
Мемлекеттік қолдау алған бизнес субъектілеріне мониторинг жүргізудің бірыңғай қағидасы әзірленеді. Бұл туралы Үкімет отырысында ҚР Ұлттық экономика министрі Әсет Ерғалиев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Ұлттық экономика министрлігі Мемлекет басшысының әрбір тапсырмасын іс жүзінде орындау шараларын әзірледі. Осы жылдың мамыр айының соңына дейін салық, бюджет саясатын жетілдіру бойынша ұсыныстар енгізіледі. Ұсыныстарды әзірлеу үшін «Атамекен» ҰКП және салық заңнамасын жетілдіру жөніндегі сарапшылар қауымдастығының қатысуымен жұмыс тобы құрылады. Нәтижесінде шикізаттық емес секторға негізделген экономиканың жаңа құрылымын қалыптастыру үшін салықтық шаралар топтамасы дайындалады. Мемлекеттік қаржының теңгерімділігін қамтамасыз ету, олардың орнықтылығын, сондай-ақ қабылданатын бюджеттік шешімдердің тиімділігін арттыру бойынша шараларды көздейтін 2030 жылға дейінгі жаңа бюджет саясаты тұжырымдамасының жобасы қалыптастырылады», - деді министр.
Сонымен қатар ол шағын және орта бизнесті қолдау жөнінде шараларды әзірлеу үшін де «Атамекен» ҰКП және сарапшылар қауымдастығының қатысуымен жұмыс тобы құрылатындығын айтты.
«Бір ай ішінде әзірленген ұсыныстар экономикалық өсімді қалпына келтіру жөніндегі мемлекеттік комиссияның қарауына енгізіледі. Мемлекеттік қолдаудың тиімділігін арттыру мақсатында мемлекеттік қолдау алған бизнес субъектілерінің әрқайсысы бойынша мониторингтің бірыңғай қағидасы әзірленеді. Сондай-ақ субъектілердің көп өлшемді және серпінді мониторинг жүйесі қалыптастырылады. Бұл мемлекеттік қолдау шараларыныңэкономикалық және әлеуметтік қайтарымын бағалауға мүмкіндік береді», - деді Әсет Ерғалиев.
