29 қар, 2017 сағат 19:11

Қазақстан мен Беларусь президенттері кеңейтілген құрамда келіссөздер өткізді

Мемлекет басшысының Беларусь Республикасына ресми сапары аясында кеңейтілген құрамдағы келіссөздер өтті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Ақордаға сілтеме жасап.

Келіссөз барысында сауда, өзара инвестиция, қаржы құралдары, білім және ақпараттық технологиялар, тұрғын үй және жол құрылысы салаларындағы өзара стратегиялық ынтымақтастық мәселелері қарастырылды. Сондай-ақ, Еуразиялық экономикалық одақ аясында трансұлттық корпорациялар құру мәселелері талқыланды.

Одан бөлек, Елбасы беларусь әріптесіне шақыруы үшін ризашылығын білдірді және бұл сапардың екі елдің арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастың орнауының 25 жылдығымен тұспа-тұс келіп отырғандығын баса айтты.

«Осы жылдардың ішінде біз  сізбен бірге достық пен ықтымақтастықтың қуатты экономикалық, саяси базасын қалыптастырдық. Қиын жағдайда сіз, Александр Григорьевич еліңіз үшін көп іс тыңдырдыңыз. Беларусь дамыған нағыз еуропалық елге айналды», - деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Нұрсұлтан Назарбаев Сауда-экономикалық ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық комиссия жұмысы аясындағы екіжақты уағдаластықтардың маңызы зор екенін де атап өтті.

– Біз Үкіметаралық комиссияның тең төрағаларына нақты тапсырмалар бердік. Сонымен қатар күн тәртібіндегі өзекті халықаралық және өңірлік тақырыптар бойынша пікір алмастық, – деді Қазақстан Президенті.

Бұдан бөлек, Мемлекет басшысы екі ел арасындағы көлік-транзиттік ынтымақтастықтың өзекті екенін айтып, Қазақстан мен Беларусь арқылы тасымалданатын жүктер көлемінің артып келе жатқанына назар аударды.

Нұрсұлтан Назарбаев Беларусьтің ақпараттық технологиялар саласындағы жетістіктерін жоғары бағалап, осы саладағы өзара іс-қимылдың перспективаларын айқындады.

– Елдеріміз ақпараттық технологияларды дамытуға зор мән беріп отыр. Бізде «Алатау» ақпараттық технологиялар паркі бар, Назарбаев Университетінде зерттеулер жүргізілуде, «ЭКСПО-2017» базасында ІТ-стартаптар халықаралық технопаркі құрылуда, – деді Қазақстан Президенті.

Беларусь Республикасының Президенті Қазақстан-Беларусь арасындағы экономикалық қарым-қатынаста өсімнің төмендеуі еңсеріле бастағанын айтты.

– Сіздің бүгінгі сапарыңыз екі елдің тауар айналымын арттыруға мүмкіндік береді. Бұл ретте, Үкіметтеріміз мүшелері мен сарапшылар түрлі нұсқа мен өзекті шешімдер ұсынады, – деді Александр Лукашенко.

Тараптар келіссөз барысында талқыланған ауқымды мәселелер жөнінде ұтымды тәсілдер мен шешімдер әзірлеу үшін Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің диалогын жандандыру қажеттігін атап өтті.

Ресми сапар аясында бірқатар екіжақты құжаттарға қол қойылу жоспарлануда.