12 жел, 2019 сағат 15:05

Мемлекеттік хатшы бірқатар азаматқа мемлекеттік наградаларды тапсырды

Бүгін Ақордада ҚР Мемлекеттік хатшысы Қырымбек Көшербаев бірқатар азаматқа мемлекеттік наградаларды тапсырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Отанымыздың осынау қасиетті мерекесі қарсаңында жыл сайын Қазақстанның жарқын болашағы жолында қажырлы еңбегімен қалтқысыз еңбек етіп жатқан асыл азаматтарымызды мәртебелі мемлекеттік наградалармен марапаттау игілікті дәстүрге айналды. Әрине, Тәуелсіздіктің мәні де, маңызы мен мағынасы да айрықша. Қазақ деген халықтың сан ғасырға жалғасқан және қазір ғана іске асқан арманы. Дербес мемлекет құру халқымыздың байырқалы бостандыққа, егемен елдікке, азат рухқа деген арпалысының нақты жемісі»,- деді Мемлекеттік хатшы.

Оның атап өтуінше, Тәуеліздікті орнықтыруда Қазақстанның Тұңғыш Президенті - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың орасан зор күш-жігері, терең ақыл-парасаты, сындарлы, салмақты саясаты және барлық қазақстандықтардың бірлігі мен жасампаз еңбегі айрықша рөл атқарған. Мемлекеттік хатшының айтуынша, бүгінгі таңда Тәуелсіздікті нығайтудағы тарихи жолды жалғастырып келе жатқан Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та Қазақстанның таяу жылдардағы қарқынды даму бағыттарын белгілеп, аталған міндеттері шешудің нақты жолдарын көрсетіп берген.

«Біздің мақсат - осы келелі міндеттерді бәріміз жұмылған жұдырықтай бірге жүзеге асырып, Тәуелсіздігіміз жаңа белеске көтеру, Тәуелсіздігімізді баянды ету. Бұл орайда сіздер әр саладағы еңбектеріңізбен мемлекеттіліктің іргесін бекемдеуге, еліміздің әлеуметтік-экономикалық қоғамдық-саяси және мәдени-рухани дамуына, салиқалы ұлт, салауатты ұрпақ қалыптастыру ісіне елеулі үлес қосып жүрсіздер. Сондықтан Мемлекет басшысымен жарлығымен сіздер Тәуелсіз еліміздің жоғары мемлекеттік наградаларымен марапатталдыңыздар», - деді Қырымбек Көшербаев.

Осыдан кейін Мемлекеттік хатшы ақын Марфуға Айтхожаға ІІ дәрежелі «Барыс» орденін, ақын Несіпбек Айтқа ІІІ дәрежелі «Барыс» орденін тапсырды. Сондай-ақ бір төп өнер қайраткері «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» құрметті атағын алды. Бір топ ғалымға Қазақстан Республикасының әл-Фараби атындағы ғылым мен техника саласындағы 2019 жылғы мемлекеттік сыйлығы берілді.