Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев, ТҮРКСОЙ-дың бас директоры Дүйсен Қасейінов, Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы Ұлықбек Есдәулет сөз сөйледі.

Сонымен қатар Қазақстанның Еңбек Ері, халық әртісі Асанәлі Әшімов, академик Төрегелді Шарманов, Халықаралық Түркі академиясының Президенті Дархан Қыдырәлі өздерінің жылы лебіздері мен тілектерін білдірді.

Мемлекеттік хатшы бірқатар зиялы қауым өкілдерімен және сарапшылармен бірқатар кездесу өткізді.