09 там, 2023 сағат 12:36

Мемлекетке 1 млрд теңгеден астам сомада зиян келтірген топ сотталды

Фото ашық дереккөзден алынды

ҚМА елордалық департаменті жұмысты, қызмет көрсетуді және жүктерді жөнелтуді нақты орындамай, жалған шот-фактураларды жазып беру фактісі бойынша бір топ тұлғаға қатысты қылмыстық істі тергеуді аяқтады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Қаржылық мониторинг агенттігіне сілтеме жасап.

2021 жылғы қыркүйектен 2022 жылғы наурызға дейін бір топ тұлға мүліктік пайда алу мақсатында нақты қызметтер көрсетпей, жұмыстарды орындамай және тауарларды жөнелтпестен, бақылаудағы жеке кәсіпкерлік субъектілерінің атынан шот-фактуралар беру бойынша іс-әрекеттерді жасауға жәрдемдескен. 

Олар өз әрекеттерімен мемлекетке өтелмеген 1 млрд теңгеден астам салық сомасында аса ірі көлемде зиян келтірген. 

"Сот үкімімен ұйымдасқан қылмыстық топ мүшелері кінәлі деп танылып, 3,5 жылдан 4,5 жылға дейін бас бостандығынан айырылды" - делінген агенттік хабарламасында.